Accessibility links

Францияда жұмыс барысында қаза тапқан журналистерге ескерткіш ашылды


Кеше Францияның Бэйоу қаласында кәсіби қызметін - журналистік міндетін орындау барысында қаза тапқан журналистерді еске түсіру салтанаты болып өтті. «Шекарасыз репортерлер» ұйымы мен осы қала басшылығы ұйымдастырған бұл шараның мақсаты - 1944 жылдан бері әлемнің әр түкпірінде жұмыс барысында қазаға ұшыраған журналистер есімін мәңгі есте қалдыру болатын.

Қалың бұқараға ақпарат жеткіземін деп жүргенде түрлі жағдайда мерт болған 1800-ден астам журналистің тізімі 23 ақ мәрмар тасқа жазылыпты.

«Азаттық» радиосы Түркмен редакциясының директоры Оғулжамал Иазлиева еске алу салтанатына қатысқан болатын.

- Оғулжамал алдымен кеше Бэйоу қаласында болған бұл еске алу шарасын бізге біршама сипаттап берсеңіз?

- Парижге жақын маңайда жатқан Бэйоу қаласында орын алған бұл еске алу шарасы 2006 жылы қаза болған журналистердің рухына арналды, оны осы қаланың мэрі мен «Шекарасыз репортерлер» ұйымы ұйымдастырған болатын. Сол түрлі жағдайда мерт болған журналистердің туған-туыстары мен достары, олардың әріптестері осы салтанаттың ашылуына қатысып, олардың бірқатары еске алу сөздерін айтты. Аппақ тақта тасқа 83 журналистің аты-жөні қашап жазылған. Ал жалпы 1944 жылдан бері қарай жер бетінде қызмет жағдайында қаза болған журналистердің саны 1884 болады екен.

- Ол қаза тапқан журналистердің қатарында біздің әріптесіміз, «Азаттық» радиосы Түркмен редакциясының тілшісі Оғулсапар Мұрадова да бар ғой, Түркменстанда түрмеде мерт болған. Ескерткіш тақтада оның да есімі жазылған ба екен?

- Иә, жаңа ашылған бұл ескерткіш тақтада Оғулсапар Мұрадованың есімі де жазылған. Біздің хабарлар тарату бойынша директорымыз Мишель Дубах мұнда арнайы сөз сөйлеп, осы еске алу шарасын ұйымдастырушыларға Түркменстанда журналистке қатысты орын алған бұл жайтты ұмытпағандарына, жалғыз ғана Түркменстан емес, басқа да аймақтардағы сөз еркіндігі мен баспасөз бостандығы тым қатал болып тұрған аймақтарды еске алғандарына алғыс айтты. Ол сондай-ақ өз сөзінде біздің Түркменстандағы басқа да тілшілерімізге қатысты алаңдаушылық білдірді, олардың кейбірі жоғалып кетсе, кейбірі қуғындауға душар болған.

- Оғулсапар Мұрадова сіздің редакцияның тілшісі болғандықтан да және жоғарыда өзіңіз айтып кеткендей, басқа да бірқатар тілшілеріңіз қиындыққа душар болып отырғандықтан бұл Бэйоу қаласындағы еске алу шарасының, әсіресе сіздің редакция үшін маңызы зор болған шығар?

- Әрине, оған сөз жоқ. Бұл салтанаттың мәні мен үшін және біздің редакция үшін өте айрықша, өйткені ескерткіш тақтада түркмен журналисінің есімі бар, оның маңыздылығы ерекше. Бұның өзі бүкіл қоғамның назарын Түркменстанда болып жатқан жайттарға аударады.

- Сіз сөзіңіздің басында айтып кеткендей, еске алу шарасына қатысқандар өз жұмыстарын атқару барысында қаза болған журналистердің туыстары мен достары, әріптестері болса, бұл салтанат үстіндегі көңіл-күй де асқан бір сезімталдық жағдайында ерекшеленген болар?

- Иә, бұл бір көңіл толқытарлықтай сәт болды, қатысушылардың кейбірі қаза болған журналистердің өте жақын туыстары, олар әрине, жылап, көздеріне жас алып, еске алысты. Бұл бір тым толқулы жағдай болды.

- Ендігі бір сұрақ, осы бір еске алу шарасына қатысқан адамдар қандай нәрсеге алаңдап, алдағы күнге нендей үміт білдірді?

- Біріншіден, жұмыс жағдайында қаза тауып жатқан журналистер санының өсіп бара жатқаны. Мысал келтіретін болсақ, егер 2005 жылы әлемде жұмыс бабында мерт болған журналист саны 63 болса, 2006 жылы ол 83-ке жеткен. Егер біз 21 ғасыр басталған алғашқы жылдарға көз жіберетін болсақ, 2001, 2002, 2003 жылдардың әрқайсысында бұл көрсеткіштің өсіп отырғаны байқалады. Міне бұл өте-мөте қиын, журналистерді еске алу салтанатына қатысушылар осыған үлкен мән беріп, журналистерді қорғауға, олардың қорғалуына қатысты шараларды жүзеге асыратын боламыз десті.
XS
SM
MD
LG