Accessibility links

Баспасөзге шолу. 10.18.2007 жыл


Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің әкесінің жерінен адам мәйітінің табылуы бейсенбі күні жарық көрген газеттердің бәрінің дерлік назарын аудартады. Газеттердің бірі мәйітті құқық органдары жақында Австриядан Рахат Әлиевтен қашып келген оның оққағарларының түсіндірмесіне сүйеніп тапты деп болжам жасаса, келесі бір басылымдар Әлиевтер шаруашылығының меңгерушісінің өзі тіленіп, тергеушілерге түсіндірме бергенін баяндайды. Ал бұл уақытта қазақстандық интернет-басылымдарда Рахат Әлиевтің Қазақстанның ішкі істер министрі оның бұған дейінгі айыптауларына жауап ретінде тез арада қаңғыбастың мәйтін тапқанын айтып, сараптаманың шынайы болатындығына күмән келтіреді.

«Сонымен өлтіріп кеткен бе?» деген мақалада «Литер» газеті жақын уақытта «Нұрбанктің» жоғалып кеткен бір қызметкерінің тағдыры анықталуы мүмкін» деп жазады. Мақала авторы алматылық құқық органдарының Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы, «Нұрбанк» ісі бойынша басты күдіктілердің бірі Рахат Әлиевтің әкесіне тиесілі жерден бір адамның мәйіті табылғанын баяндайды. «Қазір «Нұрбанктің» жоғалып кеткен қызметкерлері туралы іс аяқталған, бірақ банкирлер Айбар Хасенов пен Жолдас Темірәлиев іздестірілуде», - деп хабарлайды «Литер» газеті. Газет мәліметтеріне қарағанда, Рахат Әлиевке қатысты қылмыстық іс бойынша 20 шақты адамға күдік келтірілген.

Бұл тақырыпқа «Жас алаш» газеті де тоқталыпты. Газет тілшісінің айтуынша, құқық органдары Рахат Әлиевтің әкесінің жерінен табылған мәйіт жоғалып кеткен банкирлердің бірінікі болуы ықтимал деген болжам жасап отыр. Олар «сілтеме жасаған күдікті бұдан біраз уақыт бұрын Рахат Әлиевтен қашып келген Айдар Бектібаев пен Сергей Кошлай болуы мүмкін», - деп топшылайды «Жас алаш» газетінің тілшісі.

Алайда, «Время» газетінің деректеріне қарағанда, құқық органдары Әлиевтер агрофермасының қызметкері Марат Мұсатаевтың түсіндірмелеріне сүйенсе керек. «Ол бұрын денсантшы болған. Дариға Назарбаеваның көлік жүргізушісі болып жұмыс істеді. Соңғы уақытта Әлиевтер шаруашылығының меңгерушісі ретінде қожайындарының дастарханына тамақтардың әкелінуіне жауап беріп келді», - дейді газет тілшісі. Оның айтуынша, «Марат Мұсатаев соңғы 4 ай ішінде қамауда отырған. Полициямен ынтымақтасудан үзілді-кесілді бас тартып келді. Бірақ, осы дүйсенбіде пайдалы ақпараты барын айтып, тергеу сұрақтарына жауап беруге өзі өтініш білдірген. Ол ақпан айында Рахат Әлиевті қай жерге апарғанын және оның қай жерде бастығының түскенін көрсетуге келіскен. Мұсатаевтың айтуынша, ақпан айында Рахат Әлиев Үлкен Алматы каналының жағасындағы дөңге шығып, уақыт есептегендей сағатына бірнеше рет қараған. Содан кейін қайтадан фермаға апаруын сұраған». «Дәл сол дөңнің аясынан сейсенбі күні полицейлер адамдардың сүйектерін тапқан», - дейді «Время» газетінің тілшісі. Марқұм жерге терең көмілмегендіктен, мәйіттің кімге тиесілі екенін анықтау қиынға соққан. «Себебі, терең қазылмаған көрді түлкілер мен жабайы иттер ақтарып, қопарып тастаған». Әрі қарай мақала авторы бұл мәйіттердің «Нұрбанк» топ-менеджерлерінің бірінікі болуы мүмкін екендігін айтып, қазір бұл ретте сараптау жұмысы жүріп жатқандығын тілге тиек етеді. «Сараптау Қазақстанда емес, шет елдердің бірінде өтетін шығар. Тек сараптама қорытындысы бойынша ғана қандай да бір қорытынды жасауға болады», - деп аяқталады «Время» газетіндегі «Полковник Әубәкіровтың версиясы» атты мақала.

Алайда, «біз бәріміз де уақытында табыла қалған байғұс қаңғыбастың мәйітінің кімдікі болып шығатыны сараптауға емес, Мұхметжановтың құпия Владимир Васильевич пен оның қожайынынан алатын нұсқауларына байланысты», - деп жазылған «Zonakz.net» және «kub.kz» интернет-басылымдарындағы Рахат Әлиевтің Қазақстанның Ішкі істер министрін сынаған кезекті мақаласында. «Бірнеше күн бұрын мен министрді маған қарсы деректерді қолдан жасады деп айыптадым. Министрдің жаңа құйтырқы әрекеттер жасайтынын алдын ала ескерттім. Әлбетте, министр отставкаға кеткен жоқ, айыптауларға жауап берген жоқ. Оның орнына ол адамның мәйітін тауын алды», - дейді Рахат Әлиев интернет басылымдарда.

Бұл уақытта «Айқын» газетіндегі Венадан жасалған репортажда Австрияда Рахат Әлиевтің танымалдығы артып отырғаны баяндалады. «Австрияда Рахат Әлиев туралы көптеген неміс басылымдары жарыса жазғандықтан ба, әйтеуір, қарапайым халық Қазақстанның экс-елшісі туралы әбден құлағдар екеніне көзіміз жетті. Ал бәрін байқағыштар күйеу баланың тіптен қандай дүкеннен қандай костюм сатып алып жүргендігіне дейін біледі екен», - деп жазады газет тілшісі. Оның айтуынша, «Еуропа қазақтары қатарына экс-елші Рахат Әлиевтің қосылғанына көп болмапты. Негізі, экс-елшіні Қазақстан тарапынан жиі-жиі қонақтар мазалайды екен. Қыркүйектің басында Венаға із-түзсіз жоғалған «Нұрбанктің» төраға орынбасары Жолдас Темірәлиевтің зайыбы Армангүл Қапашева барып қайтты. Одан кейін Жолдас Темірәлиевтің әкесі экс-елшінің Венада орналасқан вилласына барып, дарбазасын босқа ұрып қайтты. Рахат Әлиев немісше стильде салынған сап-сары үйде тұрады. Оның табалдырығын тоздырмаған адам қалмаған көрінеді. Кім біледі, біз барған күндері экс-елшіге Қазақстаннан тағы кімдердің арнайы барып-келгенін», - дейді «Айқын» газетінің тілшісі. Әрі қарай мақала авторы сөзін былайша сабақтайды: «Экс-елші демекші, ол кісі туралы қауесет көп. Біз тоқтаған қонақүйдегі еден жуушы қызметкерлерден бастап, супермаркет сатушыларына дейін экс-елшіге қатысты мәселенің шет жағасын біледі екен. Марияхилфер көшесінің бойында жеке дүкен ашып, киім сататын бір азамат Рахат Әлиевтің кереметтей виллада тұрып жатқанын жеткізді. Бірақ Венадағы Қазақстан елшілігінің қызметкерлері экс-басшылары туралы сөз етуді ұнатпайды екен. «Біз оның қайда жүргенін білмейміз», – деді. Осылайша, Венаны «Борат» сияқты Рахат елесінің кезіп жүргенін түсіндік», - деп ойын қорытындылайды «Айқын» газетінің тілшісі Венада дайындаған мақаласында.
XS
SM
MD
LG