Accessibility links

Құқық қорғаушылар биліктің "жануарларды өлтіруге негіз беретін" уәждерімен келіспейді


Жануарларды қорғау акциясы. Алматы, қараша айы 2020 жыл.
Жануарларды қорғау акциясы. Алматы, қараша айы 2020 жыл.

Экология министрлігінің шенеунігі қандай жағдайда қаңғыбас жануарлардың көзін жоюға болатынын айтты.

Экология вице-министрі Әлия Шалабекова 11 ақпан күнгі брифинг кезінде "қаңғыбас жануарларды атудан бас тартамыз: гуманды түрде аулаймыз, санын стерилизация арқылы реттейміз" деді. Ол сонымен бірге иттерден қауіпті ауру немесе халық денсаулығы мен қоғам тәртібіне қауіп төндіретін жайттар анықталса ғана көзі жойылатынын жеткізді.

Былтыр жыл соңында Қазақстанда жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң қабылданған. Аталған құжатты құқық қорғаушылар заң "бұрынғыша қаңғыбас жануарларды өлтіру арқылы реттеу тәжірибесіне рұқсат береді" деп сынаған.

Жұма күнгі брифинг кезінде экология вице-министрі Әлия Шалабаева жануарларды өлтіру шарасы тек "ерекше жағдайда ғана қолданылатынын" айтты.

—Өлтіру әдісін қолдануға тек бес негіз бар. Қалған жағдайда стерилизация әдісі арқылы санын реттейміз, – деді Шалабекова.

Жаңа заң биыл 2 наурызда күшіне енеді. Ол 2025 жылдан бастап мобильді және контактілік хайуанаттар үйіне, көшпелі океанариумдерге, 2029 жылдан бастап дельфинарийлерге тыйым салады.

Экология министрлігі өкілінің айтуынша, дельфиндерді табиғи ортаға қайтару "адамдыққа жатпайды", себебі оларды көшірген кезде стреске шалдығуы мүмкін. Ал 2029 жылға қарай жасанды бассейндегі дельфиндер "табиғи түрде" өледі.

Жануарлар құқығын қорғаумен айналысатын Юлия Коваленко биліктің дельфинарийлерді жабуды 2029 жылға дейін шегеру туралы шешімімен келіспейді. Оның сөзіне қарағанда, дельфиндерді көшірген кезде сәл қиналуы мүмкін, бірақ бұл "жеті жыл бойы табиғи ортадан аулақ жасанды бассейнде өмір сүргеннен гөрі" әлдеқайда тиімді шешім.

Ол сонымен бірге жаңа заңдағы жануарларды өлтіруге мүмкіндік беретін жекелеген пунктерге алаңдайды.

– Біріншіден, "ерекше қауіпті ауру" түрлері жазылған пункт. Оның кімге қауіпті екені түсініксіз. Жануар ауырады, бірақ оны емдеуге болады және адамға қауіпті болмайтын кезі де болады. Онда аурулардың тізімі бар, бірақ ол өте ескі. Себебі медицина бір орында тұрған жоқ және қазір көп ауруды емдеп жазуға болады. Сол себепті аурулар тізімін қайта қарастырып, алдағы уақытта оған сүйеніп, жануарларды өлтіре беруді тыю керек, – деді Коваленко.

Ол бұған қоса, жануарларды аулау мен жансыздандыру міндетін мемлекеттік емес компаниялар мен кәсіпкерлерге жүктеп, оларға бюджет қаржысын беру ауланатын және өлтірілетін жануарлардың санын арттырып жібере ме деген қаупі барын да айтты. Ресми мәлімет бойынша, жыл сайын жануарларды аулау мен көзін жоюға 60-150 млн теңге аралығында қаржы бөлінеді. Жыл сайын мемлекет оған жалпы миллиард теңгеден (2,3 млн доллардан астам) астам қаражат жұмсайды.

Жұма күнгі брифинг кезінде спикерлер жаңа заң 2 наурыздан бастап күшіне енгеннен кейін жануарларды өлтіруге бұрынғыдай көп ақша бөлінбейтінін және жануарлар саны негізінен стерилизация жолымен реттеледі деп сендіруге тырысты.

Бұған дейін құқық қорғаушылар жаңа заңды сынап, 25 желтоқсанда парламентте қабылданғаннан кейін жануарлар құқығын қорғайтын 25 шақты ұйым президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан заңға вето қоюды сұраған. 30 желтоқсанда Тоқаев заң жобасына еш өзгеріс енгізбестен қол қойды.

Видео: Жануарлар құқығы жайлы жаңа заңға белсенділер көңілі неге толмайды? (24 желтоқсан 2021 жыл).

Жануарлар құқығы жайлы жаңа заңға белсенділер көңілі неге толмайды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:01 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG