Accessibility links

"Дикий Арман" шуы, екі чемпион. Бокстан әлем чемпионаты Қазақстан үшін қалай өтті?


Белградта өткен бокстан әлем чемпионатында алтын алған қазақстандық боксшылар - Теміртас Жүсіпов (сол жақта) пен Сәкен Бибосынов (оң жақта). 5-6 қараша 2021 жыл.
Белградта өткен бокстан әлем чемпионатында алтын алған қазақстандық боксшылар - Теміртас Жүсіпов (сол жақта) пен Сәкен Бибосынов (оң жақта). 5-6 қараша 2021 жыл.

Бокстан Белградта (Сербия) өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы екі алтын, екі күміс, бір қола медаль иеленді. Чемпионат кезінде криминалдық авторитет "Дикий Арманның" боксшыларға ақша таратқаны жұрт назарына ілініп, оған министрлік реакция білдірді. Сарапшылар жарысты ұйымдастырған Бүкіләлемдік әуесқой бокс ұйымы (AIBA) мен төрешілерге де сын айтты.

ҚАЗАҚСТАННАН КІМДЕР ЖҮЛДЕ АЛДЫ?

"Халқыма маған қолдау көрсеткені үшін бас иіп, алғысымды айтамын" деді Белградтағы әлем чемпионатында 48 келіде жеңімпаз атанған Теміртас Жүсіпов. 33 жастағы боксшы әлем чемпионатының финалында таиландтық Вуттичай Юрачайды жеңді. Бұл – Теміртас Жүсіповтың алғашқы чемпионаты және алғашқы жүлдесі.

Теміртас қыркүйекте Ресейде өткен әскерилер арасындағы әлем чемпионы атанған еді. Боксшы екі айдың ішінде екі ірі жарыста топ жарды.

Белградта өткен бокстан әлем чемпионатында алтын алған Теміртас Жүсіпов. 5 қараша 2021 жыл.
Белградта өткен бокстан әлем чемпионатында алтын алған Теміртас Жүсіпов. 5 қараша 2021 жыл.

24 жастағы Сәкен Бибосынов финалда америкалық Роско Хиллден басым түсіп, 51 келіде әлем чемпионы атанды. Бибосынов тамызда Токиода өткен олимпиада ойындарында қола медаль иеленген.

Боксшы Белградтағы әлем чемпионатының басында "мұнда алтын үшін келдім, барымды саламын" деген еді.

Бибосынов бірінші кездесуде Рио олимпиадасының чемпионы өзбекстандық Хасанбой Дусматовты, үшінші айналымда Рио олимпиадасының күміс жүлдегері колумбиялық Юберхен Мартинесті жеңді.

20 жастағы Махмұд Сабырхан финалда жапониялық Тамоя Цубойдан жеңіліп, 54 келіде күміс медаль иеленді. Жас боксшы финалға дейін қарсыластарын қиналмай жеңіп келген еді. Желіде жанкүйердің көбі бұл боксшының алтын алатынына сенімді болған.

Махмұд марапаттау рәсімінде өкініштен жылап тұрды.

Белградта өткен бокстан әлем чемпионатында күміс алған Махмұд Сабырхан (сол жақта) пен чемпион атанған жапон Тамоя Цубой (оң жақта). 5 қараша 2021 жыл.
Белградта өткен бокстан әлем чемпионатында күміс алған Махмұд Сабырхан (сол жақта) пен чемпион атанған жапон Тамоя Цубой (оң жақта). 5 қараша 2021 жыл.

"Финалда не жетпей қалғанын білмеймін. Үшінші раундта көп ұрған сияқты едім. Қуып жүріп ұрдым. Маған бермеді... Мақсатым жеңіске жету еді. Жеңімпаз болмағаным үшін жанкүйерлерден кешірім сұраймын. Алда әлі талай әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындары бар. Сол сындарда алтын аламын" деді боксшы жарыстан соң.

Бұдан бөлек, 57 келі салмақтың финалында қазақстандық Серік Теміржанов АҚШ боксшысы Жамал Харвиге есе жіберіп, күміс медаль иеленді. 67 келіде қазақстандық Абылайхан Жүсіпов қола медаль алды.

Қазақстан 2013 жылдан бері алғаш рет әлем чемпионатында екі алтын иеленді. Белградтағы әлем біріншілігінде екі алтын, екі күміс, бір қола жеңіп алған Қазақстан жалпы есепте Кубадан (үш алтын, екі қола) кейінгі екінші нәтиже көрсетті.

"ДИКИЙ АРМАН" ТАРАТҚАН 2000 ДОЛЛАР

Әлем чемпионатында Қазақстан боксшыларының нәтижесінен бөлек криминалдық авторитет ретінде белгілі Арман Жұмагелдиевтің (лақап аты – "Дикий Арман") Белградтағы әрекеттері де жанкүйер назарына ілінді.

"Дикий Арман" боксшылардың рингке шығуға дайындалатын арнайы бөлмесіне емін-еркін кіріп, боксшыларға "ақыл-кеңес" беріп жүрді. Әдетте мұндай бөлмеге бапкерлер мен спортшылар ғана кіреді. Мәселен, "Дикий Арман" Қазақстан құрамасының дайындық бөлмесіне кіріп, 71 келіде бокстасқан Асланбек Шымбергеновке "соңына дейін қолыңнан келгенін жаса, өлу керек болса өл, бірақ жеңуің керек" дегені жанкүйерлер арасында талқы туғызды. Желіде біраз жұрт "криминалдық авторитеттің" боксшыларға "кеңес бергенін" сынады.

Кейін "Дикий Арман" жартылай финалға шыға алмай қалған қазақстандық боксшыларға 2000 доллардан ақша таратып, бұл әрекеті де жанкүйерлер арасында қызу пікірталасқа ұласты. Бір топ оның әрекетін қолдаса, екінші тарап криминалдық авторитеттің боксшыларға ақша бергеніне қарсы болды.

"Дикий Арманнан" ақша алған адам ел намысын қалай қорғайды?"
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:55 0:00

Қазақстан бокс федерациясы "Дикий Арманның" чемпионатта жүргеніне "қатысы жоғын" мәлімдеді.

"Бұл чемпионат Қазақстанда емес, Сербияда өтіп жатқандықтан, ұйымдастыруға, белгілі бір адамдардың жаттығу аймағына кіруіне біз жауап бермейміз" деді бокс федерациясының баспасөз хатшысы Аян Төлеген.

Бірақ артынан Арман Жұмагелдиев пен Қазақстан бокс құрамасының мемлекеттік жаттықтырушысы Бақтияр Артаев видео мәлімдеме жасап, боксшыларға ақша таратқанына қатысты пікір білдірді.

"Арман әлем чемпионатында не істеп жүр деген әңгіме шығып жатыр. Әлем чемпионатына AIBA (Халықаралық әуесқой бокс федерациясы – Ред.) қонағы ретінде шақырылғанмын. Жеңілген боксшыларға ақша берді деп те шулап жатыр. Өз қалтамнан берген ақша. Жас боксшылар, жеңілген жоқ, судьялар бұра тартты. Еңселері түспесін, боксты тастап кетпесін деп қолдау көрсеттім. Жақсы жағынан істелген амал" деді Арман Жұмагелдиев.

Арман Жұмагелдиев (сол жақта) пен Бақтияр Артаев (оң жақта) видео мәлімдеме жасап отырған сәт.
Арман Жұмагелдиев (сол жақта) пен Бақтияр Артаев (оң жақта) видео мәлімдеме жасап отырған сәт.

Ал Артаев "кім қай жақта жүрмесін, бір елдің мүддесі үшін әрекет етіп жатырмыз. Қазақтың абыройын көтерсек деп жүрміз. Бұл – Арман, бұл – Бақтияр деп бөлуге болмайды. Бәріміз бір елдің баласымыз" деді.

Видеода Арман Жұмагелдиевтің аккредитациясынан VVIP (Very very important person – өте-мөте беделді қонақ) белгісін байқауға болады.

Криминалдық авторитеттің боксшыларға ақша таратқан соң Қазақстан мәдениет және спорт министрлігі Қазақстан бокс федерациясына жағдайды түсіндіруді сұрап, ресми хат жолдағанын мәлімдеді.

"Кейбір боксшыларға ақша таратқан бұл азамат федерацияның я министрліктің ресми өкілі емес. Бұл – оның жеке бастамасы" деді министрлік.

Арман Жұмагелдиев жұртқа 2005 жылдан бері белгілі. Сол жылы "Дикий Арман" мен бірнеше адам Шымкентте саясаткер Жармахан Тұяқбай бастаған "Әділетті Қазақстан үшін" қозғалысының жиынына шабул жасаған. Кейін Жұмагелдиевтің үстінен қылмыстық іс қозғалып, ол шартты жаза алған.

2008 жылы Шымкенттің орталығында болған атыста да Жұмагелдиевтің аты аталған. Кейін ол бірнеше рет тергеу изоляторына қамалып шықты.

ТӨРЕШІЛЕРГЕ СЫН

Белградтағы әлем чемпионаты Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) тарапынан AIBA-ға қысым күшейген тұста өтті. ХОК бокс ұйымы жемқорлыққа батқан, төрешілер жекпе-жектерде әділ болмаған деп, AIBA-ны олимпиада ұйымдастыру құқығынан айырған. Биылғы Токио олимпиадасын ХОК өзі өткізді (Жапониядағы олимпиадада Қазақстан боксшылары екі қола ғана иеленген еді).

Белградтағы әлем чемпионатында бір күміс, бір қоламен шектелген Өзбекстан құрамасының боксшылары жеңілістеріне судьяларды айыптады. Қазақстандық боксшы Санатәлі Толтаев (63,5 кг) ширек финалда шотландиялық Рис Линчтен жеңіліп қалған соң бапкерлер судьялардың нәтижесіне наразылық білдірген, бірақ AIBA есепті өзгертпеді. Қазақстандық судья Серікжан Ешмағамбетов Instagram парақшасында "Толтаевтың жеңісін алып қойды. AIBA ойына келгенін істеп жатыр" деп жазды.

Сербия құрамасының өкілдері де төрешілердің жұмысын сынады.

Белградта ресейлік боксшы Марк Петровскийдің аса ауыр салмақта алтын алуы сарапшылардың тарапынан сынға қалды. Ресейлік боксшы жартылай финалда Нигел Паулдан (Тринидад және Табого) нокдаун алса да, жеңіске жетті. Ал финалда армениялық Давид Чалоянды жеңген соң америкалық ESPN телеарнасының спорт шолушысы Джонатан Сельварадж "AIBA ресейлік боксшыға аса ауыр салмақтағы алтынды алып берудің жолын тапты" деп жазды.

Бокс жанкүйерлері ресейлік боксшы Петровскийдің жеңісіне AIBA-ның қазіргі басшысы ресейлік Умар Кремлевтің ықпалы бар болуы мүмкін деп те санайды.

Бокс тақырыбында жазатын украиналық журналист Петр Шухуров Twitter-де "[Белградтағы әлем чемпионатындағы] төрешілікті көрген соң айтарым, ХОК, WBO, WBC, FBI бірі боксты өз қолына алуы тиіс. Олар AIBA-дан әлдеқайда жақсы жұмыс істейді. AIBA құруы тиіс" деді.

Британиялық бокс маманы, The Fight Site журналының сарапшысы Тэйлор О’Хиггинс Twitter парақшасында "AIBA-ны коррупция жайлаған. Бұл қоқысты толығымен өртеу керек. Маклареннің есебі ештеңе өзгерпеді" деп жазды.

Қазанда канадалық заңгер Ричард Маклареннің зерттеу тобы АIBA-ға қатысты тексеріс жүргізіп, бокс жарыстарында және Рио олимпиадасында федерация басшылары мен судьялар "пара алғанын анықтаған". Зерттеуде Қазақстанның да пара бергені, қазақстандық төрешінің пара сұрағаны айтылады. Зерттеу тобының есебінде Рио олимпиадасында қазақстандық Василий Левит төрешілердің теріс әрекетінен зардап шеккені айтылған.

Бокстан келесі әлем чемпионаты 2023 жылы Ташкентте өтеді. ХОК AIBA-ға Париж олимпиадасын ұйымдастыруға әлі рұқсат берген жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG