Accessibility links

Қаңтар оқиғасы: HRW Қазақстан билігін асыра сілтеуді доғарып, азаптауды зерттеуге шақырды


Алматыдағы дүрбелең кезінде көшеде жүрген полицейлер. 5 қаңтар 2022 жыл.
Алматыдағы дүрбелең кезінде көшеде жүрген полицейлер. 5 қаңтар 2022 жыл.

1 ақпанда халықаралық Human Rights Watch ұйымы Қазақстанда қаңтар оқиғасынан кейінгі ұстаулар мен азаптаулар туралы есебін жариялады. Ұйым Қазақстан билігін асыра сілтеуді доғарып, азаптауларды зерттеуге үндеді. Ұсталғандардың құқығын қорғап, азаптауға кінәлілерді жазалауға шақырды.

"Қазақстанда бейбіт наразыларды күшпен ұстау және ұсталғандармен дөрекі қарым-қатынас қатты алаңдатады. Қазақ билігі асыра сілтеуді доғарып, әрбір ұсталған адамның құқығын қорғауға жағдай жасауы қажет және ұрып-соққан және азаптағандарды жазалауы тиіс" деді ұйымның Еуропа және Орталық Азия жөніндегі директоры Хью Уильямсон 1 ақпанда жарияланған ұйым мәлімдемесінде.

Ұйым мәлімдемесінде полицияның азаматтарды дөрекі күш қолданып ұстауы, ұрып-соғуы және азаптауы туралы ондаған айғақ түскенін, полицияның ұсталғандарды электрошокермен де азаптағанын жазады.

HRW 11-25 қаңтар аралығында Қазақстанда ұзын саны 12 адамнан сұхбат алған: алтауы – 3-4 қаңтар күндері ұсталып, босатылған, бесеуі ұсталғандардың заңгері және біреуі - ұсталған адамның туысы. Ұйым есебінде сонымен бірге жергілікті ақпарат құралдары мен құқық қорғаушылар, ресми билік мәлімдемелерін де пайдаланған. Есептен соң мәліметтердің жай-жапсары келтіріледі.

"Қазақ билігі күшпен ұстауды доғаруы тиіс, қамаудағыларды да босатуы қажет. Барлық ұрып-соғу мен ұсталғандарды зәбірлеуді тыйып, бейбіт наразылар мен белсенділерді өздерінің азаматтық және саяси құқықтарын жүзеге асырғаны үшін қудаламауы тиіс. Билік заңмен ұсталғандардың процестік құқықтарының толық сақталуына, отбасыларымен кездесуіне және медициналық көмекке қол жеткізуіне жағдай жасауы тиіс және заңгерлердің кәсіби қызметіне кедергі келмеуі тиіс" делінген HRW есебінде.

Ұйым Қазақстанның халықаралық әріптестері де қазақ үкіметін осындай қадамдар жасауына көндіруі тиіс деп санайды. Қаңтар оқиғасы бойынша халықаралық зерттеу қажеттігін де атап өтеді.

"Жылдар бойы Қазақстан наразылыққа тыйым салып, бейбіт азаматтарды ұстап, ұрып-соғумен "танылды". Үкімет осы дағдарысты пайдаланып, жағдайды түбегейлі өзгертуі тиіс және бейбіт жиналуға рұқсат беруі керек, қамаудағы ұрып-соғу мен азаптауларға төзбейтінін анық көрсетуі тиіс" деді Хью Уильямсон.

Осыған дейін де халықаралық ұйымдар қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстан билігінің халыққа күш қолдануын айыптаған. Еуропарламент қаңтар оқиғаларына байланысты қабылдаған қарарында бейбіт наразылықтан кейін өрбіген жаппай зомбылықты айыптап, ресми Нұр-Сұлтанды "терроризм" айыбын оңды-солды тақпауға үндеген. Сонымен бірге Қазақстан билігін азаматтар мен қоғамдық ұйымдарды саяси себеппен қудаламауға, адамдардың бейбіт жиналуына кедергі келтірмеуге, жөн-жосықсыз ұстау мен азаптауды доғаруға шақырған.

Президент Тоқаев Еуропарламенттің осы қарарына "біржақты, асығыс қабылданған" деген баға беріп, "халықаралық тергеу жүргізудің қажеті жоқ, өз күшіміз жетеді" деп мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG