Accessibility links

Журналист Джоанна Лиллис: Батыс аудиториясы Қазақстанға аса қызыға бермейді


Журналист Джоанна Лиллис. Алматы, 18 ақпан 2021 жыл.
Журналист Джоанна Лиллис. Алматы, 18 ақпан 2021 жыл.

Британ журналисі Джоанна Лиллис Азаттыққа берген сұхбатында батыс оқырманы Қазақстандағы оқиғаларға көп қызыға бермейтінін, сөз бостандығы шектеулі елде жұмыс істеудің қиындығын айтады.

"Диалогтар" – Азаттықтың қазіргі заманғы журналистика жайлы жобасы. Бұл – журналистермен мамандықтың қыр-cырын, ақпарат құралдарының билікпен және қоғаммен қарым-қатынасын, жұмыстағы қиындықтар мен елде болып жатқан әлеуметтік-саяси оқиғаларды талқылауға арналған сұхбаттар сериясы.

Жобаның жаңа кейіпкері – британ журналисі Джоанна Лиллис. Журналист жұбайымен бірге 20 жылдан астам уақыт бойы Орталық Азияда тұрып жатқан Лиллис 16 жылдан бері Қазақстан туралы жазып жүр. Қазір ол Ұлыбританияның The Economist, The Guardian басылымдарымен жұмыс істейді және Орталық Азиядағы оқиғалар туралы ағылшын және орыс тілінде хабар тарататын Eurasianet сайтына мақала жазады. Үш жыл бұрын Джоанна Лиллистің "Қара көлеңке: Қазақстанның құпия әлемінің ішінде" деген кітабы жарық көрді. Кітапта Нұрсұлтан Назарбаевтың билікті жеке дара иемденіп алуы мен өзге де маңызды оқиғалар, елдің дамуына әсер еткен саяси және әлеуметтік жағдайлар баяндалады.

Азаттық: Қазақстанда қанша жылдан бері жұмыс істейсіз? Бұл жаққа қалай келдіңіз?

Джоанна Лиллис: Қазақстанға 2005 жылы келдім. Оған дейін бес жыл Өзбекстанда BBC Monitoring бөлімінде жұмыс істедім. Онда тікелей хабар таратумен айналысқан жоқпыз. Тек Орталық Азиядағы оқиғаларды бақылап, жергілікті ақпарат құралдарына мониторинг жүргізіп отыратынбыз. Келісімшартым аяқталған кезде Қазақстанға көшемін деп шештім. Көп жылдан бері Ұлыбританияда тұрмағандықтан, елге қайтқым келмеді.

Азаттық: Өзбекстанда қалмай, Қазақстанға көшуіңізге не себеп болды?

Джоанна Лиллис: Өзбекстанда ВВС-мен ары қарай фрилансер ретінде жұмыс істеуіме мүмкіндігім болмады. Ол кезде билік Ислам Каримовтың қолында еді, Өзбекстан жабық мемлекет болатын. Әрине, ол кезде саяси оқиғалар белсенді жүріп жатқан Қырғызстанға көшуге болар еді. Бірақ маған Қазақстан аса қызық әрі күрделі ел болып көрінді. Бұл мемлекет оқырманыма қызық болар деп ойладым. Оның үстіне, ол кезде батыстағы ақпарат құралдарында Қазақстан туралы көп айтыла бермейтін.

Азаттық: Орталық Азияға қызығушылығыңыз қалай оянды?

Джоанна Лиллис: Совет одағы тарамай тұрып, колледжде орыс тілін үйрене бастадым. Осылайша бұрын СССР құрамында болған елдерге әу бастан қызықтым. Ол кезде орыс тілін үйрену ерекше көрінетін. Колледж бітірген соң университетте де орыс тілін меңгеруді жалғастырдым. Горбачевтың қайта құру саясаты, Совет одағының тарауы сияқты 1980-90 жылдары болған оқиғалар қызық көрінді. Мәскеуге барып, жұмыс істеуге мүмкіндік туған кезде бірден кірістім.

Азаттық: Үлкен геосаяси оқиғалар бүкіл әлемнің назарын аударады. Ал батыс оқырманына қазіргі заманғы Қазақстан қаншалықты қызық?

Джоанна Лиллис: Шынымды айтсам, батыс аудиториясы Қазақстанға аса қызыға бермейді. Олардың қызығушылығын ояту үшін үнемі халықаралық ақпарат құралдарының назарын аударатын көкейкесті тақырыптар іздеуге тура келеді. 2001 жылы Нью-Йоркте жасалған терактіден кейін Орталық Азия өңіріне қызығушылық артты. Одан кейін Ауғанстанда соғыс басталды, АҚШ Тәжікстан мен Қырғызстанға әскери базасын әкелді, басқа да көп маңызды оқиға болды.

