Accessibility links

Ресей - журналистердің өміріне ең қауіпті елдердің бірі


Мәскеуде осы күндері Халықаралық журналистер Федерациясының құрылтайы өтіп жатыр. Ұйымның Дүниежүзілік Конгресі жиырма алтыншы рет өтіп жатыр, және Мәскеуде тұңғыш рет өтіп жатыр. Халықаралық журналистер Федерациясы – дүниедегі ең үлкен журналистер ұйымы, ұйымға жүзден астам елден 500 мыңдай журналистің өкілдері қатысады. Ұйым 1926 жылы негізін қалаған.

Конгреске мыңға жұық делегаттар, шақырылған адамдар мен бақылаушылар қатысып жатыр. Жиын 28 мамырда басталды, жұма күні аяқталады. Күн тәртібінде негізінен – журналистердің кәсіби жағдайының нашарлап жатқаны, журналистердің әлеуметтік қорғауы жетім болып тұрғаны, журналистердің өмірін қорғау мәселелері. Ресей Журналистер одағының төрағасы Всеволод Богданов "Азаттық" радиосына берген сұхбатында осы мәселелерді алға қойды. Тағы бір үлкен мәселе – журналистерді өлтіру қылмыстарының ашылмай қалуы, қылмыскерлердің жауапқа тартылмауы.

Бұл дүниежүзі бойынша өз алдына үлкен мәселе, журналистерді өлтіргендер көптеген жағдайда табылмай қалады. Мәселен, Ресейде соңғы жылдары өлтірілген Дмитрий Холодов, Валерий Иванов, Алексей Сидоров сияқты журналистердің істері соңына жетпеді. Ресейде 2000 жылдан бері, билік басына президент Владимир Путин келгелі 14 журналист өлтірілді. Бұл істердің барлығы ашылмай отыр. Ең соңғы оқиға – былтыр қазан айында Мәскеуде Анна Политковская өлтірілді, ол президент Владимир Путинның саясатын қатты сынайтын. Кейбір журналистерді өлтірілуі жайында Ресей журналистері мен сарапшылары арнайы қоғамдық комиссия құрмақ.

Конгреске Ресей үкімеметінің бірде-бір ресми өкілі қатыспай отыр. Сөз сөйлеген кейбір адамдар осы жайтты мысалға келтіріп, Ресейде журналистердің қауіпсіздігі жақсара қоймас деді. Халықаралық журналистер Федерациясы Дүниежүзілік құрылтайын үш жылда бір рет өткізеді, Мәскеуде мұндай құрылтай бірінші рет өтіп жатыр. Құрылтай Ресей үкіметі отыратын Ақ үйдің дәл қасында өтіп жатыр, алайда жиынға үкіметтен ешкім келген жоқ. Ресей президенті Владимир Путин бастаған бірқатар жоғары ресми өкіл шақырылған болатын. Құрылтайдың ашылу салтанатына Совет Одағының бұрынғы президенті Михаил Горбачев те келмей қалды. Ашылу салтанатына санаулы минут қалғанда Горбачев телефон шалып, келе алмаймын деген.

Ресей - журналистердің өміріне ең қауіпті елдердің бірі. Бірінші орында соғыс жүріп жатқан Ирақ болса, екінші орында осы Ресей, Қазақстан көршісі Ресей. Ресейде журналистер үлкен-кішісіне қарамай өлтіріледі. Кісі қолынан қаза тапқан ең жас журналист 19 жаста болған. Ол былтыр қыркүйек айында өлтірілді. Ал кісі қолынан қаза тапқан жасы ең үлкен журналист 80 жаста болған, ол осыдан бірнеше жыл бұрын өз үйінде өлтірілді. Халықаралық журналистер Федерациясының сарапшысы Джон Кроуфут Ресейде журналистерге төнген қауіпті 20 көрсеткіш бойынша сараптаймыз, адам өлтіріу көп қауіптің бірі ғана дейді. Бұл сонда қандай қауіп-қатерлер екен? Джон Кроуфут оларды былай тізіп шықты:

- Бұл журналистерге шабуыл жасау, редакция кеңселеріне шабуыл жасау, веб-сайттарға хакер шабуылдарын жасау, түрлі қысымның барлық түрі. Ресейдің көптеген аймағында тіпті мұншама көп зорлыққа бармай ақ қойса болады делінеді, себебі қысымның түр-сипаты жетіп жатыр. Мәселен, газет басу процесін қадағалау сияқты шаруалар жергілікті әкімшіліктердің қолында.
XS
SM
MD
LG