Accessibility links

Минскіде мыңдаған адам президент сайлауының қорытындысына наразылық білдірді


Минскідегі акция. 16 тамыз 2020 жыл.
Минскідегі акция. 16 тамыз 2020 жыл.

16 тамызда Минскіде мыңдаған адам президент сайлауының қорытындысына наразылық білдірді. Қарсылық акциясы "Минск – батыр қала" стеласы аумағында өтті.

TUT.BY агенттігінің жазуынша, шараға кемінде 60 мыңнан астам адам жиналған. Кейбір мәліметке сүйенсек, олардың саны 100 мыңнан асқан. "Интерфакстың" хабарлауынша, жиналғандар төрт бөлікке бөлінген монументтің жан-жағына шоғырланған. Наразылар шараға ту, гүл, шар ұстап келген.

Ақпарат құралдарының жазуынша, акция өткен жерде мобильді байланыс болмаған. Елдің түкпір-түкпірінен келген наразылар "Кет!", "Лукашенконы автозакқа отырғыз" деп айқайлап, ұрандатқан.

Наразылар дауысты қайта санауды талап етіп, құқық қорғау органдарының қарапайым халыққа күш қолдануына қарсы шыққан. Мұндай акциялар жексенбі күні Витебск, Гомель, Гродно, Барановичте өткен. Беларусьтегі наразылық акцияларын Украина, Германия, Оңтүстік Корея, Мальта, Чехияда да қолдаған.

Азаттықтың Беларусь қызметі оқиға орнынан тікелей эфирде хабар таратты:

Жексенбі күні Тәуелсіздік алаңында билікті қолдаған акция өтті. Ресми мәлімет бойынша, оған шамамен 70 мың адам қатысқан. Бірақ кейбір мәліметке сүйенсек, жиналғандар 15 мыңнан аспаған.

Олардың алдында президент Александр Лукашенко сөйледі. Ол қарсыластарын айыптап, сайлау қорытындысы бұрмаланды деген тұжырымды жоққа шығарған.

Ақпарат құралдарының жазуынша, Минскідегі билікті қолдау акциясына азаматтар арнайы автобус және пойыздармен елдің түкпір-түкпірінен әкелген. Бірі үкіметті шынымен қолдап келсе, бірі жұмысынан айрылам деп қорыққандықтан немесе ақшалай сыйақы алғандықтан келген.

9 тамыздан бері Беларусьте наразылық акциялары жалғасып келеді. Орталық сайлау комиссиясының ресми қорытындысы бойынша, 9 тамызда өткен президент сайлауында қазіргі басшы Александр Лукашенко жеңген. Ал наразылар сайлау қорытындысы бұрмаланды деп есептеп, дауысты қайта санауды талап етеді. Арнайы жасақ пен милиция наразыларды таратып, ресми мәлімет бойынша бір адам қаза болған. Мыңдаған адам ұсталған. Жүздеген адам жараланған. Еуроодақ наразыларды күшпен басуға бұйрық берген билік өкілдеріне санкция салатынын ескертті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG