Accessibility links

Ермұрат Бапи ЖСДП төрағалығынан кетіп, орнына Асхат Рақымжанов сайланды


Ермұрат Бапиды ЖСДП басшылығынан алып, партиядан шығарды
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:58 0:00

Алматыда 6 қыркүйекте болған "Ақиқат" жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) 15-съезінде партия басшылары ауысты.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, жиында күн тәртібіне қазіргі басшыларға сенімсіздік білдіру мәселесі шығарылып, ақырында партия басшысы Ермұрат Бапи төрағалықтан кетті. Оның орнына Асхат Рақымжанов партия басшысы болып сайланды. Ермұрат Бапи сонымен бірге партиядан да шығарылды.

Жиында кейбір партия мүшелері Бапидың партияға саяси күштерді тарту жұмыстарына сенбейтінін, оның бір топ белсенділермен бірге Парижге барып, елдің бұрынғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдин, Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалимен партияның рұқсатынсыз кездескенін айыптаған.

Олар ЖСДП-ның бұрын белсенді партия болғанын айтқан. Кейбір азаматтар партияның бұрынғы төрағасы Жармахан Тұяқбайдың съезге шақырылмағанына назар аударған. Олар партияның бұрынғы логотипін қалдыруды да ұсынған. Залда отырғандардың көпшілігінің көңіл-күйін байқаған Ермұрат Бапи дауласпай-ақ қызметінен кететінін мәлімдеген.

Дегенмен жиында сөйлеген кейбір азаматтар Ермұрат Бапиды қолдаған. Съезд соңында сөйлеген Ермұрат Бапи мұны партия ішіндегі алауыздық деп бағалады.

"Елдегі жалғыз оппозициялық партияны жерледіңіздер" деп Ермұрат Бапи отырыс бітпей жатып, залдан шығып кетті.

Азаттық тілшісіне берген сұхбатында Ермұрат Бапи бүгінгі жиынға өзі де партия төрағалығынан кету туралы оймен келгенін, бірақ бұл ойын айтып үлгермегенін, өзінің орнына белсенді Жанболат Мамайды ұсынбақ болғанын айтты.

Партияның жаңа төрағасы Асхат Рақымжанов бұған дейін партияның Нұр-Сұлтан қалалық бөлімшесіне жетекшілік еткен.

Қазақстанда өздерін оппозициялық ұйым атайтын Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның төрағасы Жармахан Тұяқбай 26 сәуірде өткен партия съезінде төраға қызметінен кетіп, оның орнына "Дат" газеттер жобасының жетекшісі, журналист Ермұрат Бапи сайланған еді. Осы кезде партия атауы "Ақиқат" ЖСДП болып өзгерген.

Биыл кезектен тыс президент сайлауы қарсаңында сайлаудың әділ өтетініне күмән келтірген партия өкілдері "2021 жылға жоспарланған парламент сайлауына дайындалайық" деп сайлауға түсуден бас тартқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG