Accessibility links

Азаттық белсендінің қазасы бойынша істен хабар таратуға тыйым салған сот шешіміне қарсы


Азаттық азаматтық белсенді Ғалы Бақтыбаевты өлтіру ісі бойынша ашық сот отырысына қатысқан тілшінің бұл іс туралы хабар таратуына тыйым салған Қарағанды облысының қылмыстық істер бойынша ауданаралық мамандандырылған сотының шешімімен келіспейді. Редакция сот шешімін цензура деп санайды, Қазақстан Конституциясында цензураға тыйым салынған.

Азаттық сот шешімі "заңға негізделмен әрі журналистің кәсіби құқығын бұзады", сонымен бірге оқырманның маңызды ақпаратты білу мүддесіне қайшы деп есептейді. Облыстық сотқа, бас прокуратураға және ақпарат министрлігіне жолдаған хатында редакция "Бұл әрекетті тоқтатуды сұраймыз. Журналист сотқа қатысып, қоғам мүддесі тұрғысынан отырысты бақылайды" деп жазды.

Іске қатысқан прокурор сот тергеуі аяқталғанша іс бойынша ақпарат құралында материал жариялауға тыйым салу жөнінде өтініш берген. Судья тергеу біткенше істің жай-жапсары мен сот процесі туралы жазуға тыйым салды. Қарағанды облыстық сотының хатына қарағанда, "іс алқабилер сотының қатысуымен қаралып жатқандықтан, олар [жарияланымдар] алқабилердің алдын-ала пікір қалыптастырып, тұжырым жасауына алып келуі ықтимал". Ауданаралық және облыстық соттар мен прокуратура "Процесс туралы ақпарат беру алқабилердің көзқарасына әсер етпейді, себебі олар бұл ақпаратты сотта да естиді" деген журналист уәжіне құлақ аспады.

Азаттық қайырылған "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау қорының айтуынша, заңда "алқабилердің ақпараттық бейтараптығы үшін сөз бостандығына шек қою қарастырылмаған".

Оқиғаны заң тұрғысынан талдаған қазақстандық заңгер Сергей Уткиннің айтуынша, бұл істе "заңда көзделмеген тәртіппен жариялылыққа шек қою әрекеті анық байқалады". Оның айтуынша, қылмыстық істе жариялылыққа шек қоюдың тәртібі бар. Ол үшін сот жабық өтуі керек немесе сотта фото, аудио я видеотаспаға түсіруге тыйым салынуы мүмкін.

— Меніңше, қылмыстық іс пен сот процесі бойынша қандай да бір мәліметті жариялауға тыйым салған судья қаулысы Қылмыстық кодекстің 58-бабының 2-тармағына қайшы. ("Қызметтік жағдайын пайдалана отырып, ақпарат таратудан бас тартуға мәжбүрлеу арқылы журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау"), ал Қарағанды облыстық соты төрағасының міндетін атқарушының іс-әрекетінде аталған құқық бұзушылыққа қатысудың белгілері бар, — дейді Уткин.

"Интерньюс-Қазақстан" заңгері Ольга Диденконың айтуынша, "Алқабилер туралы" заңда да, қылмыстық іс жүргізу кодексінің алқабилердің қатысуымен істі қарау ерекшеліктері туралы арнайы бөлімінде де "алқабилердің пікірін қалыптастыруға жол бермеу мақсатында материал жариялауға тыйым салу" туралы талап жоқ.

— Журналистер ақпарат алу үшін алқабилермен байланысқа түспейді. Іс барысы туралы БАҚ-та жарияланған жалпы ақпарат істі "ішкі сенімі бойынша дербес қарап, оның мән-жайын өз бетінше бағалауға" тиіс алқабилердің пікіріне кері әсер етпейді. Керісінше, бұқаралық ақпарат құралдарында ақпарат жариялау әділдікті, бейтараптық пен объективтілікті қамтамасыз етеді, — деді Диденко.

Бас прокуратура Азаттықтың шағымын облыстық прокуратураға сілтеді, ал облыстық прокуратура соттың уәждерін қайталап, ресми жауап қайырды. Прокуратура хатында "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" заң туралы мүлде айтпады.

Ал ақпарат министрлігі "БАҚ туралы" заңға сілтеме жасай отырып, "цензураға тыйым салынатынын", ал "заңды жолмен ақпарат алып, таратуға тыйым салынбайтынын" айтты. Дегенмен, министрліктің айтуынша, соттағы жариялылық мәселесін "сот шешеді", ал сотқа дейінгі жариялылық аясын прокурор анықтайды. Ал Азаттық арыз беріп отырған істе керісінше сот процесі кезінде прокурордың өтініші бойынша сот шешім шығарған.

Осы жауаптардан соң Азаттық тілшісі кәсіби құқығы бұзылғанын, журналистік жұмысына кедергі жасалғанын айтып, Жоғарғы сотқа хабарласты. Редакция заңгерлермен бірлесе отырып, облыстық сот шешіміне байланысты Жоғарғы сотқа шағым түсірмек.

Марқұм Ғалы Бақтыбаев
Марқұм Ғалы Бақтыбаев
  • Белсенді Ғалы Бақтыбаевты 2019 жылғы 28 мамырға қараған түні өз үйінің алдында әлдекімдер аттып өлтірген. Қазақстан қоғамы, жергілікті және халықаралық ұйымдар істі әділ тергеуге шақырды. Арада үш жыл өтсе де, Бақтыбаевты өлтірді деген күдікті табылған жоқ. Былтыр маусым айында сот күдіктілерді ақтау туралы шешім шығарды, кейін қазан айында ол шешім күшін жойып, іс қайта тергеуге жіберілді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG