Accessibility links

Қазақстан парламенті президент Н.Назарбаевтың билік басында мәңгілік отыруына мүмкіндік беретін заң қабылдады


Жұма күні Парламенттің бірлескен отырысында депутаттар Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі конституциялық заңның жобасын тұтастай екінші оқылымда қабылдады. Конституциялық жоба президентке қол қоюға жіберілді. Конституцияға президент енгізген өзгерістерден басқа депутаттар «Қазақстанның тұңғыш президентіне сайлауға түсу құқығы шектелмейді» деген бап енгізді. Мұны комиссия бір ауыздан қолдаған. Ал жалпы конституциялық заңның жобасына екі-ақ адам қарсы болып, бір адам дауыс бермеді.

Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі конституциялық заң жобасының екінші оқылымы бар болғаны 17 минутқа созылды. Талқылауға саламыз деген бірқатар депутаттардың алдын ораған мәжіліс депутаты Ұзақбай Қараманов «Конституцияға президент енгізіп отырған өзгерістерді жалпы халық қолдап отыр. Сондықтан мен бірден тұтастай мақұлдау туралы ұсыныс білдіремін» деді. Осылайша бір жарым күннің ішінде Қазақстан Конституциясына өзгерістер енгізілді. Депутаттар мұны ұзақ уақыт қол шапалақтап қарсы алды. Конституцияға президенттен басқа бірқатар депутаттар ұсыныстар енгізген болатын. Алайда бірлескен комиссияның төрағасы Ермек Жұмабаевтың айтуынша, олардың ішінен тек мәжіліс депутаттары Ромин Мадинов пен Владимир Нехорошевтың «Қазақстанның тұңғыш президентіне екі сайлау мерзімінен кейін қайта сайлауға түсуге шектеу қойылмайды» деген ұсыныстарын қабыл алған.

Сенатор Ермек Жұмабаев тұңғыш президентке қатысты өзгешелікті халықаралық тәжірибеден алып отырғанын да баян етті. Ол АҚШ президенті Франклин Рузвельт қатарынан төрт рет сайлауға түскенін, сонымен қатар Сингапурдың алғашқы президенті де тәуелсіздікті алған жылдардан бастап елін 30 жылдан артық билегенін айта келіп, Қазақстанның тұңғыш президентіне де қанша отырамын десе де шектеу қойылмау керек, – деген байлам айтты.

«Қазақстанның тұңғыш президентіне өмірінің соңына дейін елді басқару құқығын беру керек» деген бастаманы ең алдымен көтерген Мәжіліс депутаты Ромин Мадинов болатын. Ал Ромин Мадиновқа ондай идея берген өзінің автокөлік жүргізушісі екен. Жүргізушісі депутаттан «2012 жылдан кейін президент Нұрсұлтан Назарбаев тақтан кеткеннен кейін күніміз не болады?!» деп сұраған көрінеді. Президентшіл «НұрОтан» партиясы төрағасының орынбасары Ромин Мадинов тұңғыш президенттің тақта мәңгілік отыруын тек саясаткерлер ғана емес, қарапайым халық та ойлайды, дейді.

Конституциялық заң жобасының қабылдануына қарсы болған екі депутаттың бірі Амалбек Тшан. Ол өзінің қарсы болған себебін «Азаттық» радиосына төмендегідей түсіндіреді:

– Демократиялық құндылықтар болуы қажет, ешбір адам өзге ешкімнен артық емес. Ол бірінші президент болсын, екінші президент болсын. Құптайтын бір-ақ мәселе, ол – Мәжіліс депутаттарының санын көбейткені. Ал басқа өзгерістерде демократиялық ештеңе жоқ. Егер де мұқият қарап көрсеңіз, парламенттің құзыретін емес, он бес бап бойынша президенттің өкілеттігін кеңейтіп отырмыз.

Ал Комиссияның мүшесі болған сенатор Қуаныш Сұлтанов тұңғыш президентке екі мерзімнен артық сайлауға түсе беру құқығы ешқандай шарттарға қайшы емес екендігін айтады:

– Бас июшіліктен емес, не болмаса татынушылықтан емес, бұл кәдімгі мемлекеттік қалпымызды қалыптастыруға байланысты. Бұл тек тұңғыш президентке ғана қатысты. Егер биліктегі адам билікті ұқсатып отырса, реформаны жүргізіп отырса, ондайларды қолдау керек.

Ал заңгер, еуропалық құқық жөніндегі сарапшы-маман Марат Бәшімұлы Конституцияға қабылданған өзгерістер мен толықтырулар адам құқығы туралы халықаралық шартқа қайшы екендігін айтады:

– Бір жарым күннің ішінде Конституцияны өзгертуге келмейді. Егер ертең билікке басқа адам келетін болса, ол да Конституцияны өзгерте салады. Сонымен қатар тұңғыш президентке қатысты норма кіргізіп жібергені - халықаралық шарттарға да, тіпті біздің Конституцияның 14-бабына сәйкес келмейді.

Ал қазіргі қолданыстағы Конституция бойынша, Қазақстан президенті Парламент қабылдаған конституциялық заң жобасын 15 күннің ішінде қарап оны өз Жарлығымен бекітеді немесе оған вето қоя алады.
XS
SM
MD
LG