Accessibility links

Тоқаев қаңтар оқиғасында қаза болған әрбір адамның өлімін мұқият зерттеу қажеттігін айтты


Қаңтар оқиғасы кезінде қару кезеп тұрған полиция қызметкері.
Қаңтар оқиғасы кезінде қару кезеп тұрған полиция қызметкері.

22 қаңтарда күштік құрылым өкілдерімен жиын өткізген президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасында қаза болған әрбір адамның өлімін мұқият зерттеу қажеттігін айтты. Бұл жөнінде Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

"Қоғам [қаңтар] оқиғасы жөнінде жорамал мен өсек-аяңдарға сүйеніп пікір қалыптастырмауы тиіс. Бұған жол беруге болмайды. Азаматтар биліктің ашықтық пен заңдылықты қамтамасыз етіп отырғанын көруі тиіс" деді Тоқаев.

Ақорда таратқан ақпаратқа қарағанда, күштік құрылым өкілдері Тоқаевқа қаңтар оқиғасына байланысты тергеу амалдары жалғасып жатқаны жөнінде есеп берген.

Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанның түкпір-түкпірінде бейбіт азаматтардың қаза болғаны жөнінде көп ақпарат шыққан. Олар жөнінде Азаттық та көп жазды.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, қаза болғандар, жараланғандар және ұсталғандар арасында бейбіт тұрғындар бар. Ресми мәлімет бойынша, опат болғандар арасында балалар мен әйелдер де бар. Олардың қандай жағдайда қаза болғаны белгісіз.

Билік қаңтар оқиғасының салдарынан кемінде 227 адам қаза болғанын айтқанмен олардың тізімін жарияламады. Бұған дейін азаматтық қоғам өкілдері, белсенділер мен құқық қорғаушылар олардың тізімін туыстарының және куәгерлердің көмегімен өз бетінше жинай бастаған.

Халықаралық қауымдастық қаңтар оқиғасы кезіндегі күш қолдану мен азаптауларды айыптады. Осы аптада Еуропарламент Тоқаевтың "ескертусіз оқ ату" туралы бұйрығын, адамдардың "жосықсыз ұсталып", "азапталып жатқанын" айыптап, жауапты шенеуніктерге санкция салуды ұсынатын қарар қабылдаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG