Accessibility links

Оралда ҚДТ мен "Көше партиясына" шыққан шешімді жоюды талап етіп, аштық жариялаған белсенді ұсталды


Аштық акциясын бастаған белсенділер Маруа Ескендірова, Дастан Базенов (сол жақта) және Амангелді Оразбаев.
Аштық акциясын бастаған белсенділер Маруа Ескендірова, Дастан Базенов (сол жақта) және Амангелді Оразбаев.

Оралда он күннен бері жалғасып жатқан аштық акциясына қатысушылардың бірі Амангелді Оразбаев ұсталды. Бұл туралы Азаттық тілшісіне аштық жариялаған өзге белсенді Орынбай Оқасов хабарлады. Оқасовтың сөзіне қарағанда, Амангелді Оразбаевты 2 шілдеде таңертең "демалыс мәселесіне байланысты" жұмысына шақырған.

—Оны (аштық өтіп жатқан орыннан) алып кету үшін әдейі осылай жасады деп санаймыз. Сол себепті бүгін онымен бірге жұмысқа әйелі мен тағы бір белсенді еріп барған. Амангелді шығуға беттеген кезде ғимаратқа қандай да бір адамдар кіріп кетті. Әйелі полиция қызметкерлері екенін түсінді, — деді Орынбай Оқасов.

Әйелінің айтуынша, Амангелді Оразбаев сол күйі кеңседен шықпаған. Оқасовтың болжамынша, Оразбаевты полиция ұстап, басқа есік арқылы алып кеткен.

Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті өкілдері Азаттық тілшісіне Оразбаевтың ұсталғанын растады. Бірақ ұстау себебін түсіндірмеді.

Амангелді Оразбаев – Оралда аштық жариялаған үш белсендінің бірі. Онымен бірге наразылық акциясына Орынбай Оқасов пен Дастан Базенов қатысып жатыр. Бұған дейін Маруа Ескендірова денсаулығына байланысты аштықты тоқтатқан.

Белсенділер "Қазақстанның демократиялық таңдауы" мен "Көше партиясы" қозғалыстарын "экстремистік ұйым" деп тану туралы сот шешіміне қарсы шығып, биліктен Еуропарламент қарарын орындауды талап етеді.

Бір аптадан астам уақыт жалғасып келе жатқан аштық акциясын әуелі алматылық белсенділер бастаған. Кейін оларға Нұр-Сұлтан, Шымкент және Өскемендегі белсенділер қосылды. Олар саяси тұтқындарды босатып, саяси қуғынды тоқтатуды талап етеді.

Одан бөлек, Еуроодақтан белсенділердің конституциялық құқығын шектеп, құқығын таптағаны үшін Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовке, Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовке жеке санкция салуды сұрайды.

2018 және 2020 жылы Қазақстан соты ҚДТ мен "Көше партиясын" "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Бірақ Еуропарламент екі ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған. Екі ұйымға шыққан сот шешімдері жарияланбады.

Еуропарламент депутаттары Қазақстандағы адам құқығы жайлы биыл қабылдаған қарарында Нұр-Сұлтанды "экстремизмге қарсы заңдарды" қозғалыс жақтастарына қарсы қолданды деп айыптаған. Саяси көзқарасына байланысты қудаланған белсенділерді босатуға үндеген. Құқық қорғаушылардың айтуынша, қарар қабылдалғалы бірнеше ай өтсе де, Нұр-Сұлтан бұл бағыт бойынша бірде-бір қадам жасамаған. Есесіне осы ұйымдарға қатысты қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар қатары көбейіп келеді. Олардың нақты саны белгісіз. Кейбір құқық қорғаушылар соңғы бірнеше жылда 300-ге тарта адамның сотталғанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG