Accessibility links

Сот Нұрбек Құшақбаевты бостандыққа шығаруды ұйғарды


Oil Construction Company компаниясы мұнайшылары кәсіподағының еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаев сотта өзіне үкім оқылғаннан кейін әйелімен тілдесіп тұр. Астана, 7 сәуір 2017 жыл.
Oil Construction Company компаниясы мұнайшылары кәсіподағының еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаев сотта өзіне үкім оқылғаннан кейін әйелімен тілдесіп тұр. Астана, 7 сәуір 2017 жыл.

Павлодар соты Маңғыстау облысындағы Oil Construction Company (OCC) компаниясы мұнайшыларының кәсіподағы басшыларының бірі болған Нұрбек Құшақбаевты мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы шешім шығарды.

Павлодар облыстық сотының баспасөз хатшысы Гүлсім Ақтаеваның Азаттыққа хабарлауынша, сот 10 мамыр күні түстен кейін Павлодардағы АП-162/3 мекемесінде өткен. Сотқа Нұрбек Құшақбаевтың өзі, адвокаты, прокурор мен түрме өкілі қатысқан. Сот отырысында Павлодар қаласы №2 сотының судьясы Думан Серікбаев Нұрбек Құшақбаевтың өзін мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтінішін қарап, қанағаттандырған. Гүлсім Ақтаева прокурор сотқа өзі қатысқандықтан, сот шешіміне қарсылық білдірмейтінін, шешім 28 мамыр күні күшіне енетінін айтты.

2017 жылдың сәуір айында Астана соты OCC кәсіпорны жұмысшылары кәсіподағының еңбек қауіпсіздігі инспекторы болған Нұрбек Құшақбаевты "заңсыз ереуілге қатысуды жалғастыруға арандатты" деген айыппен екі жарым жылға соттаған.


Маңғыстау облысындағы Oil Construction Company компаниясы мұнайшыларының кәсіподақ жетекшісі Әмин Елеусінов пен еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаевты мұнайшылардың аймақтардағы филиалдарын билік белгілеген мерзімде тіркеп үлгермеген Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясын жабуға қарсы аштық акциясы кезінде ұстаған. Ақтауда және Қаламқас пен Жетібай кеніштерінде өткен наразылық акцияларына жүздеген мұнайшы қатысқан. 2017 жылы 16 мамырда Астананың Алматы аудандық №2 соты кәсіподақ жетекшісі Әмин Елеусіновті "кәсіподақтың сеніп тапсырған қаржысын жымқыру", "полицейлерге тіл тигізу, бағынбау және оларға күш қолдану" айыптарымен екі жылға соттаған. Мамырдың 4-і күні Павлодар қалалық №2 соты Әмин Елеусіновті шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығару туралы ұйғарым жасаған. Егер прокуратура тарапынан наразылық болмаса сот шешімі 21 мамырда күшіне енеді.

XS
SM
MD
LG