Accessibility links

"ҚДТ-ға қатысы бар" деп қамалған белсенді тергеу изоляторында соққыға жығылды


Қазақстандағы қамау орындарының бірі. Көрнекі сурет.
Қазақстандағы қамау орындарының бірі. Көрнекі сурет.

Құқық қорғаушылар "ҚДТ-ға қатысы бар" деп айыпталған астаналық белсенді Асқар Қайырбектің тергеу изоляторында соққыға жығылғанын хабарлап, құзырлы органдарды оқиғаны тексеруге шақырды. Адвокат Гүлшат Амантаева 11 күні Нұр-Сұлтандағы ЕЦ-166/1 тергеу изоляторында отырған Қайырбекке кіріп шыққан кезде қолына екі бетке жазылған шағымды ұстатқан. Онда Қайырбек оқиғаның қалай болғанын баяндаған.

Хатта Қайырбек мекеме қызметкерінің оңаша шақырып алып "басқа адаммен сөйлесіп тұрсың деген сылтаумен" оны ұрып-соққаны, артынша "түрме қызметкеріне қол көтерді" деп жала жауып, қоқан-лоқы көрсеткені жазылған. Дүйсенбі күні изоляторға барған адвокат Қайырбектің денесін тексерген кезде ішінің көгергенін байқаған.

"Қайырбек оған (мекеме қызметкеріне) саусағын да тигізбегенін айтты. Тек өзін ұрып-жатқан кезде балағаттап қойдым деді. Желке тұсын көрсетіп, осы жерден екі рет ұрды деді. Ішінен, кеудесінен де ұрғанын айтты. Денесін тексерген кезде іші көгергенін көрдім. Өз-өзіңді бұлайша жарақаттап алу мүмкін емес" деді ол Азаттық тілшісіне.

Адвокаттың сөзіне қарағанда, Қайырбектің құлағы ауыратындықтан ол үнемі басына жылы мата орап жүреді. Түрме әкімшілігі соны біле тұра оған медициналық көмек көрсетпеген. Мекеме бастығының орынбасары адвокатқа оқиғаны зерттеп, "қызметкердің кінәлі екені анықталса, жазалаймыз" деп айтқан.

ЕЦ-166/1 мекемесі әкімшілігі әзірге түсініктеме бермеді. Нұр-Сұлтан қалалық қылмыстық атқару департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 10 қаңтарда "сайлауға қатысып, мекеме басшыларына шағым түсіруге мүмкіндігі болған" Қайырбектен осы уақыт аралығында "ешқандай арыз түспеген". Адвокаттың әлеуметтік желідегі шағымына реакция танытқан департамент өкілдері "бұл фактіні қылмыстық-атқару комитеті тіркеді, департамент басшылығы қызметтік тексеріс жүргізу туралы шешім қабылдады" деп жазған.

Асқар Қайырбек - Нұр-Сұлтанда адам құқығын қорғау, жер мәселесі, саяси тұтқындарды босатуды талап еткен наразылықтарға белсене қатысқан азамат. Ол азаматтық белсенділігі үшін бірнеше мәрте 5-15 тәулікке қамалған. 2020 жылдың соңында үстінен қылмыстық іс қозғалып, "тыйым салынған ұйымды ұйымдастырды" (оппозициялық саясаткер құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына Қазақстан соты тыйым салғанмен Еуропарламент бейбіт ұйым деп атаған - ред.) деген айыппен қамалған. Құқық қорғаушылар оның "саясиланған іспен қудаланып" отырғанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG