Accessibility links

Министр Kaspi.kz жайлы: "Бір банктегі ақау тұтас ақпарат жүйесінің осалдығы деп бағаланбауы тиіс"


Бағдат Мусин.
Бағдат Мусин.

Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин 29 қазан күнгі брифинг кезінде Kaspi.kz қосымшасындағы "техникалық ақауға" байланысты түсініктеме берді.

– Бұл – жеке ақпараттық жүйе. Егер жеке мәліметті өңдеу және пайдалану яғни, ақпарат қауіпсіздігі мәселесі бойынша шағым түссе, оған реакция таныта аламыз, – деді Мусин.

Оның сөзіне қарағанда, сәрсенбідегі оқиғадан кейін Қазақстан азаматтарының жеке мәліметін ұрлау немесе бүлдіру, заңсыз пайдалану сияқты ақпарат түспеген, сәйкесінше тексеру жұмыстары да жүргізілмеген.

Министр брифинг кезінде бір банк жүйесіндегі ақауды тұтас ақпарат жүйесінің осалдығы деп бағалауға болмайтынын атап өтті.

– Айталық, көлік көп жүретін жолда апат та жиі болып тұрады. Сол үшін де ақпараттық қауіпсіздік комитеті құрылған. Егер қандай да бір оқиға болса, реакция танытамыз. Бір банктегі ақау осалдық, Қазақстан заңнамасына қайшы қандай да бір әрекет деп бағалануы тиіс деп санамаймын, – деді Мусин.

Оның сөзіне қарағанда, кез келген банкте осыған ұқсас жағдай туындаса, арнайы стандарт бойынша "дерек қорын интернеттен ажырату, әлсіз тұстары мен себептерін анықтау" сияқты стандарт әрекеттер іске асырылады.

Мусиннің айтуынша, банктермен жасалған арнайы келісімде жеке мәліметті заңсыз пайдаланған қаржы мекемесін жауапқа тарту жағы қарастырылған. Ақпараттық қауіпсіздік бұзылғаны жайлы шағым түссе, цифрландыру министрлігі нысанды тексереді.

28 қазанда қазақстандықтар арасында танымал Kaspi.kz қосымшасы істемей, көп адам төлем жасауда қиындық болғанын айтты. Сәрсенбі күні таңертең кейбір қолданушылар есепшотындағы ақшаның жоғалып кеткенін, кейбірі көбейіп кеткенін хабарлады. Әлеуметтік желіде "кибершабуыл жасалғаны" туралы да ақпарат тарады, бірақ банк бұл ақпаратты тез арада жоққа шығарды.

Банктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, "техникалық ақау" салдарынан кейбір клиенттердің есепшотындағы ақша дұрыс көрсетілмеген. Қаржы мекемесі ақау жойылғаннан кейін бәрі қалпына келеді деді.

Банк мәліметінше, Kaspi.kz қосымшасын 7 млн-нан астам адам қолданады.

Қазақстан қор биржасының (KASE) мәліметінше, 1 қазан күнгі жағдай бойынша, Kaspi.kz акционерлік қоғам акциясының үштен бірі директорлар кеңесінің төрағасы, кәсіпкер Вячеслав Кимге тиесілі. Қазан айының ортасында компания алғаш рет Лондон биржасына акциясын шығарып, инвесторлардан шамамен миллиард доллар алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG