Accessibility links

"Руханият" партиясының мүшесі партиядан шықты


Болатхан Тайжан атындағы қордың президенті Мұхтар Тайжан. Алматы, 23 желтоқсан 2011 жыл.
Болатхан Тайжан атындағы қордың президенті Мұхтар Тайжан. Алматы, 23 желтоқсан 2011 жыл.
"Руханият" партиясының мүшесі және Болатхан Тайжан атындағы қордың президенті Мұхтар Тайжан Азаттық радиосына парламент сайлауына қатысудан бас тартып, "Руханият" партиясының қатарынан шығатыны туралы мәлімдеді.

Мұхтар Тайжан Азаттық тілшісіне Жаңаөзендегі қарусыз адамдарға қарсы полицияның оқ атқанына наразылық танытып және Маңғыстау мұнайшыларымен ниеттестігін білдіріп, "Руханият" партиясынан шығу шешіміне келгенін айтты. Ол "Руханият" партиясының басшыларымен осы мәселеге орай келісімге келе алмағандығын жеткізді.

"Жаңаөзенде оқ атқан полицияның іс-әрекеттеріне наразылық көрсету - барлық партиялар мен саясаткерлердің міндеті" деген Мұхтар Тайжан Қазақстанда 7 күндік "ұлттық қаралы күн" жариялап, парламент сайлауын 6 айға кері шегіндіруді орынды деп санайтынын айтады.

Бұған дейін Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғаларды тергеу үшін құрылған құрамында Мұхтар Тайжан және басқа да оппозициялық саясаткерлер бар тәуелсіз қоғамдық комиссия Ақтауға барып, Жаңаөзенге жете алмай қайтқан еді.

Ресми орындар Жаңаөзенде желтоқсанның 16-сы күнгі оқиғада 15 кісі қаза болғаны туралы мәлімдеген еді. Ал ресми емес мәліметтерді жеткізушілер құрбан болғандардың саны бұл айтылғандардан көп дейді.
XS
SM
MD
LG