Accessibility links

Путин "Тоқаев орыс тілін дамыту үшін халықаралық ұйым құруды ұсынды" дейді. Ақорда бұл жайлы хабарламады


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 7 қазанда Санкт-Петербургте ТМД елдері басшыларының бейресми саммитінде ТМД жанынан орыс тілін қолдау және дамыту бойынша халықаралық ұйым құруды ұсынған. Бұл туралы саммитте Владимир Путин мәлімдеді.

Ресей президентінің сөзі Кремль сайтында жариялады.

"Президент Тоқаевқа алғысымызды білдіреміз. Менің ойымша, бұл бәріміз үшін маңызды, себебі орыс тілі – сөзсіз мемлекетаралық араласу тілі. Біз, әрине, Қазақстан президетінің ұсынысын қолдаймыз және өз тарапымнан бұл идеяны жүзеге асыру үшін барын жасаймын" деді Путин.

Ақорда Петербургтегі саммит жайлы хабарламасында Тоқаев мұндай ұсыныс айтқанын жазбады. Ақорданың баспасөз қызметі ТМД басшыларының бейресми саммитінде "ұйым қызметінің басым бағыттары, өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту және одан әрі дамыту жөніндегі жоспар талқылағанын" хабарлады.

Бұл саммит Путин 70 жасқа толған күні өтіп жатыр. Қазақстан президенті Тоқаев Петербургте Путинді мерейтойымен құттықтады.

Кейінгі уақытта Ресейде Қазақстандағы ұлтаралық қатынастар және орыс халқының жағдайы туралы әртүрлі деңгейдегі талқылаулар күшейген. Ресейлік саясаткерлер "Қазақстан орыс тіліне қысым жасалып жатыр" деп бірнеше рет мәлімдеме жасаған. Ресейлік саясаткерлер Қазақстандағы қазақ тілді белсенділердің әрекетін және тілге қатысты заңдарды жиі сынға да алған.

2021 жылы жазда ресейлік бірқатар басылымдар азаматтық белсенді Қуат Ахметовтың қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап еткен видеосын "орыстарды жеккөрушілікке" теңеп, артынша Қазақстанда белсендінің үстінен "алауыздық тудыру" бойынша қылмыстық іс қозғалған. Кейін Ахметовтің елден кеткені белгілі болды.

2021 жылы қыркүйектегі жолдауында президент Тоқаев "Ата заң бойынша, Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Ал орыс тіліне ресми мәртебе берілген. Біздің заңымыз бойынша, оны қолдануға бөгет жасауға болмайды" деген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG