Accessibility links

«Араб көктемінің» әлеуметтік астары


Ирактың Басра қаласынан 130 шақырым жердегі суалып бара жатқан өзен. 18 қараша 2009 жыл. Көрнекі сурет
Ирактың Басра қаласынан 130 шақырым жердегі суалып бара жатқан өзен. 18 қараша 2009 жыл. Көрнекі сурет

New York Times («Нью-Йорк таймз») басылымы бір жылдан бері сан түрлі өзгерісті бастан кешіп жатқан араб әлеміндегі толқуға түрткі болуы мүмкін тағы бір маңызды себеп туралы мақала басты.

NYT сәуірдің 8-і күні жариялаған мақаласында араб әлеміндегі саяси толқуға әлеуметтік мәселелер түрткі болды деп санайды.

Басылым «Араб көктеміне» түрткі болған Тунис еліндегі әлеуметтік ахуалға басқа қырынан үңіледі. Автордың пайымдауынша, әлем бойынша көкөністің бағасы шарықтап тұрғанда Тунис базарындағы көкөніс сатушының өз саудасына кедергі жасаған полицеймен өлгенше тіресуі кездейсоқтық емес.

Сириядағы толқудың түпкі себебі де осыған ұқсас. Сирияның оңтүстік өлкесіндегі ауыл тұрғындары да шекара маңындағы жерлерді сатуға және сатып алуға рұқсат алу үшін қауіпсіздік қызметінің жемқор басшыларына тәуелді болмаймыз деп көтерілген еді. Көрші елдегі көтеріліс ауыз суға аса зәру болып отырған көрші Йеменге тез тарады. Бұл елде үкімет қара халықтың өз бетінше құдық қазып, су алуына рұқсат бермеген. Алайда жергілікті шенеуніктер аулаларынан қалауынша құдық қазып, ауыз-су ішіп отырған еді деп жазады басылым.

«САЯСАТ ҚАНА ЕМЕС, АУА-РАЙЫ ДА ӨЗГЕРДІ»

Басылымның жазуынша, араб әлемінің оянуына саяси немесе экономикалық шиеленістер ғана себеп болмаған. Автордың ойынша, жер, су, азық-түлік тапшылығы, оған қоса қоршаған ортаның бұзылуы, адам санының көбеюі, ауа-райының күрт құбылуы да халық санасының өзгеруіне әсер еткен.
Автор араб әлеміндегі тоқыраудың себептерін саяси-экономикалық проблемалардан ғана көре берсе, бейбіт тұрмыс ешқашан қалпына келмейді деген пікір айтады.
Полиция мен салафи демонстранттардың қақтығысы. Тунис, 14 қазан 2011 жыл
Полиция мен салафи демонстранттардың қақтығысы. Тунис, 14 қазан 2011 жыл

Мақалада Сирияны зерттеуші мамандардың сөздері мысал ретінде келтіріледі. Мамандардың пайымдауынша, соңғы жылдары бұл елдегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістен бөлек, қоршаған орта мен ауа-райының құбылуы үкімет пен халықтың арасындағы әлеуметтік араздықтың күшеюіне ықпал еткен.

Басылым 2006-2011 жылдар арасында Сирияда болған қуаңшылықтың тигізген зардабы туралы айғақтар келтірген. Global Assessment ұйымының зерттеуі бойынша Сирияның Хасеке ауданындағы егіннің 75 пайызы күйіп кеткен. Елдің солтүстік-шығысындағы халықтың 85 пайызы күн көріп отырған малынан айрылған. Қуаңшылықтан ұзын саны 1 миллион 300 мың халық зардап шеккен. NYT табиғаттың осы соққысына саяси жүйесі тоқыраған мемлекеттің проблемасы қосымша соққы боп тиді деп жазады.

«ХАЛЫҚ САНЫ 130 ПАЙЫЗҒА ӨСПЕКШІ»

Мақалада Францеско Фемиа атты маманның мынадай пікірі келтіріледі: «Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы климат өзгерісі осы бетімен жалғаса берсе, келешекте жағдай бұдан да шиеленісіп, аймақты тұрақсыздық жайлайды. Бұған автократиялық режимдер әдеті бойынша жауап бере береді. АҚШ-тың араб әлемінің тарихына игі ықпал жасауының бірнеше жолы бар. Соның біреуі - демократиялық қозғалыстарды барынша қызу қолдау».

Мақала авторы аймақтағы ахуалды жақсартудың тағы бір жолы - болашақта климаттық апаттарға төттеп бере алатындай етіп, мелиорация саласындағы инфрақұрылымды күшейту деп санайды. Өйткені америкалық мамандар Таяу Шығыс елдеріндегі жер асты су бассейндері толығатын жауын-шашынды қыс мезгілінің өзінде жаңбыр көп жаумай жатқанына назар аудартқан.
Тунистік жас қыз шеру кезінде ту ұстап тұр. Тунис, 24 қазан 2011 жыл
Тунистік жас қыз шеру кезінде ту ұстап тұр. Тунис, 24 қазан 2011 жыл

Лондондағы саяси даму және зерттеу институтының дирекоры Нафез Мосаддик Ахмед әлем бойынше суға ерекше мұқтаж 15 елдің 12-і Таяу Шығыста орналасқан деп оларды атап көрсетеді.

Моссадиктің болжауынша, алдағы 30 жылда бұл аймақтағы халықтың саны қатты өседі. «Жағдай өте аянышты болуы мүмкін» дейді ол. Себебі бұл аймақта қазір бала туу бәсеңдегенімен халықтың үштен бір бөлігі 15-ке толмаған жастар. Бала тууға қабілетті әйелдер саны да келешекте күрт өседі. Ұлыбританияның қорғаныс министрлігінің зерттеуінше 2030 жылға қарай Таяу Шығыстың халқы 130 пайызға көбейеді.Олардың басым көпшілігі – жастар.
XS
SM
MD
LG