Accessibility links

Украина елшілігі Астанаға "Қырымсыз картаға" қатысты сауал жолдады


Астанадағы EXPO-2017 халықаралық көрмесіне қатысушы елдерге арналған экспозиция. 29 қыркүйек 2016 жыл.
Астанадағы EXPO-2017 халықаралық көрмесіне қатысушы елдерге арналған экспозиция. 29 қыркүйек 2016 жыл.

Украинаның Қазақстандағы елшілігі Астана қаласының орталығындағы экспозицияға қойылған Украина картасында Қырым түбегінің көрсетілмеуіне байланысты Қазақстан сыртқы істер министрлігінен жауап күтетінін мәлімдеді.

Украина елшілігі Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялаған мәлімдемесінде Астана орталығында тұрған инсталляциялардағы глобустарда Ресей картасына Қырым түбегі енгізіліп, Украина картасы түбексіз көрсетілгені айтылған.

"Украина тарабы Қазақстан сыртқы істер министрлігінен түсініктеме және іс-әрекет күтеді" делінген дүйсенбінің кешінде жарияланған Астанадағы Украина елшілігінің мәлімдемесінде. Астанадағы Украина өкілдігінің баспасөз-хатшысы Ирина Блащуктың Азаттыққа хабарлауынша, елшілік бұл мәселеге байланысты маусымның 12-і күні Қазақстан сыртқы істер министрлігіне нота жолдаған.

Ресми Астана әзірше бұған қатысты комментарий берген жоқ. Сыртқы істер министрлігінің халықаралық ақпарат комитеті төрағасы Талғат Жұмағұлов Азаттыққа "жағдайды анықтағаннан" кейін түсініктеме берілетінін айтты.

Украина елшілігінің мәлімдемесінде Астананың Нұржол бульварындағы экспозициядағы ел картасында "Украинаның территориялық тұтастығын бұзатын", ал Ресей картасында "Украинаның мемлекеттік егемендігін бұзатын" белгілер бары айтылған.

Қазіргі уақытта дау туғызған инсталляция орнынан алынғаны хабарланды. Блащуктың сөзінше, айдың басында ондағы "глобуста" Украина Қырым түбегімен қоса көрсетілген. Алдыңғы аптада Астанада өткен Шанхай ынтымақтастығы ұйымы елдері басшыларының саммитіне Қазақстан, Ресей, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және осы ұйымға жаңадан қосылып отырған Үндістан мен Пәкістан басшылары қатысқан.

Украина елшілігіның даулы инсталляцияның фотосуреттерімен қоса жариялаған мәлімдемесін әлеуметтік желіде жергілікті қолданушылар қызу талқылап жатыр.

XS
SM
MD
LG