Accessibility links

Қарағандыда журналист құрылыс компаниясының күзетшісі шабуылдағанын айтты


Қарағандыдағы 101tv.kz интернет-телеарнасының журналисі Ботагөз Омарова өзіне Eurasia Building құрылыс компаниясының кеңсесі орналасқан ғимаратта шабуыл жасалғанын хабарлады.

Омарованың айтуынша, ғимаратта басшылық пен жалақы төлеуді талап еткен бірнеше ер адамды көрген. Журналист видео түсіре бастағанда оған күзетші жүгіріп келіп, телефонын тартып алып, видеоны өшіріп тастаған. Тілші полицияны шақырып, арыз жазған. Кейін Ботагөз Омарова кәсіби қызметіне кедергі келтіру фактісі бойынша екінші арызын жазу үшін бөлімшеге барған.

- Күзетші мені ғимараттан көшеге итеріп шығарып жіберді, телефонымды алып қойып түсірген видеоны өшіріп тастап, мені жұдырықпен ұрды. Мен жерге құладым. Күзетшіні көмекке келген басқа ер адамдар тоқтатты. Телефонымды қайтарып алып, полиция шақырттым. Куәгерлер бар. Кеуде жағым ауырып тұр. Полиция жарақаттарымды нақтылау үшін экспертизаға жіберді. Алайда сараптама орталығы сағат 12-ге дейін істейді екен. Мен үлгермедім. Ал сәрсенбі күні жұмыс істемейді. Енді бейсенбі күні ғана барамын. Бұған дейін осы күзетші менімен бұл компанияға келген кезде де қатты дөрекі сөйлескен, - деді журналист Ботагөз Омарова.

Қарағанды облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиға болғанын растап, сараптамадан кейін нақты процессуалдық шешім шығатынын хабарлады.

Азаттық тілшісі Eurasia Building компаниясының басшылығымен байланысуға тырысты. Телефон арқылы журналистің сұрағын естігенде, қабылдау бөлмесіндегі қызметкерлер басшылықтың жоқ екенін айтып және басқа нөмірлерге хабарласуды сұраған, бірақ қоңырауларға жауап болған жоқ.

Биыл қаңтар айында Eurasia Building компаниясы 101tv.kz интернет-телеарнасын сотқа берген. 101tv.kz "Жайлы тұрғын үй" кешенінің құрылысы аяқталмай жатқаны жайлы бейнесюжет берген. Арызданушы тарап “журналист Омарова абыройымызға нұқсан келтірді” деп есептейді.

Ботагөз Омарова мен адвокаты арызданушы тарап арызды заңға сай түсірмегенін айтып, Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына қайта шағымданған. Сот журналист пен адвокат арызын қолдап, шағымды қайта кері қайтару туралы қаулы қабылдаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG