Accessibility links

Ираннан келген қазақтың азаматтық алу туралы шағымы қарала бастады


Ираннан келген этникалық қазақ Исрафил Баги (оң жақта алдыңғы қатарда бірінші) сотта отыр. Ақтау, 29 маусым 2017 жыл.
Ираннан келген этникалық қазақ Исрафил Баги (оң жақта алдыңғы қатарда бірінші) сотта отыр. Ақтау, 29 маусым 2017 жыл.

Ақтау қалалық №2 соты Ираннан келген этникалық қазақ Исрафил Багидің өзіне Қазақстан азаматтығын беруден бас тартқан көші-қон полициясы қызметінің үстінен түсірген шағымын қарауды бастады.

Сотқа Жаңаөзеннен келген ондаған адаммен бірге Азаттық тілшісі де сот процесі басталған кезінде кіргізілмеді. Бір сағаттан соң жарияланған үзілістен соң кеңес бөлмесінен оралған судья Әнуар Дәурешов соттың енді жабық өтетінін мәлімдеді.

- Маңғыстау облыстық көші-қон қызметінің өтініші бойынша сот процессі жабық өтетін болды. Процеске жауапкер ретінде облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті де тартылғандықтан істі қарау 4 шілдеге қалдырылды, - деді ол.

Исрафил Багидің адвокаты Ағысбек Төлегенов ашық процесті жабық түрде өткізуге шешім қабылдаудың астарында "сот процесін қадағалауға ұмтылған адамдардың көптігінен сескену бар" деп санайды.

- Бұл қылмыстық іс емес, азаматтық іс. Оны жабық өткізуге негіз жоқ. Судьяның қандай да бір құпия деректер болса сол уақытта ғана қатысушыларды шығарып тараптармен өзара қарауға толық құқығы бар. Бұл - көпшіліктен сескену, - деді ол Азаттыққа.

Исрафил Баги отбасымен Қазақстанға 2013 жылы көшіп келген. Жаңаөзен қалалық мешітінде қызмет етіп жүрген оған биылғы науырызда арнайы хат жолдаған Маңғыстау облыстық көші-қон қызметі оған және оның жұбайына Қазақстан азаматтығы берілмейтінін хабарлаған. Оған негіз ретінде көші-қон полициясы "Қазақстан азаматтығы туралы" заңның "террорлық және экстремистік ұйымдарға кірген немесе сотталған, өзі туралы жалған мәлімет берген не қажетті құжаттарды белгіленген мерзімде тапсырмағандарға" Қазақстан азаматтығы берілмейтіні айтылған 5 және 8-тармақтарына сілтеме жасаған. Ал кейін Ақтау қалалық ішкі істер басқармасының көші-қон қызметі бөлімі "маусымның 30-ына дейін Қазақстаннан өз еркімен шығып кетпесе депортацияланатыны" туралы ескерту берген. Көші-қон қызметінің 2017 жылғы мамырдың 30-ы күні жолдаған соңғы хабарламасында Исрафил Багиге Қазақстанда тұрақты тұруына берілген рұқсаттың күші "Халықтың көші-қоны туралы" заңның 49-бабының 9 бөлігінің 1-тармағы негізінде жойылғаны" жазылған. Заңның ол бабында "ұлттық қауіпсіздік органдарында экстремизмге немесе террорлық іс-әрекетке қатыстылығы туралы мәліметтер болған" жағдайда Қазақстанға көшіп келушілерге ел аумағында тұрақты тұруға рұқсат берілмейтіні, немесе бұрын берілген рұқсаттың күші жойылатыны айтылған.

Исравил Баги туралы Азаттықтың видеосы (13.06.2017)

Оралман «экстремист емес» екенін сотта дәлелдемек
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:58 0:00

XS
SM
MD
LG