Accessibility links

Грузия мен Оңтүстік Осетия арасындағы қақтығысқа Ресей араласты


Жұма күні таңертең Грузияның әскері Оңтүстік Осетияға қарсы соғыс қимылдарын бастады. Ал түстен кейін Ресей Оңтүстік Осетияға танктерін кіргізді.

Грузия президенті М.Саакашвили Оңтүстік Осетияға бүгін күндіз Ресейдің 150-дей ауыр соғыс техникасы – танктерінің кіргенін мәлімдеді. Сонымен қатар ол Ресейдің 2 соғыс ұшағын атып құлатылғанын хабарлады. Бүгін Цхинвалиде кескілескен шайқас болды.
Кремлде Оңтүстік Осетиядағы ахуал бойынша Ресейдің Қауіпсіздік кеңесінің төтенше мәжілісі өтті. Оның барысында Ресей президенті Д.Медведев те, премьер-министр В.Путин де Грузияның орыс жауынгерлерінің қанын төккен іс-әрекетін “жауапсыз қалдырмайтындарын” ескерткен болатын.
Оның алдында Ресейдің осы аймақтағы бітім күштерінің қолбасшысы бітімгерлердің қаза тапқанын мәлімдеді, бірақ нақты санын атамады.
Грузияның қауіпсіздік қызметінің өкілі Каха Ламая Тбилисидің іргесіндегі Вазиани соғыс базасын Ресей ұшақтарының бомбалағанын растады. Одан ешкім жарақат алмаған, бірақ кейбір ғимарат бұзылған. Грузин баспасөзінің хабарлауынша, грузин қарулы күштерін жаттықтырып жатқан АҚШ әскерилері осы базаға орналасқан көрінеді.
Ресей премьер-министрі В.Путин Грузияның іс-әрекетін “басқыншылық” деп бағалап, ондай әрекеттің “жауапсыз қалмайтынын” ескерткен еді.
Ресми Ақорда да Оңтүстік Осетиядағы қақтығысты назардан тыс қалдырмады. Бүгін Қытайда Ресей премьер-министрімен кездесуі барысында президент Н.Назарбаев В.Путиннің “ТМД елдері осы ахуалға өз бағасын беруі тиіс және қақтығысты доғару үшін шара қолдануы керек” деген пікірімен келісті. Ол туралы News.ru интернет-сайты хабарлады.
“Оңтүстік Осетияға қатысты қандай іс-шара қабылдайтынын хабарламаған грузин басшылығы дұрыс істемеді. Бұл жанжалды бейбіт түрде шешуден басқа жол жоқ”, -деп атап көрсетті қазақ президенті. Н.Назарбаевтың айтуынша, “грузин жағының мұндай әрекетке әрқашанда тыныштық орнайтын Олимпиада қозғалысы кезінде кірісуі шынында да дұрыс емес”..
БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі бүгінгі мәжілісінде Оңтүстік Осетиядағы жанжал бойынша бір ұйғарымға келе алмады. Мәжіліс Ресей президенті Д. Медведевтің өтініші бойынша жиналды. Ресейдің өкілі В.Чуркин Грузины “басқыншылыққа барды” деп айыптады. Қауіпсіздік Кеңесі аталған аумақтағы ахуалға алаңдаушылық білдірді, бірақ екі жақты да күш қолданудан бас тартуға шақырған шешім қабылдау туралы Ресейдің ұсынысын қабылдамады.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастықбұйымының қазіргі төрағасы болып отырған Финляндияның сыртқы істер министрі А.Стабб Грузия мен Оңтүстік Осетияның басшыларына жанжалды доғару мақсатымен Хельсинкиде өзара шұғыл келіссөз өткізуді ұсынғанын хабарлады.
Дүние жүзінің лидерлері Оңтүстік Осетиядағы шайқасты доғаруға шақырады.
Бүгін Ақ үй соғысқан екі жақты бір-біріне күш қолданудан дереу бас тартуға шақырған мәлімдеме жасады. Еуропа Одағы екі жақты өзара жанжалды соғыс арқылы шешуден дереу бас тартуға үндеді.
Ал осы кезде халықаралық қауымдастық мойындамаған Оңтүстік Осетияның басшылығы Грузия жағының соққысынан 10-даған адамның, оның ішінде бейбіт тұрғындардың қаза тапқанын мәлімдейді. Шайқас өтіп жатқан аумақта ресейлік бітімгер жауынгерлер де қаза тапқанға ұқсайды. Бітімгершілік күштерінің басшылығы хабарлағандай, грузин әскері бітім күштері орналасқан ауданды нысанаға алып атқылаған.

Грузияның ішкі істер министрлігі оны теріске шығарды. Өз кезегінде ресми Тбилисидің мәлімдеуінше, Ресейдің соғыс ұшақтары Грузияның әуе кеңістігіне бұзып кіріп, бір ұшақ бірнеше бомба тастады. Одан бұрын бір ұшақтың атып түсірілгені хабарланған болатын. Ресейдің сыртқы істер министрлігі ол хабарды “арандатушылық” деп атады.
Мәскеуде осы ахуалға байланысты Грузия елшілігінің күзеті күшейтілді. Ол туралы жұма күні Мәскеу қалалық ішкі істер басқармасының ақпарат және қоғамдық байланыс басқармасы хабарлады. Елшілікке арнайы милиция құрамасының бірнеше қызметкері жіберілді.
XS
SM
MD
LG