Accessibility links

Талдықорған соты "саяси тұтқын" Кенжебек Әбішевті түрмеде қалдырды


Кенжебек Әбішев.
Кенжебек Әбішев.

10 наурызда Талдықорған облыстық соты "Алауыздық қоздыру", "Терроризмді насихаттау" баптарымен айыпталып сотталған Кенжебек Әбішевтің түрме жазасын шартты жазамен алмастыру туралы Қапшағай қалалық сотының шешімінің күшін жойды. Осылайша 3 жыл 11 айдан астам уақыт түрмеде отырған Әбішев қамауда қалатын болды. Бұған дейін прокурор бірінші инстанцияда шыққан шешімге протест түсірген еді.

- Мен прокурордың протесте келтірген дәйектеріне наразылық білдірдім. Алайда судья Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 73-бабына сүйеніп, прокурордың протестін қанағаттандырды. Прокурор Әбішевтің экстремистік бап бойынша сотталғанын айтып, ол бап бойынша шартты жаза қарастырылмағанын, тек қылмысты ашуға көмектессе ғана болатынын алға тартқан. Ал Кенжебек Әбішев тергеу орындары аты-жөнін анықтай алмаған видеоны түсіріп, жариялаған үш адамның екеуін анықтауға көмектескен. Тіпті анкеталық деректері, телефондары да бар. Кенжебек Әбішев ол жайлы барлық жаққа жазған. Бірақ тергеу тарабы оларды ұстау, аты-жөндерін анықтау бойынша ешқандай әрекет қылмады. Әбішевтің қылмысты ашуға көмектескенін мойындағысы келмейді. Олар Кенжебек пен Алматты [Жұмағұлов] түрмеде қалдырғылары келеді. Болды, - деді адвокат Гүлнара Жуаспаева.

1 ақпанда Қапшағай қалалық соты Әбішевтің түрме жазасын шартты жазамен алмастыру туралы өтінішін қанағаттандырғанмен кейінірек прокурор протест түсірген. Дәл осыған ұқсас жағдай былтыр көктемде де қайталанған.

2020 жылы 13 наурызда Қапшағай қалалық соты Алматы облысының Заречный кентіндегі жалпы режимдегі колонияда (ЛА-155/14 орташа қауіпсіздік мекемесі) қамауда отырған белсенді Кенжебек Әбішевтің жаза мерзімін азайтқан болатын. Сол кезде оның мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығу туралы өтініш жазуына болатыны айтылған еді. Содан бері Әбішев ерте босап шығу туралы бірнеше рет өтініш жазған.

Кенжебек Әбішев 2018 жылдың 21 желтоқсанында "терроризмді насихаттады" және "ұлттық алауыздықты қоздырды" деп айыпталып, жеті жылға сотталған. 2019 жылы апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды. Қазақстандық құқық қорғаушылар Кенжебек Әбішевті саяси тұтқын деп таныған. Қазақстан билігі елде саяси тұтқындар жоқ деп есептейді.

Бұған дейін сот "саяси тұтқын", осы іс бойынша сотталған Алмат Жұмағұловты да түрмеде қалдырған.

Қарай отырыңыз: Сот "саяси тұтқын" Алмат Жұмағұловты қамаудан босатпады (24 ақпан 2021 жыл).

Сот "саяси тұтқын" Алмат Жұмағұловты қамаудан босатпады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:40 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG