Accessibility links

Челахтың бұрынғы айтқанынан бас тартқаны хабарланды


Шекарашы Владислав Челах "қылмыс жасағанын мойындап" тұр. (YouTube видеосынан жасалған скриншот). 13 маусым 2012 ж.
Шекарашы Владислав Челах "қылмыс жасағанын мойындап" тұр. (YouTube видеосынан жасалған скриншот). 13 маусым 2012 ж.
Арқанкерген шекара постындағы бірнеше адамның өліміне қатысты тергеу орындары күдікті санап отырған шекарашы Владислав Челах өзінің қылмыскер екенін мойындайтыны жайлы бұған дейін берген жауаптарынан бас тартқан. Бұл туралы Челахтың туыстары мен адвокатының сөзіне сілтеме жасап шілденің 25-і күні Қазақстанның ақпарат агенттіктері хабарлады.

Ресми орындар әзірге бұл мәселеге байланысты ешқандай ақпарат берген жоқ.

Биыл мамыр айының 30-ында «Шығыс» аймақтық шекара қызметі Үшарал отрядының Арқанкерген постында 12 шекарашының, бір қорықшының мәйіті, маусымның 1-і тағы 2 шекарашының мәйіті - барлығы 15 адамның сүйегі табылған.

Маусымның 5-інде тірі қалған жалғыз шекарашы - 19 жастағы Владислав Челахтың ұсталғаны белгілі болды. Маусымның 7-сінде Қазақстан бас прокуратурасы Челахтың «қасындағы серіктерін өлтіргенін» мойындағаны туралы хабарлады, ал маусымның 13-і күні әскери прокуратура күдіктінің тергеу барысында берген жауаптары түсірілген видеоны жариялады. Челахтың туыстары оның кінәлі екеніне күмән келтіреді.
XS
SM
MD
LG