Accessibility links

Нұр-Сұлтанда көп балалы аналар тағы да наразылық танытты


Наразы аналар мәжіліске барды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:14 0:00

Наразы аналар мәжіліске барды

11 сәуірде Нұр-Сұлтанда ондаған көп балалы ана наразылық танытты. Олар алдымен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, кейін мәжіліске барды. Аналар атаулы әлеуметтік көмек аларда қиындыққа тап болғандарын айтып, шағымданды.

Наразылар "21 мың теңге көлеміндегі жәрдемақыны тұрмыс жағдайына қарамай әрбір балаға берілуі керек, көп балалы отбасыларды баспанамен қамту қажет" деген талаптарын айтты. Бұл туралы Азаттық тілшілері хабарлады.

Көп балалы аналар "әкімдіктегілер жәрдемақыны тағайындауда мәжіліс шығарған заңға сүйеніп отырғандарын айтады. Демек, мәжіліс заңды дұрыс шығармаған" деп наразылық білдірді. Мәжілісте оларға депутаттар Кәрібай Мұсырман, Бейбіт Мамыраев, Гүлнар Иксанова мен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова шықты.

Вице-министр жәрдемақы тағайындауда әкімдіктер тарапынан олқылық болып жатқанын айтты. Жақыпова 12 сәуірде көп балалы аналар мәселесі бойынша үкімет жанынан құрылған жұмыс тобының кезекті отырысы өтетінін, оған облыс әкімдері не облыс әкімінің орынбасарлары келетінін жеткізді.

- Отырыста әр ананың өтініші қалай орындалып жатқанын талқылаймыз. Отырысқа дейін Бақыт Сұлтановпен (Нұр-Сұлтан әкімі - ред.) жеке кездесу жағын қарастырамын. Кездесуде сіздердің өтініштеріңізді айтып, әкім орынбасарлары мен басқарма басшыларының сіздердің өтініштеріңізге дұрыс жауап бермей жатқанын жеткізгім келеді, - деді вице-министр.

Аналармен кездесуге шыққан мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман үкімет жұмысын сынады.

- 1 сәуірден бастап [жәрдемақы] алуы керек болатын. Ақпарат жүйелерінің дұрыс жұмыс істемеген деп жатыр. Біздің үкімет мұны шеше алмаған деп турасын айтуымыз керек. Сондықтан, алдағы уақытта бұл мәселе шешімін табуы керек, - деді депутат.

Наразы аналардың бірі "жәрдемақыны әкімдіктер емес, тікелей министрлік тағайындау керектігін" айтты.

Наразы аналар мәжіліске келген сәт. 11 сәуір 2019 жыл.
Наразы аналар мәжіліске келген сәт. 11 сәуір 2019 жыл.

4 ақпанға қараған түні Нұр-Сұлтанда (ол кезде Астана деп аталған) уақытша баспанадағы өрттен бір отбасының бес баласы (ата-аналары түнгі жұмыста болған деп хабарланды) мерт болғаннан кейін, Қазақстанның бірнеше қаласында аналар жаппай наразылық танытты.

Олар биліктен көп балалы отбасыларға әлеуметтік қолдауды күшейтіп, балаға төленетін жәрдемақыны көбейтуді, баспана мәселесін шешуді және жеңілдіктер беруді талап етті. Ақпанның соңы мен наурыздың басында жергілікті билік орындары ұйымдастырған кездесулерде наразы тұрғындар облыс және қала әкімдіктері шенеуніктеріне әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың ауыр жағдайын айтып, олардың проблемасына биліктің назар аударуын талап етті.

Наразылық күшейіп тұрған тұста - 27 ақпанда Нұр-Сұлтанда "Нұр Отан" партиясының 18-съезінде Қазақстанның сол уақыттағы президенті Нұрсұлтан Назарбаев көп балалы отбасындағы әр балаға 21 мың теңгеден төлеуді тапсырған.

Атаулы әлеуметтік көмек алуға құжат қабылдау 1 сәуірде басталған. Бұған дейін де Нұр-Сұлтан қаласында ондаған ана құжат өткізудің машақаты көп екенін айтып, шағымданған.

Жәрдемақы алу үшін кезек күткен аналардың шағымы. 8 сәуір 2019 жыл.

Жәрдемақы алу үшін кезек күткен аналардың шағымы
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:38 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG