Accessibility links

СІМ: Мақтаралдағы су апатына байланысты Қазақстан Өзбекстанға наразылық нотасын жібермейді


Қазақстан президентінің резиденциясы
Қазақстан президентінің резиденциясы

Түркістан облысы Мақтарал ауданындағы су апатына байланысты Қазақстан Өзбекстанға наразылық нотасын жібермейді. Бұл хабарды Қазақстанның сыртқы істер министрлігі таратты .

Бүгін, мамырдың 5-іне түстен кейін Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Түркістан облысы Мақтарал ауданындағы су апатына байланысты түсініктеме берді.

- Биыл 2 мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевпен телефон арқылы сөйлескені және сұхбат барысында екі ел үкіметі үйлесімді жұмыс атқаратыны туралы уағдаласқаны мәлім. Су басу салдарын бірлесіп жою бойынша үкімет пен шекаралас өңір басшыларының өзара іс-қимылын назарға ала отырып, өзбек тарапына Қазақстан сыртқы істер министрлігінің нотасын жолдау мәселесі қарастырылмайды,- деді Айбек Смадияров.

Ресми өкілдің сөзінше, премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр бастаған үкімет комиссиясы Сардоба су қоймасындағы апаттан кейінгі бірлескен іс-қимылды пысықтау үшін ертең Өзбекстанға барады.

Бүгін, мамырдың 5-іне түске қарай Қазақстан ақпарат құралдары экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Сергей Громовтың "Өзбекстанға наразылық нотасы әзірленіп жатыр" деген хабарын таратқан.

Сергей Громов "Сардоба су қоймасы Қазақстанның келісімінсіз салынған. Бүгін нота әзірледік, сыртқы істер министрлігі арқылы Өзбекстанға жіберілетін нотада шекара бойындағы Сырдария алабына салынған нысандардың толық тізімін сұрадық" деген еді.

Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеев таратқан ақпаратқа қарағанда, Өзбекстандағы су қоймасының апаты салдарынан Түркістан облысының Мақтарал ауданында 845 үй, 3 мектеп, 5 балабақша, 4 медицина ғимараты мен мәдениет үйі және 54,7 км көпір мен жолды су алған. Мұнан өзге 7639 га егістік су астында қалған.

Бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының 10 ауылын су алып, 22 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланды деп мәлімдеген болатын.

1 мамырда Мақтарал ауданына жақын Өзбекстанда Сардоба су қоймасы жарылып, айналасындағы ауылдарды су алған. Ертеңіне Түркістан облысы Мақтарал ауданындағы бірнеше ауылға тасқын су кіріп, ауданда төтенше жағдай жарияланған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG