Accessibility links

ЕО АҚШ пен Ресейді зымыран келісімін бұзбауға шақырды


Ресейдің "Искандер-М" зымыранын сынақ ретінде ұшырған сәті. Ленинград облысы, 19 қыркүйек 2018 жыл.
Ресейдің "Искандер-М" зымыранын сынақ ретінде ұшырған сәті. Ленинград облысы, 19 қыркүйек 2018 жыл.

Еуропа Одағы (ЕО) АҚШ пен Ресейді орта және қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандарды жою жөніндегі келісімде "байыпты диалог орнатуға" шақырды.

Бұл жөнінде Еуропа Одағы сыртқы саясат қызметінің ресми сайтында хабарланды. АҚШ президенті Дональд Трамп 20 қазан күні Вашингтонның орта және қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандарды жою туралы келісімнен шығатынын мәлімдеген. Ақ үй басшысы Ресейдің келісім талаптарын бұзғанын ғана айтып, басқа мәлімет бермеген.

Еуропа Одағы таратқан мәлімдемеде зымырандарды жою туралы келісімнің Еуропа және ғаламдық қауіпсіздік үшін маңызды екені айтылған.

ЕО Ресей алыс және қысқы қашықтықтағы зымырандарды жою туралы келісімді сақтайды деп, ал АҚШ қандай да бір шешім қабылдар алдында ойланады деп үміттенетінін жеткізген.

АҚШ пен СССР арасында орта және қысқа қашықтыққа ұшатын ядролық зымырандарды жою туралы 1987 жылы жасалған келісім АҚШ пен Ресейге радиусы 300-ден 3400 миль қашықтыққа дейін жерден ұшатын баллистикалық және қанатты зымырандарды шығаруға, сынақтан өткізуге және сақтауға тыйым салады.

Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков бұдан бұрын АҚШ-тың бұл келісімнен өз бетімен шығуы "өте қауіпті қадам" болатынын және оған "әскери-техникалық тұрғыдан" жауап шаралары жасалуы мүмкін екенін мәлімдеген. Қытай да 22 қазанда біржақты шешім қабылдаудың кері салдары болуы мүмкін екенін мәлімдеп, Вашингтонды бұл мәселені "ақылмен" шешуге шақырған.

Қазанның басында АҚШ-тың НАТО-дағы елшісі Кей Бейли Хатчинсон АҚШ Ресейдің орта және қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандарды жою туралы келісімді бұза отырып жасайтын зымырандарын залалсыздандыруға ниетті екенін ескерткен. Қыркүйекте Breaking Defence басылымы АҚШ Қорғаныс министрлігіндегі дереккөзіне сілтеме жасап, Пентагон СССР құлағалы бері бірінші рет құрлықтан радиусы 1600 километрге дейін ұшырылатын зымыран жүйесін жасап жатқанын хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG