Accessibility links

Тәжікстанның Таулы Бадахшанында билікке наразылық білдіргендердің жетекшісі өлтірілді


Таулы Бадахшан автономиялы облысындағы қарсылық акциясы көсемдерінің бірі Мамадбокир Мамадбокиров. Тәжікстан.
Таулы Бадахшан автономиялы облысындағы қарсылық акциясы көсемдерінің бірі Мамадбокир Мамадбокиров. Тәжікстан.

Тәжікстанның Ауғанстан және Қытаймен шектесетін Таулы Бадахшан автономиялы облысындағы қарсылық акциясы жетекшілерінің бірі өлтірілді. Автономиялық облыстың бейресми көсемдерінің бірі Мамадбокир Мамадбокировты 22 мамырда атып кеткен. Бұл жөнінде Азаттық радиосының Тәжік редакциясы хабарлады.

әжік билігі оны "ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі" деп атайды және "қылмыстық жанжал нәтижесінде өлтірілді" деп санайды. Әлеуметтік желіде Мамадбокировті Тәжікстан күш құрылымдарының бірінің мергені атқан деп жазып жатыр" деп хабарлайды "Ферғана" ақпарат агенттігі. Азаттықтың Тәжік редакциясына мәлім үш дереккөздің хабарына қарағанда, Мамадбокировты Таулы Бадахшан облысының орталығы Хорог қаласының Бархорог ықшам ауданындағы өз үйі маңында өлтірген.

Мамадбокиров — осы аймақта өзін-өзі қорғау үшін құрылып, кейін тәжік шекара әскерінің құрамына кірген күштердің бұрынғы командирі. 20 ғасырдың 90-жылдарының басы мен ортасында Тәжікстанның орталық билігі Таулы Бадахшанға бақылау орната алмай, жергілікті халықпен ұдайы қақтығыс болып келген еді.

Мамыр айында Тәжікстан ішкі істер министрлігі Мамадбокировты кейінгі кездердегі "қарсылық акциясын ұйымдастырушы" деп атаған. Бұл акция үкімет күштерімен қақтығысқа ұласып, ресми мәліметке қарағанда кемі 9 адам өлген.

Тәжік билігі Таулы Бадахшанда "терроризмге қарсы операция жүргізгенін" хабарлап, қарсылық акциясына қатысқандарды "шетел тапсырмасымен Таулы Бадахшанда дүрбелең туғызып жүрген қылмыстық топтар" деп мәлімдеген. Алайда қарсылық акциясына шығып жүрген жергілікті халық "өз құқығымызды қорғау үшін бейбіт жиынға шықтық" деп есептейді.

Таулы Бадахшан автономиялы облысындағы жағдай 14 мамырдан бері ушығып тұр. Сол күні Хорог қаласының жүздеген тұрғыны наразылық акциясын өткізіп, аймақ басшыларын қызметтен алуын, Бадахшан тұрғындарын қудалауды доғаруын, қараша оқиғасын әділ тергеуін, қамаудағы саяси тұтқындарды босатуын талап еткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG