Accessibility links

Бас прокуратура: Қаңтар бойынша түрмеге кесілгендердің 102-і рақымшылыққа ілінуі мүмкін


Қазақстан бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев.
Қазақстан бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев.

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев 3 қарашада Қаңтар оқиғасына қатысушыларға рақымшылық заңы қалай қолданылатынын айтты. Оның сөзінше, Қаңтар оқиғасы бойынша айыпты деп танылып, түрмеге кесілген 102 адам қабылданған заң аясында амнистияға ілінуі мүмкін.

"Бізде бостандығынан айырылған адамдар арасында рақымшылыққа ілінуі мүмкін адам саны – 102. Яғни, олар бойынша белгілі заң тәртібі болуы тиіс" деді 3 қарашада журналистер сұрағына жауап берген Әсет Шындалиев.

Бір күн бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасына қатысушыларға рақымшылық жариялау туралы заңға қол қойған. Құжатқа сәйкес, 4-7 қаңтар күнгі "заңбұзушылықтарға қатысы бар" 1,5 мыңнан астам адам амнистияға ілінеді. Құжатта жеңіл және орташа ауыр қылмыс жасағандар қылмыстық жауапкершіліктен толық босатылуы, ауыр және ерекше ауыр қылмыс жасап, сонысын мойындағандардың жазасы қысқартылуы мүмкін екені айтылған.

Әсет Шындалиевтің сөзінше, жаңа заң бойынша рақымшылыққа ілінуі мүмкін, ал қазір түрмеде жазасын өтеп жатқан азаматтардың өзі немесе мекеме әкімшілігі сотқа өтініш бере алады. Сот бір ай ішінде істі қарайды. Ал әзірге үкім шықпаған азаматтардың ісі бойынша тергеу амалдары толық жүргізіліп, іс сотқа жіберіледі. Үкім шығарар кезде ғана судья амнистия актісін қолдана алады.

Бұған дейін бас прокуратура өкілдері рақымшылық туралы заңға Қаңтар оқиғасы бойынша кінәсін мойындағандар ғана ілінеді деп айтқан. 3 қарашада Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова "бірақ талқылау кезінде жұмыс тобы мүшелерінің басым бөлігінің ұсынысы бойынша аталған норма толық алынып тасталды" деді.

Осыған дейін құқық қорғаушылар рақымшылық шарасы Қаңтар оқиғасы кезінде бейбіт халыққа оқ атқандарды жауаптан жалтаруға жағдай жасайды деп қауіптенген. Себебі, заң жобасында "қорғану мақсатында" немесе "кездейсоқ адам өлтіру" бабы бойынша айыпталғандар да рақымшылыққа ілінуі мүмкін деп көрсетілген еді. "Абайсызда" немесе "қорғану мақсатында" адам өлтірді деген күдікке ілінген қанша адам рақымшылыққа ілінуі мүмкін деген Азаттық тілшісінің сұрағына өткен аптада бас прокуратура өкілі нақты жауап бере алмаған.

Дегенмен бас прокурор орынбасары Әсет Шындалиев 49 полицейге "билік өкілетін асыра пайдалану", "азаптау" баптары бойынша айып тағылғанын, "қылмысты жасыру" бабымен айыпталған бір полицей ғана рақымшылыққа ілінуі мүмкін екенін айтқан.

1 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында Қаңтар оқиғасына байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша айыпталғандарға амнистия жариялауды ұсынған. Ол мұны кешірім деп атап, мемлекетке "ауызбіршілік қажетін" алға тартқан. Сарапшылар ұсынысты қоғамдағы наразы көңіл-күйді басу және 20 қарашаға белгіленген кезектен тыс президент сайлау қарсаңында ұпай жинау талпынысы деп атаған.

Кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасына байланысты сот процестері Қазақстанда әлі жалғасып жатыр. Қантөгістен кейін елде мыңнан астам адам ұсталып, көбіне "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік", "қару-жарақ ұрлау" баптары бойынша айыптар тағылған. Айыпталғандар арасында азаматтық белсенділер де бар. Бұған дейін кейбір айыпталушылар мен туыстары тергеудің әділетсіздігіне шағымданған. Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған азаматтардың туыстары жақынын ақтауды талап етіп, оларға оқ атқандарды табуды талап еткен. Ресми Астана оқиғаны тергеуге халықаралық сарапшыларды тарту туралы ұсыныстан бас тартқан.

Ақпаратқа қарағанда, қазірге дейін Қаңтар оқиғасы бойынша 1100-ден астам адамға сот үкімі шыққан. Басым бөлігінің бостандығы шектелген. 120-дан астам адамға сот түрме жазасын кескен. 300-ден астам адам қамау орнында сот үкімін күтіп отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG