Accessibility links

Белсенді Ержан Елшібаевты қолдау жөнінде БҰҰ-ға үндеу жіберілді


Ержан Елшібаев.
Ержан Елшібаев.

Әлемдегі ар-ұждан тұтқындарының құқықтарын қорғаумен айналысатын америкалық Freedom Now үкіметтік емес ұйымы Қазақстан билігін жаңаөзендік жұмыссыз жастар белсендісі Ержан Елшібаев және түрмеде отырған өзге де белсенділерді босатуға шақырды. Вашингтонда орналасқан ұйым сәрсенбі күні таратқан баспасөз хабарламасында Елшібаевтың қамалуына байланысты БҰҰ-ның жұмыс тобына үндеу жібергенін хабарлаған.

Үкіметтік емес ұйымының сайтында жарияланған құжатта Елшібаевтың пікір айту, жиналу құқығын бейбіт жүзеге асырғаны үшін қудаланғаны жазылған.

"Ержан Елшібаевтың заңсыз ұсталуы Қазақстанның өз азаматтарының негізгі құқықтарын қорғай алмайтынын айғақтайды. Уәде етілген реформаны жүзеге асырудың орнына президент [Қасым-Жомарт] Тоқаев пен үкіметі реформаға үндеген бейбіт демонстранттарды қудалады" деген Freedom Now ұйымының құқықтық мәселелер бойынша қызметкері Адам Ледмат.

Былтыр қазан айында Жаңаөзен соты Елшібаевты 5 жылға бас бостандығынан айырған. Сот оны "Денсаулыққа қасақана зақым келтіру" (Қылмыстық кодекстің 106-бабы, 2-бөлігі) бабы бойынша кінәлі деп тапқан. Қараша айында Ақтау соты Елшібаевтың апелляциялық шағымын қанағаттандырмады.

Елшібаевтың өзі және құқық қорғаушылар, жақтастары істің саяси астары барын айтты. Құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқын" деп атаған.

"БҰҰ-ның жұмыс тобы Елшібаевтың негізгі құқықтары, ең бірінші кезекте пікір айту еркіндігі бұзылды деген қорытынды жасайтынына сенімдіміз. Freedom Now Қазақстан үкіметін халықаралық міндеттемелерін орындап, Елшібаев пен түрмеде отырған өзге де белсенділерді шұғыл босатуға шақырады" делінген ұйым хабарламасында.

Өткен айда Ержан Елшібаев Түркістан облысы Ленгер қаласы Шахта Тоғыз елді мекені маңындағы ИЧ-167/9 түзеу мекемесінен Қызылордадағы ЗК-169/5 колониясына ауыстырылған. ИЧ-167/9 түрмесінде отырған кезде белсенді қысым көрсетілгенін бірнеше рет мәлімдеген. Туыстарының айтуынша, басқа колонияға ауыстырылғанға дейін ол жазаны қысқарту немесе Маңғыстау облысындағы (туған өлкесі) колонияға ауыстыру туралы өтініш түсіруді жоспарлаған.

32 жастағы Жаңаөзен тұрғыны Ержан Елшібаев 2019 жылы ақпан және наурыз айларында Маңғыстау облысындағы моноқалада өткен наразылықта белсенділігімен көзге түскен. Ол сол уақытта әкімдік ғимаратының алдына жиналған қала тұрғындарымен бірге сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу жасаған. Осыдан соң жергілікті жұмыссыз жастар билікті диалогқа шақырып, жұмысқа орналастыру бойынша меморандум жасауды ұсынған. Кейінірек белсенділер биліктің қысымына ұшырағанын мәлімдеп, шағымданған.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, Қазақстанда билікті сынайтын белсенділер әкімшілік немесе қылмыстық қудалауға ұшырап, кейде бас бостандықтарынан да айырылып жатады. Қыркүйек айында саяси тұтқындар тізімі алты адаммен толықты.

Қазақстан билігі елде саяси тұтқын барын жоққа шығарады және билікті сынайтындар қудалауға ұшырайды деген тұжырыммен келіспейді. Халықаралық Amnesty International ұйымының жазуынша, Қазақстанда белсенділерді бұлыңғыр баптармен жиі соттайды және былтыр Тоқаев билікке келгеннен кейін "репрессия онан сайын үдеген".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG