Accessibility links

Балқаш көлі Арал теңізінің кебін киюі мүмкін


Қазақстандық су мамандары «егер шұғыл шара қолданылмыса жақын жылдары Балқаш көлі Арал қасіретін тартады» деген болжам айтып отыр. Ол шаралардың ішінде Қазақстан көршілес мемлекеттермен шекаралас өзендер мәселесін реттеп, шаруашылықта суды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыру аталады.

Мамандардың есебі бойынша, Қазақстандағы 100 текше километр жер беті су қорының тек 55 пайыздан асатын бөлігі Қазақстан территориясында пайда болып, қалған суды Қазақстан көршілес республикалардан алады екен. Тағы бір көрсеткіш - ТМД елдерінің ішіндегі суға ең тапшы мемлекет те осы Қазақстан екен. Сонда да, су мәселесін реттеуде Қазақстанның көрші елдермен келісімі айтарлықтай келіспей отыруының салдарынан жылда Сырдария арнасынан асып, талай елді мекен су астында қалып, қыруар шығын көріп келе жатыр.

Қауіп мұнымен бітпей, «алда Балқаштың суалу қаупі бар» дейді эколог, «Табиғат» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Мэлс Елеусізов.

«Балқашқа құйылатын судың 80 пайыздайын Іле өзені берсе, қалған 20 пайызын басқа өзендер береді. Егер Қытай жағы Іле суының 15 пайызын ғана алса, Балқашқа Арал теңізінің кейпін кию қауіпі бар. Қытай қазір Шыңжаң-Ұйғыр ауданына орталықтан көптеп адамдар көшіріп, онда керемет ауыл шаруашылығын дамытып, өнеркәсіп орындарын салып жатыр. Оның бәріне су керек. Сондықтан олар қазір Іленің бойында көптеген су қоймаларын салып, қатты жұмыс істеп жатыр», - дейді эколог.

Сонымен қатар, Елеусізов Балқаш соңғы жылдары ауа райының жылы боп тұрғанынан ғана әзірге шыдап тұр дейді.

«Қазір дүние жүзінде ауа райының жылуы салдарынан біздің таулардағы мұздар қатты еріп жатыр. Соның салдарынан әзірге Балқаш суалмай тұр, әйтпесе Балқаш баяғыда-ақ екінші Арал болар еді. Бірақ таудағы мұздардың еруі де алда қауіпті мәселе, себебі екі жарым мың километр жердегі Аралдан ұшқан тұздар тау мұздықтарына шөгіп оны тез ерітіп жатқанын ғалым мамандар тексеріп айтып отыр. Балқаш бес жүз шақырым жерде ғана. Біз өткен ғасырдың елуінші жылдарымен салыстырғанда тау мұздықтарының үштен бірін жоғалтыппыз. Бұдан әрі мұздықтар одан да тез ериді деген болжам бар. Егер мұздықтар еріп кетсе, Балқаш батпаққа айналып, бұл маңайда шөл болады. Халық көше бастайды», - дейді Елеусізов.

Қазір Қытай Іле суының жартысын алып жатыр дейді Алматыдағы География институтының гидроэкология зертхана жетекшісі Абай Тұрсынов:

«Кезінде жылына 16 текше километр суды Балқашқа құйып отырған Іле қазір, тек қана 11 текше километр су құйып отыр. Демек, қытайлықтар 5 текше километр суды алып жатыр. Алда оны жетіге дейін көбейтуді жоспарлап отыр. Сондықтан Іленің болашағы өте қауіпті. Біз осы жолмен кете берсек, Балқаш Аралдың кейпін киеді. Бірақ Арал теңізі суының көлемі мен ауқымы арқасында жиырма жылға шыдады ғой, ал Балқаш тез арада - үш-төрт жылда суалып кетеді, себебі ол өте таяз, көлемі Аралға қарағанда он есе аз. Адам көзін ашып-жұмғанша жағдай қиын болады».

Қазақстан көршілес Қытаймен шекаралас өзендер мәселесін реттеуге ұмтылып келіссөздер жүргізіп жатқанына жеті жылдан асты. Қытай шекаралық өзендер туралы халықаралық конвенциялардың біреуіне де қол қоймай отыр. Арада арнайы комиссия да жұмыс жасауда. Бірақ «оның айтарлықтай нәтижесі жоқ» дейді Абай Тұрсынов:

«Мен ол комиссияның мүшесі емеспін, бірақ сырттай байқағаным, Қытай мен Қазақстанның көзқарасы бір-біріне қайшы кеп жатыр. Екіншіден, қытайлықтар термин мәселесінде басқаша ұстанымдарда. Мынау «шекаралық», «табиғат қорғау аумағы» дегендерді олар басқаша түсінеді».

Тұрсыновтың пікірінше, уақыт созу қытайлықтарға тиімді және олар әдейі созып, өздерінде үлкен суару кешенін салып алып, «іс бітіп, қу кеткеннің» тірлігін жасамақшы көрінеді.

«Келешекте Ертіс өзенінің су көлемі қатты өзгеріске ұшырауы мүмкін. Себебі, қытайлықтар Ертістен Қарамайға үлкен канал тартып жатыр. Ол канал Жоңғар ойпатын оңтүстік жағынан айналып өтеді. Ал біз ол каналды Ертістен Қарамайға тіке тартып жатыр деп ойлаймыз. Ондай емес. Менің есептеуім бойынша, сол канал жобасы келешекте Қара Ертістің жарты суын алады. Ал қытайлар бізді «бір текше километрден артық су алмаймыз» деп алдап жатыр. Онда олар каналды неге төрт текше километр суға деп есептеп салып жатыр? Қазір сол каналдың жартысы салынып дайын боп қалды», - дейді Тұрсынов.

Ғалым маманның айтуынша, егер Қытай «Қара Ертіс – Қарамай» каналын жобадағы қуатымен пайдаланса, Қазақстанға келетін, одан әрі Ресей арқылыда өтетін Ертістің суы да екі есеге азаймақ. Бұл алдағы уақытта Ертістің тағдырын қиындатпақ.

Бірақ ресейліктер Қазақстан мен Қытай арасындағы шекаралық өзендер туралы келісімде жоқ көрінеді. Тұрсыновтың айтуынша, су тапшылығына Қазақстандағы ысырапшылық та себебін тигізіп отырған көрінеді.

«Мысалы, - дейді Абай Тұрсынов, – Қазақстанда Арал өңірінде бір гектар суармалы жерді біз 16 мың текше метр сумен суарамыз, ал қытайлықтар өздерінде үш, екі жарым мың текше метр сумен суарады».

Сөйтіп, Қазақстанның су қауіпсіздігіне арнап кітап жазған ғалым Абай Тұрсынов «шенеуніктер бұл мәселемен басын қатырып жатпайды-ау» деп қынжылыс білдіреді.

«Мен жақында «Су қауіпсіздігі» деген үлкен бір еңбегімді бітіріп, сол жерде көп нәрсені көрсеттім. Ол кітап баспадан 2009 жылы шығады, бірақ оны оқып, керек қып жатқан кім бар?! Мамандардың сөзіне құлақ аспайды. Үкімет не қылса, соны істей береді. Мысалы, мынау Көксарай су реттегіші ешбір керек емес нәрсе. Бірақ бастығымыз Көксарайды саламыз деп кесіп айтты, ал біз «бастықтардың бұйрығы талқыланбайды, ол орындалуы керек» деген тәрбиені көрген ескіліктің адамдарымыз ғой, сол үшін аузымызды жаптық та қалдық».

Біз мамандардың осы алаңдаушылығына ресми пікір білу мақсатында Астанаға телефон шалғанымызбен Су комитетіндегілерден ешкім жауап бермеді.

Қазір үкімет басшысы Кәрім Мәсімов бастаған Қазақстан делегациясы Қытайда басқа да мәселелермен қатар су мәселесін де талқылап жатқаны туралы ақпараттық агенттіктер хабарлап жатыр.
XS
SM
MD
LG