Accessibility links

Катар-2022. Футболдан әлем кубогының жеребесі қалай тартылды?


Футболдан әлем чемпионатының жеребе тарту рәсімі. Доха, 1 сәуір 2022 жыл.
Футболдан әлем чемпионатының жеребе тарту рәсімі. Доха, 1 сәуір 2022 жыл.

Биыл желтоқсанда Катарда өтетін футболдан әлем чемпионатының топтық кезеңінің жеребесі тартылды. Әлем кубогына қатысатын 32 команда сегіз топқа бөлінді.

ЖЕРЕБЕ НӘТИЖЕСІ ҚАЛАЙ БОЛДЫ?

1 сәуір Катар астанасы Дохада тартылған әлем чемпионаты топтық кезеңінің жеребесі мынандай болды:

  • А тобы: Катар, Нидерланд, Сенегал, Эквадор;
  • B тобы: Англия, АҚШ, Иран, Украина/Шотландия/Уэльс;
  • C тобы: Аргентина, Мексика, Польша, Сауд Аравиясы;
  • D тобы: Франция, Дания, Тунис, БАӘ/Австралия/Перу;
  • E тобы: Испания, Германия, Жапония, Коста-Рика/Жаңа Зеландия;
  • F тобы: Бельгия, Хорватия, Морокко, Канада;
  • G тобы: Бразилия, Швейцарии, Сербия, Камерун;
  • H тобы: Португалия, Уругвай, Оңтүстік Корея, Гана.

Дәл қазір әлем чемпионатына қатысатын 29 ел белгілі. Үш ел маусым айында анықталады. Украина соғысқа байланысты іріктеу жарысын әлі ойнамады. Алдағы уақытта Украина Шотландиямен кездеседі. Бұл екі жұптың арасында жеңіске жеткен команда Уэльспен жолдаманы сарапқа салады. Украина/Шотландия/Австрия арасындағы үштіктің жеңімпазы Англия, АҚШ, Иранмен В тобында ойнайды.

Жеребе қорытындысы. Жанкүйерлер Германия мен Испания бір топқа түскеніне назар аударып жатыр.
Жеребе қорытындысы. Жанкүйерлер Германия мен Испания бір топқа түскеніне назар аударып жатыр.

Тағы бір жолдама Коста-Рика мен Жаңа Зеландия арасында ойнатылады. Екі елдің жеңіске жеткені Е тобында Испания, Германия, Жапониямен қарсылас болады.

Ал БАӘ мен Австралия арасындағы матчтың жеңімпазы Перумен бір жолдаманы сарапқа салады. БАӘ/Австралия/Перу үштігінің арасында жеңіске жеткені Франция, Дания, Туниспен D тобында ойнайды.

ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ ҚАНДАЙ ФОРМАТТА ӨТЕДІ?

Катардағы әлем біріншілігі 20 қарашада басталып, 18 желтоқсанда аяқталады.

32 команда алдымен сегіз топқа бөлініп, топтық кезеңде ойнайды. Әр топтан үздік шыққан екі команда 1/8 финалға өтеді. Одан әрі чемпионат олимпиадалық жүйе арқылы өрбиді. 1/8 финалда қарсыласын жеңген сегіз команда ширек финалға өтеді.

Ширек финалда қарсыласын ұтқан төрт құрама жартылай финалда ойнайды. Жартылай финалда қарсыласынан басым түскен екі ел финалға шығады. Финал жеңімпазы әлем чемпионы атанады. Жартылай финалда жеңілген екі команда қола медальды сарапқа салады.

ӘЛЕМ БІРІНШІЛІГІНЕ ФУТБОЛЫ МЫҚТЫ ҚАЙ ЕЛДЕР ЖОЛДАМА АЛА АЛМАДЫ?

2020 жылғы Еуропа чемпионы атанған Италия Катардағы әлем біріншілігіне жолдама иелене алмады. Еуропа аймағындағы іріктеудің топтық кезеңінде Италия Швейцарияны алға жіберіп алды да, қосымша іріктеу жарысында Солтүстік Македониядан жеңіліп қалды. Еуропадан Норвегия, Түркия, Венгрия, Грекия да жолдама иелене алмады.

ФИФА Ресей Украинаға соғыс ашқанына байланысты Ресей құрамасын әлем чемпионатының іріктеуінен шеттетті.

2022 жылғы Африка кубогының финалисі Египет құрамасы да жолдамасыз қалды. Сондай-ақ Катарға Нигерия, Алжир, Кот-д'Ивуар, Колумбия, Чили, Қытай әлем чемпионатына өте алмады.

ҚАЗАҚСТАН ІРІКТЕУДЕ ҚАЛАЙ ОЙНАДЫ?

Катарда өтетін әлем чемпионатының іріктеуіне Қазақстан құрамасы да қатысқан. UEFA (Еуропа футбол қауымдастығы) мүшесі ретінде Қазақстан іріктеуге Еуропа құрлығында ойнап, Франция, Украина, Финляндия, Босния-Герцеговинамен бірге жолдамаға таласты.

Қазақстан бірде-бір ойында жеңіске жете алмай, топта соңғы орын алды. Қазақстандық футболшылар тек Украинамен екі рет тең (1:1, 2:2), Босниямен (2:2) бір тең түсті. Франциядан бір рет 0:8 есебімен ойсырай жеңілді. Қазақстан әлем чемпионатына қатыспаған.

2018 ЖЫЛҒЫ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ ҚАЛАЙ ӨТІП ЕДІ?

2018 жылғы әлем чемпионатын Ресей ұйымдастырған. Бұл біріншіліктің жартылай финалында Франция Бельгияны 1:0, Хорватия Англияны 2:1 есебімен жеңген еді.

Финалда Франциядан Хорватия 4:2 есебімен басым түсіп, әлем чемпионы атанған. Ал Бельгия Англияны 2:0 есебімен жеңіп, қола жүлдеге ие болды.

Тарихта тек сегіз ел әлем чемпионы атанған еді. Бразилия бес рет; Германия мен Италия төрт реттен; Аргентина, Франция, Уругвай екі реттен, Испания мен Англия бір реттен жеңімпаз болған.

Футболдан әлем кубогы төрт жылда бір рет өтеді. FIFA шешімімен 2026 жылы АҚШ, Канада, Мексика бірігіп ұйымдастыратын әлем біріншілігіне 32 ел емес, 48 ел қатысады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG