Accessibility links

"Суицид жасаған". Бас прокуратура Заманбек Нұрқаділов ісін қайта қараудан бас тартты


Оппозициялық саясаткер Заманбек Нұрқаділов
Оппозициялық саясаткер Заманбек Нұрқаділов

Оппозициялық саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің ұлы Қайрат Нұрқаділов әкесінің өлімін қайта тексеруді сұрап, бас прокуратураға жазған өтінішіне жауап алған. Өткен жұма, 22 сәуірде келген жауапта бас прокуратура "істі қайта қарауға негіз жоқ" деп жазып, Заманбек Нұрқаділовтің өлімі "суицид" деген.

Қайрат Нұрқаділов.
Қайрат Нұрқаділов.

- Мен олар істі қайта қарайтын шығар деп ойлаған едім. Прокуратура жеті томдық істі архивтен алып, қарады. Істі қайта қарауға негіз іздеп жатқан болар деген үміт болды. Енді міне "ол суицид болған, әрі қарай қаралмайды" деген жауап келді. "Іс дұрыс жүргізілген" дейді. Мен мұнымен келіспеймін. Біріншіден, "адам өз-өзін үш рет атпайтынын түсінесіздер ғой" дедім. Екіншіден, мені сол кезде қорқытып, бұл «суицид» болады деп айтты ғой, дегеніме де қараған жоқ. Енді не істерімді, кімнен көмек сұрарымды білмеймін, - деді саясаткердің ұлы Қайрат Нұрқаділов Азаттыққа.

Қайрат Нұрқаділов наурыздың басында бас прокуратураға әкесінің өлімін қайта тергеуді сұрап, арыз жазған еді.

Прокуратурадан келген жауапта "сот және өзге де сараптама нәтижесі ол суицид жасады деген қорытындыға келген. Мұны психологиялық әрі психиатриялық сараптама да көрсеткен. Оның негізінде Заманбек Нұрқаділовтің көз жұмар алдында невротикалық депрессияда болғаны аныықталғаны" жазылған.

Алматы қаласы мен Алматы облысының бұрынғы әкімі, бұрынғы төтенше жағдайлар жөніндегі агенттік басшысы Заманбек Нұрқаділов 2005 жылғы 12 қараша кешкісін Алматыдағы үйінде жұмбақ жағдайда қаза тапқан. Ресми тергеу "Нұрқаділов өз-өзін екі рет кеудесінен және бір рет басынан тапаншамен атып қаза болған" деген қорытынды жасады. Бірақ оппозиция өкілдері "билікті сынаған қайраткер қастандық құрбаны болған" деп санайды.

Қайрат Нұрқаділов наурызда бас прокуратураға жазған арызында "Менің әкем – Заманбек Қалабайұлы Нұрқаділовті белгісіз біреулер 2005 жылы үйінің маңында атып кеткен. Әкемді өлтіріп кеткені анық болса да, өзіне қол жұмсау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оның жүрегіне екі рет, басына бір рет оқ атылғаны туралы бұлтартпас айғақтардың өзі оның өзіне қол жұмсамағанын техникалық тұрғыда дәлелдейді" деген еді.

Қайрат Нұрқаділов арызында бұрын әкесінің өлімі бойынша қозғалған істе жәбірленуші болып танылғанымен, тергеу органдарынан моральдық қысым болғанын да айтқан.

2004 жылы наурызда сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын сынап мемлекеттік қызметтен екінші рет кеткеннен кейін Заманбек Нұрқаділов елдегі оппозиция қатарына қосылып, Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық комитет құратынын жариялаған. Сарапшылар 2000-жылдардың басында оппозицияда жүрген бірқатар тұлғалардың өлімінен кейін Қазақстан билікке қарсы пікірді жаншып, авторитаризмді күшейту жолына түсті деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG