Accessibility links

Венада Еуропадағы Кәдімгі Күштер Келісіміне байланысты төтенше жиналыс басталды


1990 жылы Еуропадағы Кәдімгі Күштер Келісіміне қол қойған елдердің ресми өкілдері бүгін Австрия астанасы Венада кездесуде. Сәуір айында Ресей президенті Владимир Путин Мәскеу аталған келісімге бағынуын тоқтатуы мүмкін деп ескерткен болатын. Путиннің айтуынша, НАТО ол келісімнің бейімделген нұсқасын әлі бекітпеген. Сонымен қатар, АҚШ-тың Орталық Еуропада зымыраннан қорғаныс жүйесін орнату жоспарына орай Мәскеу мен Вашингтон арасында келіспеушіліктер одан әрі жалғасуда.

Сәуір айында президент Владимир Путин Еуропадағы Кәдімгі Күштер Келісіміне Ресейдің қатысуына мораторий жариялаған соң, сол кезде бұл әрекет ең негізгі жаңалықтар тақырыбана айналған тұғын. Бірақ содан бері Ресейдің ұстанымы жұмсарды десе болады.

Дүйсенбі күні Ресей делегациясының басшысы Анатолий Антонов “Рейтерс” ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Ресей мораторий жарияламаған, келісімді уақытша тоқтату жөнінде сөз қозғаған еді деп мәлімдеді.

Антоновтың айтуынша, Ресей бұл мәселе туралы әңгімелескісі келген екен.

Еуропадағы Кәдімгі Күштер Келісіміне тұңғыш рет 1990 жылы қол қойылған болатын. Онда Атлант мұхиты мен Орал тауларының арасында қанша әскери ұшақ пен танкілерді және тағы басқа ядролық-емес ауыр қару-жарақтарды орнатуға болатындығы көрсетілген.

Кейінірек Орталық және Шығыс Еуропадағы елдер НАТО одағына кірген соң 1999 жылы аталған келісімге толықтырулар енгізілген тұғын. Бірақ АҚШ пен тағы басқа НАТО мүшелері өзгертілген келісімді бекітуден бас тартып, Ресей алдымен Молдова мен Грузиядан әскери күштерін шығаруы тиіс деп мәлімдеді.

НАТО Молдованың жікшілдік Днестр маңы аймағына Ресей күштерінің орнына халықаралық бітімгершілік күштерін орналастыруды ұсынды.

Ал Ресей болса Еуропада АҚШ күштері көбейіп отыр деп алаңдайды. Сол үшін Ресей Еуропадағы Кәдімгі Күштер Келісімінің жаңартылуын қалайды.

Варшава келісіміндегі Ресейдің бұрынғы одақтастары НАТО-ға мүше болды, сосын Америка Құрама Штаттары Румыния мен Болгарияда әскери базалар орнату жөнінде сөйлей бастады.

Ал енді Ресейді АҚШ-тың Орталық Еуропада зымыраннан қорғаныс жүйесін орнату жоспары мазалап отыр. Мәскеудің айтуынша, бұл әрекет қауіпсіздік тепе-теңдігін бұзады. Ал АҚШ болса қорғаныс жүйесі Иран сияқты елдерден төніп тұрған қауіптерге қарсы бағытталған дейді.

Өткен аптада Германияда өткен “Үлкен Сегіздік” саммитінде президент Владимир Путин Ресей жалға алып отырған Әзірбайжандағы радиолокациялық станциясын АҚШ-пен бірлесіп пайдалануды ұсынған болатын.

Ресей делегациясының басшысы Анатолий Антоновтың мәлімдеуінше, Путиннің ұсынысы Венадағы төтенше жиналыста талқыланбайды. Дүйсенбі күні Рейтерс ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Антонов АҚШ пен Ресей президенттерінің шілде айындағы кездесуінің алдында бұл мәселеде алға жылжушылық болады деп үміттенетінін айтты.

“Ешқандай межеленген мерзім жоқ, ұсыныс болды. АҚШ оны тезарада қарастырады деп үміттенемін. Осы мәселеге орай кеңесулерді жалғастырамыз деп үміттенеміз. Ресей мен АҚШ президенттерінің шілде айындағы басқосуы алдында бірнеше идея болады деп үміттенемін”, - деді Антонов.

Президент Путин мен АҚШ президенті Джордж Буш шілде айында Мэн штатындағы Кеннебункпортта кездеседі деп жоспарланған.
XS
SM
MD
LG