Accessibility links

Ресей бас муфтиі белең алған нәсілшілдікті ауыздықтауға шақырды


Ресей Муфтилер кеңесінің төрағасы Рәвіл Гайнутдин Санкт-Петербор қаласында қасақана өлтірілген татар жігітінің шешесімен жолықты. "Азаттық" радиосына берген сұхбатында бас муфти Рәвіл Гайнутдин Ресей Федерациясында нәсілшілдік сипатта қылмыс көбейіп кетті, үкімет жетекшілері "қауіпті идеологияға" тосқауыл қою керек деді.

23-жасар татар жігіті Дамир Зайнуллин Санкт-Петербор қаласында 1-шілде күні жұмысқа бара жатқанда өлтірілген болатын. Ол одан бір күн бұрын университетті тәмамдап, диплом алған екен. Дамир Зайнуллинның адвокаты ол қасақана өлтірілді, оған шабуыл жасағандар көшеде тұрған бақылау бейнекамерасына түсіп қалды, бейнежазуға қарағанда татар баласына 17 адам жабылған, шабуыл жасағандардың арасында жас қыз болған дейді. Полиция алғашында бұл қатардағы қылмыс, көше қылмысы деген болатын. Татар қауымдастықтарының өкілдері қылмыс нәсілшілдік пиғылда жасалған дейді.

Ресей бас муфтиі Рәвіл Гайнутдин мәселені Ресей президенті, ішкі істер министрі, бас прокуроры және Санкт-Петербор қаласы әкімінің алдына қойып отыр. Ресей бас муфтиі қоғамда нәсілшілдіктің белең алғаны орынсыз дейді:

- Фашизмге қарсы соғысқан, фашизмді жеңген халықтардың балалары бүгін неге фашиске айналады? Неге бізде сондай идеология тарайды, орыстардан өзгелер халық емес, олар біздің елде жасамау керек деген қайдан шықты? Олар біздің балаларымызды сойып жатыр.

Ресейде бірқатар нәсілшілдік қылмысы жасалды, билік орындары шара қолданып жатырмыз дейді. Ресей Муфтилер кеңесі ресми мәлімдеме жасап, интернет-сайтында жариялады. Ресей мұсылмандарының жетекшілері нәсілшілдік пиғылда жасалған қылмыстарға қарсы шараларға қанағат тұтпайды, жасалған шаралар жеткіліксіз дейді. Бұл жерде ең алдымен 2004 жылы Санкт-Петербор қаласында өлтірілген тоғыз жасар тәжік қызы Құршида Сұлтонованың жағдайы айтылып отыр. Оны қасақана ұрып өлтірді деп сегіз жасөспірім бала айыпталды, былтыр наурыз айында олар сотталды, кінәлі деп табылды.

Ресей Муфтилер кеңесі еліміздің тұтастығы ұлтаралық қатынастардың үйлесімдігіне тәуелді деп зейін қояды. Ресей бас муфтиі елдегі әрбір азаматтың құқығы тең қорғалу керек дейді:

- Не үшін біз, мұсылмандар, орыс емес халықтар өз балаларымызды мектептерге, институттар мен университеттерге жіберуге қорқуға тиістіміз? Неге Конституцияға кепіл беретін президент пен бас прокурор әр азаматтың құқықтарын сақтап тұрмауы керек? Олар біздің жасауымызға, өмірімізге кепіл болуға тиісті.

Бақылаушылардың айтуына қарағанда, Ресей соттары ұлтаралық, нәсілшілдік сипатта жасалған қылмыстарды соңғы кезде дұрыс қарай бастады, бастапқысында мұндай қылмыстар көше бұзақылығы ретінде ғана қаралатын. Міне, шілденің 31-інде Санкт-Петербордың алқа соты осындай сипатта жасалған қылмысты тергеді. Былтыр қараша айында қоғамдық белсенді Тимур Качарава мен оның досын соққыға жығып өлтіргендер айыпты деп табылды. Тимур Качарава нәсілшілдік сипаттағы қылмыстарға қарсы қоғамдық қызмет жүргізетін. Оның өзі нәсілшілдіктің құрбанына айналды. Жеті азамат, оның ішінде үш жасөспірім Тимур Качараваны өлтіруге қатысты деп табылды. Олардың біреуі тікелей адам өлтірді, ал қалғандары соққыға жықты, ұлтаралық араздық қоздырды деп табылды.
XS
SM
MD
LG