Accessibility links

Министрмен кездесуді талап еткен бір топ ана Нұр-Сұлтан әкімдігінде қонып шықты


Биліктен мүгедек бала тәрбиелеп отырған немесе мүгедектігі бар ата-аналардың баспана мәселесін шешуді талап еткен ата-аналар акциясы. Нұр-Сұлтан, 16 желтоқсан 2020 жыл.
Биліктен мүгедек бала тәрбиелеп отырған немесе мүгедектігі бар ата-аналардың баспана мәселесін шешуді талап еткен ата-аналар акциясы. Нұр-Сұлтан, 16 желтоқсан 2020 жыл.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрімен кездесуді талап еткен бір топ ана Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде қонып шықты. Мүгедек балалардың құқықтары бұзылып жатқанын және мемлекет тарабынан көмектің барған сайын азайып бара жатқанын алға тартқан аналар "министр келмейінше әкімдіктен шықпайтынын" айтып отыр.

Жиналғандардың бірі Әсел Ахметова соңғы кезде ана мен бала емес, шенеуніктің мүддесіне сәйкес түзетулер қабылданып жатқанын айтып, қарсылық білдірді.

- Жылдан жылға мүгедектігі бар балаларға көрсететін қызмет сапасы нашарлап барады. Санаторий-курортта 14 күндік емдеуді 7 күнге қысқартып тастады. Енді алып жүруші адам санаторийде болғаны үшін ақша төлеуі тиіс. Баспана мәселесі де көп. Бұрын мүгедектігі бар балалар баспана кезегінде соғыс ардагерлерімен бірге тұратын. Оларға бірінші кезекте өтеусіз баспана берілетін. Енді түзетулер енгізіп, мүгедек балаларды жалпы тізімге енгізіп тастаған. Оларды қорғауы тиіс заң талаптары орындалмайды, - деді Әсел Кәрібаева.

Төрт баланың анасы Әсемгүл Ахметова мүгедек бала баққаны үшін ата-анаға берілетін ақшаны электронды түрге айналдырмақшы екенін айтып, оның ата-аналар үшін өте ыңғайсыз екеніне шағымданды.

- Бұған қоса, бізде көк кітапша бар, онда бізді ата-ана емес, бағушы ретінде көрсеткен. Бізге берілетін заттар, памперс, ортопедиялық аяқ киімдер сапалы болса дейміз, - деді ол.

Жиналғандар бұдан да өзге мәселелерді көтерді. 1 наурызда аналарға әкімдік пен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің көмекшісі шыққан. Бірақ аналар министрдің өзінің келуін талап еткен.

Мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналар мемлекет тарабынан әлеуметтік көмектің аздығын алға тартып, жиі наразылық өткізеді. Былтыр 16 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі алдында он шақты ата-ана қоларба акциясын өткізіп, биліктің назарын өздерінің баспана мәселесіне аудартқысы келген.

2015 жылы Қазақстан БҰҰ-ның мүгедектер құқығы жөніндегі Конвенциясын ратификациялап, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қатысты көп міндеттемені мойнына алған. Бірақ кейбір мамандар осы уақыт аралығында мүгедектер жағдайына байланысты айтарлықтай өзгеріс көрмегенін айтады.

Желтоқсан айының басында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі өз ведомствосының мүгедек жандардың мәселесін қалай шешіп отырғаны туралы есеп беріп, 2025 жылға дейін 64 шарадан тұратын ұлттық жоспарды жүзеге асырып жатқанын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG