Accessibility links

Таулы Қарабақ турасында Армения мен Әзірбайжан теке-тіресі ұлғайып барады


Осы жылдың бас кезінде Армения мен Әзірбайжан президенттері Франция астанасы Париждің маңайында кездескен кезде олар даулы Қарабақ төңірегіндегі айтыс-тартыс бойынша бір мәмілеге келеді ғой деген үміт жоғары болған еді. Дегенмен де халықаралық арағайындар келіссөздер барысында ешқандай маңызды ұйғарымға қол жеткізілген жоқ деп айтқаннан кейін мұндай оптимизмге негіз қалмаған да болатын. Ал осы кейінгі күндерде бейбіт келіссөздер турасындағы үміт-сенімнің орнына, Армения мен Әзірбайжан арасында соғысқа қатысты сөздер жиі айтыла бастады.

Бейсенбі, наурыздың 2-і күнгі теледидардағы сұхбатында Армения президенті Роберт Кочарян өзінің даулы Таулы Қарабақ республикасын мойындауға әзір екендігін аңғартқандай болды. Бірақ ол егер Әзірбайжан алдағы келіссөздерден бас тартса немесе жаңадан әскери бір қимылдарға баратын болса, осындай жайт орын алады деп атап көрсетті.

- Егер Әзірбайжан шындығында, олар айтқандай, болашақта Қарабақ мәселесін әскери күш қолдану арқылы шешетіндей сәт келе қалса, одан кейінгі біздің қадамымыз да заңды түрде болады, біріншіден, Таулы Қарабақты Арменияның республикасы ретінде мойындайтын боламыз, - деген Р.Кочерян.

Осы сұхбатында президент Кочарян алдағы қимылдар Қарабақтың айналасындағы әскери аймақты күшейту және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты тереңдете түсуге бағытталады дегенді қосып айтты. Армения басшылары Қарабақты мойындаудан дәстүрлі түрде бас тартып, мұндай әрекетке Ераван бірінші болып бармайды деп айтып келген болатын.

- Біз Таулы Қарабақты неғұрлым көбірек келіссөздер процесіне араластыруға тырысып келеміз. Әрине, ең жақсы деген таңдау, егер Әзірбайжан президенті, Таулы Қарабақ президенті және Армения президенттері келіссөздер үстеліне отырса және оған Таулы Қарабақ заңды билік тарабы ретінде қатысатын болса ғана жүзеге асады, - деді ол.

Қарабақ басшылығын келіссөздерге қатыстыру ұзақ уақттан бергі айтыс-тартыстың басты көзі болып келеді. Әзірбайжан президенті Илхам Әлиев наурыздың бірі күні Таулы Қарабақтың Әзірбайжан тарабы бақылайтын Банофшала қаласында болғанында, Армениямен Таулы-Қарабаққа байланысты келіссөздер өзінің аяғына жетті дей келе, Таулы Қарабақ Әзірбайжанның жері деп атап көрсеткен болатын. Роберт Кочарян жоғарыдағы сөздерді міне әзірбайжандық әріптесінің осы мәлімдеулерінен кейін айтты.

Кавказ бойынша сарапшы Лиз Фуллер президент Илхам Әлиев пен қорғаныс министрі Сафар Әбдиев екеуі де Әзірбайжан Қарабақты қайтадан өзінің бақылауына алу үшін соғыс қадамдарына баруы мүмкін дегенді айтып келген еді дейді.

Ақпанның 18-де «Азаттық» радиосының Армения редакциясына берген сұхбатында мойындалмаған Таулы-Қарабақ республикасының президенті Аркадий Гукасиян егер келіссөздер барысында ешқандай табысқа қол жетпесе, Қарабақ жетекшілігі Арменияның республиканы тәуелсіз мемлекет ретінде тануын баса талап ететін болады деген.

Армения күштері Қарабақтың көп бөлігін және оның айналасын өз бақылауында ұстап тұр. Үш тарап, демек Армения, Әзірбайжан және мойындалмаған Таулы-Қарабақ республикасы Ресейдің арағайындығымен 1994 жылы үш жылға созылған қақтығысты тоқтатып, бітімгершілікке қол қойғаннан бері анклавтың мәртебесі айқындалмай қойды. Үш жылдық күрес кезінде 600 мыңдай әзербайжан мекендерінен ажырап, 25 мыңдай адам қаза тапқан еді. Түрмеге қамалғандары да аз емес.

Париждің маңайындағы Рамбоулледе ақпанның 10-11-інде Кочарян мен Әлиев бетпе-бет кездескен кезде дипломаттар келіссөздерде бірқатар келісімге қол жетеді ғой деп үміттенген еді. Алайда ол талқылаулар күткендегідей нәтиже бермеді. Саммит соңында жарияланған мәлімдемеде талқылаулар интенсивті жағдайда өткенімен де, онда аса зор табысқа қол жеткізілмегені атап көрсетілген. Бұл жөнінде саммит аяқталғаннан кейін осы келіссөздерге төрағалық етушілердің бірі, американдық елші Стив Манн былай деген еді:

- Көптеген мәселе талқыланды. Менің ойымша мұнда екі президент арасында жақсы атмосфера қалыптасты, алайда талқылауларда нәтиже болған жоқ.

Бақылаушылардың бірқатары екі елдің де әскери күштерін шоғырландыра бастағанына - бұл бейбіт процеске өзіндік әсерін тигізуі мүмкін деп қауіппен қарайды. Екі жағы да 2006 жылы әскери салаға жұмсалатын қаржыны молайтты. Ресейдің Минск тобы, Франция және АҚШ-тың арағайындары наурыз айының ішінде Вашингтонда кездесіп, алдағы келіссөздер жобасын талқылайтын болады.
XS
SM
MD
LG