Accessibility links

Яценюк Янукович ісі бойынша сотта жауап берді


Арсений Яценюк, Украинаның экс-премьері.
Арсений Яценюк, Украинаның экс-премьері.

Украинаның бұрынғы премьер-министрі Арсений Яценюк елдің экс-президенті Виктор Януковичтің "мемлекетке сатқындық жасау" ісі бойынша сотта куәлік берді.

Киевтің Оболонск аудандық сотындағы тергеуде Яценюк Украина Жоғарғы Радасы 2014 жылы ақпанда мемлекет басшысы қызметін уақытша атқаруды Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің басшысы Александр Турчиновке жүктегенін, себебі Янукович "ұшты-күйлі жоқ болып кетіп, өзінің конституциялық міндетін атқарудан бас тартқанын" мәлімдеді. Яценюк Януковичтің бұнысын биліктен "өзін өзі аластату" деп атады. Ол Янукович егер 2014 жылдың қыс кезінде Киевке қайтып оралып, өз өкілеттігін Турчиновке беру туралы шешімді жоюды талап еткенде, өкілеттігін қайтарып алуға шамасы болғанын айтты.

Арсений Яценюк 2014 жылы қыста Януковичтің "өмірі мен денсаулығына қауіп төнбегенін" айтады. "Бұны Януковичтің мемлекеттік күзет қызметінен өзі бас тартқаны да растайды" деді Украинаның экс-премьері.

Виктор Янукович 2014 жылы ақпанда Киевтің орталығында бірнеше айға созылған наразылық шерулері мен қақтығыстардан соң Украинадан кетіп қалған. Бұдан соң Украина парламенті президенттің биліктен "өзін-өзі шеттеткені" туралы қаулы қабылдаған. Украина билігі бұған қоса Януковичті Майдандағы демонстранттарға оқ атты, қаржы жымқырды, коррупциялық қылмыстар жасады, Украина Конституциясын заңсыз өзгертті және ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деп айыптаған.

Януковичке қарсы іс бойынша сот 2017 жылдың жазында басталған. Сот процесінде Украинаның іс басындағы президенті Петр Порошенкодан да жауап алынады деген болжам бар.

XS
SM
MD
LG