Батыс аудиториясына тақырып іздеу – Орталық Азия мен Қазақстанда жұмыс істейтін батыс журналистері үшін бас қатыратын мәселе. Оқырманды Ресей жаңалықтары көбірек қызықтырады, олар Қазақстанның қандай ел екенін мүлде білмеуі де мүмкін. Қазақстан жайлы мақала ТМД немесе Ресейге қатысты тақырып аясында жазылған кезде ғана оқылады. Сондықтан бізге, журналистерге үнемі елге деген қызығушылықты арттыру үшін жұмыс істеуге тура келеді.

Журналист Джоанна Лиллис. Алматы, 18 ақпан 2021 жыл.
Журналист Джоанна Лиллис. Алматы, 18 ақпан 2021 жыл.

Азаттық: Қазақстанға қызығушылықты қалай арттырасыздар? Қандай тақырыптар жақсы оқылады?

Джоанна Лиллис: Негізі бұл редакцияларға және олардың қандай тақырыпты қабылдауға дайын екеніне байланысты. Оқырманға саяси оқиғалар, мысалы, президент немесе парламент сайлауы қызық. Біз материалдарымызда бұл оқиғаларды айтумен ғана шектелмей, оқырманға қазіргі Қазақстанның қандай мемлекет екенін көрсетуге тырысамыз. Яғни, ел жөнінде толығырақ айту үшін жаңалықты пайдаланамыз.

Өкінішке қарай, біз сайлау туралы жазғанда батыс оқырманын Қазақстанда сайлау оппозициясыз өткені таңғалдырды. Оларға осындай сәттер қызық. Әрине, бұл Қазақстанның беделіне жақсы әсер етпейді, бірақ тағы да қайталаймын, аудитория осындай тақырыптарды жақсы оқиды. Мен әлеуметтік тақырыптарды да қамтуға, мысалы, Қазақстандағы тіл мәселесі жайлы жазуға тырысамын. Ағылшын тілінде оқитын оқырман Қазақстанда қазақ және орыс тілдерінің неліктен және қалай қатар қолданылатынын білгісі келеді. Мүмкіндігінше, мәдени тақырыптарға да тоқталамын. Бірақ ол үшін қызықты ақпарат табу керек. Мысалы, бірнеше жыл бұрын Қазақ хандығы фильмі туралы жазғаным оқырмандарға ұнаған. Батыс аудиториясын мәдениет, тарих пен саясат тақырыптары қызықтырады.

Азаттық: Журналист ретінде сөз бостандығы шектелген елде жұмыс істеу қиын емес пе? Ақпарат алу қаншалықты оңай?

Джоанна Лиллис: Әрине, ондай мәселе бар. Бірақ жалпы алғанда, билік жергілікті ақпарат құралдарына қысым көрсеткенімен, ірі ақпарат агенттіктерінің өкілі саналатын шетел журналистері әлдеқайда еркін жұмыс істей алады. Қазақстанда қарапайым адамдардың өзі журналистермен сөйлесуге ықылас білдіре бермейтінін байқаймын. Мұнда саяси тақырыптарды ғана меңзеп отырған жоқпын. Адамдар әдетте күдікпен қарайды, басына бәле тілеп алғысы келмейді. Шенеуніктер де өзін томаға-тұйық ұстайды. Ұлыбританияда шенеуніктер мен үкімет әлдеқайда ашық әрі сұрақтарға еркін жауап береді. Қазақстанда да жауап береді, бірақ ол үшін сұрақты алдын-ала жіберіп, ұзақ уақыт бойы жазбаша жауап күтуің керек.

Азаттық: Сізге қазақстандық арнаулы қызмет тарапынан қысым жасауға тырысқан кездер болды ма?

Джоанна Лиллис: Білуімше, ондай талпыныс болған емес. Бірақ өңірдегі кей оқиғаларға қатысты хабар таратқан кезде өзімді арнаулы қызметтің назарына іліккендей сезінетінмін.

Азаттық: Бұл неден байқалады? Ізіңізге түсіп, аңдығанын сезесіз бе, әлде сізбен сөйлесуге тырысып көре ме?

Джоанна Лиллис: Жоқ, олар мен сұхбат алған адамдардан жауап алып, не туралы сөйлескенімізді сұраған.

Азаттық: Бірнеше жыл бұрын сіз Қазақстан туралы кітап жаздыңыз. Онда бірінші кезекте, елдегі саясаттың сырт көзге байқалмайтын тұстары баяндалған. Бұл кітапты батыс аудиториясы қалай қабылдады?

Журналист Джоанна Лиллис кітабын көрсетіп отыр. Джоаннаның жеке архивіндегі фото.
Журналист Джоанна Лиллис кітабын көрсетіп отыр. Джоаннаның жеке архивіндегі фото.

Джоанна Лиллис: Өте жақсы қабылдады. Кітаптың осындай қызығушылық туғызғанына таңғалдық. Әрине, бұл жаппай оқуға арналмаған салалық тақырып. Негізінен Ресей туралы кітаптар жақсы өтеді. Кітаптың бірінші басылымы тез сатылып кетті, сондықтан бізге қосымша тиражға тапсырыс беруге тура келді.

Азаттық: Кітаптың тиражы үлкен болды ма?

Джоанна Лиллис: Екі мың дана. Батыста бұл осындай ерекше тақырыпта жазылған кітап үшін жақсы тираж саналады.

Азаттық: Не себепті Қазақстан батыс оқырманына қызық емес?

Джоанна Лиллис: Адамдар Қазақстан деген қандай мемлекет екенін, оның қайда орналасқанын білмейді деп ойлаймын. Осыдан барып "Жұрт неге өзі білмейтін мемлекет туралы оқуы керек?" деген мәселе туады. Әрине, бұл мәселенің шешімін табу керек. Оның үстіне, Қазақстанның ақпарат құралдарынан түспейтін Ресей мен Қытай сияқты үлкен көршілері бар. Батыс ақпарат құралдары (тек олар ғана емес) ақпаратты саяси тұрғыдан ғана жеткізуге тырысады. Ал мен барлық кезде бірдей олай жасағым келмейді. Адамдардың Қазақстан мен Орталық Азияны Қытай мен Ресейдің көршісі деп қана емес, қызық оқиғалары көп тәуелсіз мемлекет ретінде танығанын қалаймын.

Азаттық: Жұбайыңыз Пол Бартлетт те журналистика саласында істейді. Онымен қалай таныстыңыз?

Джоанна Лиллис: Күйеуіммен 1990 жылдары Мәскеуде таныстық. Ол – британ азаматы. Екеуіміз бірге Мәскеуден Өзбекстанға көштік. Ол да мен сияқты Орталық Азияға қызығады. Оның қызығушылығы жұмыс барысында оянды. Спорт және мәдениет туралы жазғанды ұнатады. Үлкен саясатқа қызықпайды.

Журналист Джоанна Лиллис (сол жақта) пен жұбайы Пол Бартлетт. Алматы, 18 ақпан 2021 жыл.
Журналист Джоанна Лиллис (сол жақта) пен жұбайы Пол Бартлетт. Алматы, 18 ақпан 2021 жыл.

Азаттық: Қазақстанда не ұнайды? Не нәрсеге көңіліз толмайды?

Джоанна Лиллис: Бәрінен де адамдары ұнайды. Халқы қонақжай, бұл жақтан жақсы достар таптым. Қазақтар мен қазақстандықтар – өте ашық әрі тура адамдар. Не ұнамайтынына келсек, бірінші кезекте Алматының көк түтіні мен кептелісі дер едім, автокөліктер де ауаны ластайды. Үкіметтің бұл мәселемен күрес жүргізбей отырғаны ұнамайды. Өйткені бұл миллиондаған адамның денсаулығына қауіп төндіріп отырған проблема. Әрине, Қазақстан үкіметі азаматтардың құқығын бұзғаны жайлы азырақ жазсам деймін. Қазақстанда таңдау еркіндігі мен саяси бостандық болғанын, адам құқықтарына құрмет артқанын көргім келеді.

Азаттық: Он жылдан кейінгі қазақстандық журналистиканы қалай елестетесіз?

Джоанна Лиллис: Бұл Қазақстандағы саясаттың қалай дамитынына, билікте кімнің отыратынына, басқарушының қандай болатынына байланысты. Әрине, мұның бәрі [Нұрсұлтан] Назарбаевтың кетуіне байланысты болады. Біз оның қашан және қалай кететінін білмейміз. Қазақстанда сөз бостандығы мен ақпарат құралдарының еркіндігін құрметтеу қолға алынбаса, он жылдан кейін де еркін пікір білдіру құқығына байланысты мәселе шешілмеген күйі қалады. Бірақ оптимизмге де себеп бар: Қазақстанда көп мәселеге қарамастан, маңызды жұмыспен айналысуға мүмкіндік пен кеңістік табатын тамаша журналистер жетерлік. Шындықты жазуға тырысып жүрген журналистер осы ісін жалғастыра берсе, бәрі жақсы болады деп ойлаймын.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG