Accessibility links

Меморгандар Тоқаев пен Маминнің "Пегас тізімінен" табылуы туралы не дейді?


Үкімет үйі.
Үкімет үйі.

Шенділердің, журналистердің және белсенділердің смартфонына вирус жіберіп, құрылғы иесін аңду туралы ақпаратты Қазақстан үкіметі "сандырақ" деп атады. Кибершабуылдың ауқымы жөнінде 20 шілде күні Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) хабарлады. Орталықтың мәліметінше, Израиль компаниясының Pegasus дейтін вирус бағдарламасын Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа да қарсы қолданған болуы мүмкін.

Зерттеушілер қолына түскен "Пегас тізімінде" барлығы 50 мың нөмір болса, соның 2 мыңының Қазақстанға қатысы бар. OCCRP олардың аты-жөнін біртіндеп жариялай бастады. Қазірге дейін аты аталғандар қатарында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, үкімет басшысы Асқар Мамин және Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев бар.

OCCRP зерттеушілерінің сөзінше, кибершабуыл нысанасына көптеген елдің жоғары лауазымды тұлғалары кірген, бірақ көбінде аңдуға тапсырысты көрші мемлекеттер берсе, Қазақстан азаматтарын "өз үкіметі" аңдыған. Зерттеу авторларының жазуынша, Тоқаев NSO Group компаниясының (Pegasus бағдарламасын әзірлеуші) тізіміне 2017-2018 жылдары, әлі сенат спикері болып тұрғанда кірген. 2019 жылы наурызда Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кетіп, Тоқаев алдымен президент міндетін атқарды, кейін 9 маусымдағы президент сайлауының жеңімпазы атанды. Байқаушылар сайлау кезінде көптеген құқықбұзушылық болғанын айтқан. Ал Назарбаевтың өзі президенттіктен кеткенімен, ел басқару ісіне әлі де ықпал етеді.

OCCRP зерттеушілерінің пайымдауынша, "Пегас тізіміне" Сағынтаев премьер-министр кезінде, ал Мамин вице-премьер кезінде кірген.

Бақытжан Сағынтаев премьер-министр (сол жақта) кезінде. Оның жанында сол кезде вице-премьер болған Асқар Мамин. Астана, 30 қаңтар 2019 жыл.
Бақытжан Сағынтаев премьер-министр (сол жақта) кезінде. Оның жанында сол кезде вице-премьер болған Асқар Мамин. Астана, 30 қаңтар 2019 жыл.

"САНДЫРАҚ", "БҰЛ СҰРАҚТЫҢ БІЗГЕ ҚАТЫСЫ ЖОҚ". БИЛІК ОРГАНДАРЫНЫҢ РЕАКЦИЯСЫ

Азаттық Қазақстан үкіметі мен оның құрылымдық бөлімдеріне хабарласып, "Пегас тізімі" туралы пікірін сұрады.

— Меніңше, бұл фантастика әлемінен, сандыраққа толы. Бірақ бұл – жеке пікірім. Мұны бейінді министрліктен – Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінен сұрау керек. Мен бұл сұрақты жеткізем, бірақ оған уақыт кетеді. Маған осы ақпаратты қайта жіберіңізші, анықтап көрейін, — деді шалынған қоңырауға жауап берген үкіметтің баспасөз хатшысы Садық Әкежан.

Белгілі бір уақыттан кейін Садық Әкежан Азаттық тілшісіне қоңырау шалып, "Үкімет өзі тапсырыс беріп, президент пен премьер-министрдің телефонын тыңдады дегенді қисынсыз деп санамайсыз ба?" деп сұрады.

— Мен мұны басшылыққа қалай көрсетерімді ойланып отырмын. Меніңше, бұл жөнінде үкіметтің пікір білдіргені қисынсыз. Артық назардың қажеті не? — деді Әкежан.

Үкімет баспасөз хатшысы бұған қосымша ретінде OCCRP зерттеуінің көбіне бейінді мекемелер мен арнайы қызметтердің құзыретіне жататынын айтты.

Ал осы мәселе бойынша бейінді мекеме саналатын Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз хатшысы Мақсат Төлегенов "Бұл сұрақтың бізге қатысы жоқ" деп жауап берді. Бірақ смартфонға шабуыл жөніндегі сұрақты кімге қою керегін айтпады.

Азаттық осы сауалды ұлттық қауіпсіздік комитетіне де қойып көрген еді, мекеменің баспасөз қызметі "Ешқандай жауап бермейміз" деп, "бәріне бірдей реакция білдіре алмайтынын, қандай да хабар болса [ҰҚК] сайтында жарияланатынын" айтты. Мекеме сайтында OCCRP зерттеуі туралы ақпарат жоқ.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаттыққа "мәселені зерттеп жатқанын" айтты.

— Біз мәселені зерттеп жатырмыз, жауап қалай дайын болады, солай береміз, — деді министрлік баспасөз хатшысы Жалғас Шыныбеков.

Редакция ҰҚК-ге, ішкі істер министрлігіне, президент әкімшілігіне, премьер-министр кеңсесіне, Алматы әкімдігіне (Сағынтаев қазір осы қаланы басқарады) сауал жолдады. Осы мақала шыққанға дейін жауап болмады.

OCCRP Pegasus бағдарламасы арқылы телефоны тыңдалған болуы мүмкін адамдардың тізімін 20 шілденің кешінде жаңартты. Осы уақытқа дейін "қазақстандық тізімде" сегіз адам көрсетіліп тұр. Аталған шенеуніктермен бірге тізімде журналист Серікжан Мәулетбай, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина, ПЕН-клуб басшысы Бигелді Ғабдуллин бар. Тізімнен сондай-ақ Мартин Вийом және Квентин Гийме дейтін француз белсенділерін де көруге болады. Қазақстанда бұл екі азамат туралы ақпарат аз, бірақ оларға деген қызығушылықтың Францияда қуғында жүрген оппозиционер, әрі экс-банкир Мұхтар Әблязовқа қатысы бар деген тұжырым айтылады.

Төреғожина да, Мәулетбай да, Ғабдуллин де аңду ісінің конституциялық құқығын бұзатынын айтады. Үшеуі де телефоны тыңдалған болуы мүмкін деген ақпаратқа таңғалмағанын мәлімдеді.

Ғабдуллин Қазақстан мемлекеттің органдарына шағынбайтынын, мұның "бос әуре" екенін, оның орнына Халықаралық ПЕН-клубқа жүгінетінін айтты.

"PEGASUS — ҚҰҚЫҚТАР МЕН БОСТАНДЫҚТАРҒА ҚАТЕР ТӨНДІРЕТІН ҚАРУ"

Бәз біреудің смартфонына кибершабуыл жасайтын Pegasus бағдарламасын автократиялық режимдер де, демократиялық үкіметтер де пайдаланған. Зерттеушілердің дерегінше, израильдік NSO Group компаниясының клиенті қатарында Қазақстаннан бөлек Әзербайжан, Бахрейн, Венгрия, Үндістан, Индонезия, Мексика, Марокко, Руанда, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктерінің үкіметтері бар.

Америкалық Washington Post газеті телефоны тыңдалған болуы мүмкін адамдардың ішінде 189 журналистің, 600-ден астам саясаткер мен шенеуніктің, түрлі компанияға жетекшілік ететін кемі 65 адамның, 85 белсенді мен құқық қорғаушының және бірнеше мемлекет басшысының бар екенін жазды. Журналистер қатарында Азат Еуропа/Азаттық радиосының, Associated Press, Reuters, CNN, Wall Street Journal, Le Monde және Financial Times басылымдарының тілшілері бар.

"Белсенділер мен журналистердің телефонға құпия түрде кірудің құрбаны болып отырғаны бұрыннан аян, бірақ NSO Group-тың шпион бағдарламасынан жоғары билікте отырғандар да қашып құтыла алмайды" деп жазды Twitter-де Халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымының басшысы Агнес Калламард. "Pegasus – құқықтар мен бостандықтарға, әділдік мен заң төрелігіне қатер төндіреді. Бұл бір ел екінші елдің адамдарын шабуылдау үшін қолданатын қарудан кем емес".

NSO Group қандай да бір заңбұзушылық жасағанын мойындамайды. Компания бағдарламасының террористер мен қылмыскерлерге ғана қолданылатынын, тек адам құқығы саласында беделі бар елдердің әскерилері мен құқық қорғау органдарына, арнайы қызметтеріне қолжетімді екенін мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG