Accessibility links

Шыңжаңдағы туыстарына араша сұрағандарды Алматыдағы АҚШ консулдығы қабылдады


Алматыдағы Қытай консулдығы алдында тұрған адамдар. 26 ақпан, 2021 жыл.
Алматыдағы Қытай консулдығы алдында тұрған адамдар. 26 ақпан, 2021 жыл.

12 наурызда жиырма шақты адам Қытай билігі туыстарын жазықсыз қудалап жатқанын айтып, АҚШ-тың Алматыдағы бас консулдығына барды. АҚШ дипломатиялық өкілдігі карантин тәртібіне байланысты 7 адамды қабылдаған. Кездесу екі сағатқа созылған. Оған БАҚ өкілдері кіргізілмеді. Консулдықта кездесуге қатысқан адамдар "өзіміздің де, өзгенің де мәселесін АҚШ елшілігі өкілдеріне жеткіздік" деді.

"Туыстарымыз Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі саяси үйрену лагерлерінде жазықсыз қамауда отыр" деген олар бір айдан астам уақыт бойы Алматыдағы Қытай консулдығының алдында наразылық білдіріп келеді.

Қытайда інісі қамауда отырғанын айтып, оны босатуды талап етіп жүрген, бұған дейін Қытай консулдығы алдына барып наразылық білдіргені үшін әкімшілік жазаға да тартылған Байболат Күнболатұлы АҚШ консулдығының қызметкерлері арызданушылардың шағымын мұқият тыңдағанын және қолдан келгенше көмектесуге уәде еткенін айтты.

"[АҚШ-тан] Шыңжаңда Қытай үкіметі жүргізіп жатқан геноцидті тоқтатуға, біздің туған-туыстарымызды Қытайдағы түрмеден шығарып, Қазақстанға жіберуге ықпал етуін сұрадық. Ол кісілер қолынан келгенше көмектесуге күш салатынын айтты" деді Азаттыққа сұхбат берген Байболат Күнболатұлы.

"Халықаралық ұйымдармен бірлесіп бір амалын жасап, бізге көмектесетін шығар деп сенім артамын" деді кездесуге барған Гүлпия Қазыбек.

АҚШ-тың Алматыдағы консулдығы Twitter парақшасында кездесу жайлы: "Бүгін біз туыстары Шыңжаңда ұсталып не хабарсыз кеткен қазақ отбасыларымен кездестік. Олардың басынан өткен жайттар қудалау үрейінсіз айтылуы керек, ал отбасылар бір-бірімен қайта табысуы тиіс" деп жазды.

АҚШ консулдығынан шыққан соң наразы топ Қытай консулдығы алдына қайта барды. Бұл – олардың 33 күннен бері үздіксіз өткізіп келе жатқан акциясы. Қытай консулдығы оларды бұл жолы да қабылдаған жоқ.

Қытай Шыңжаңда лагерьлер ашып, оған ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды қамап жатқаны жайлы ақпарат 2017 жылы тарай бастаған. Пекин басында лагерьлердің барын жоққа шығарып, кейін бұл жерлерді "терроризм мен экстремизммен күресетін және кәсіп үйрететін орталық" деп сипаттаған. БҰҰ "Шыңжаңдағы лагерьлерде бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылман отыр" деп мәлімдеген. Қамау орындарының ұлғайғаны, Қытайда негізсіз айыптармен сотталғандардың көбейгені жайлы зерттеулер жиі жарияланып тұрады. Құқық қорғаушылар мен тұтқында болғандар "лагерьлердегі азаптаулар" мен өзге де адам құқығын өрескел бұзу фактілер туралы талай куәлік берген.

АҚШ "Шыңжаңдағы мұсылмандарды қудалауға қатысы бар" қытай шенеуніктері мен компанияларына санкция салған. Ал "терроризммен күрес" әдісінің нәтижесінде Шыңжаңда "тыныштық орнап, аймақтың тұрақты дамып келе жатқанын" алға тартқан Пекин Вашингтонды "елдің ішкі ісіне араласпауға шақырған".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG