Accessibility links

Қаңтарда "солдатты басып өлтірді" деп айыпталған Құдайбергеновтың соты қайта жалғасты


Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған Қазбек Құдайбергенов.
Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған Қазбек Құдайбергенов.

10 қарашада Қызылорда қаласындағы №2 сотта Қазбек Құдайбергеновтың соты ары қарай жалғасты. Қызылорда қаласының 34 жастағы тұрғыны Қаңтар оқиғасында "алаңда әскери көлікпен солдат Мадияр Қайсаровты басып өлтірді","теракт жасамақ болды" деп айыпталған.

Бейсенбіде онлайн өткен сотта іске зерттеу жасаған эксперт пен істі жүргізген тергеуші Табиғат Еркінбекұлы жауап берді.

Сотта Қаңтарда әскери көлік басып қаза болған марқұм Мадияр Қайсаровтың мәйітіне экспертиза жасалмағаны белгілі болды. Бұған дейінгі сотта айтылған мәліметтерге сай, жедел жәрдем қызметкерлері оның көкірегі езілгенін айтса, сараптамада басынан жарақат алғаны жазылған.

- Мен күйеуімді ұстап алып кеткен соң сол оқиға болған маңдағы кафе, сауда орындарына кіріп видео сұраған едім. Барлығын полиция алып кетіпті. Бірақ сол жердегі кафеде еден жуушы болып істейтін әйел "үлкен ауыр әскери көлікті әскери киімдегі бетіне газға қарсы қондырғы киген адамның жүргізгенін" көрдім деді. Мұны көрген тағы бірнеше адам бар. Бірақ ешқайсысы сотқа барып, көргенін айтуға келіспеді. Еден жуушы әйелге "үш балам бар, көмектесіңізші" деп едім, "шырағым, менің де үш балам бар, артық әңгіме маған да керек емес" деп жауап берді, - дейді айыпталушының әйелі Іңкәрім Құдайбергенова Азаттыққа.

Сотта Құдайбергеновтың авдокаттары эксгумация жасауға өтініш жолдады. Жәбірленуші тарап келіспейтіндерін айтты. Істі жүргізіп отырған судья Думан Әлиев бұл туралы шешімді 14 қарашада жария ететінін мәлімдеді.

Сотта прокурор айыпталушының адам өлтіргеніне дәлел жеткіліксіз болғандықтан іске қосымша видео тіркеуді сұраған.

Қазбек Құдайбергеновты 8 қаңтарда үйінен алып кеткен, ол содан бері қамауда отыр.

Жарты жылға созылған сотта Қазыбек Құдайбергенов ешқандай машина көлігіне отырмағанын, көлікті айдамағанын айтумен келеді. 25 мамырда басталған сотта екі жәбірленуші мен 18 әскери куә бар. Олардың барлығы да жауап берген.

Оған "теракт жасамақ болды" (255-бап 4-бөлік), "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" (272-бап 2-бөлік), "билік өкіліне күш көрсетіп, қарсылық көрсетті" (380-бап 2-бөлік) деген бірнеше айыппен қылмыстық іс қозғалған. Құдайбергеновтың үш кішкентай баласы бар, әйелі үшінші топтағы мүгедек.

Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде Қызылордада 26 адам қазаға ұшыраған. Олардың біреуі – әскери борышын өтеп жүрген солдат.

Биыл жыл басында Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы наразылық бүкіл елге жайылып, аяғы қантөгіске ұласты. Бірнеше қалада полиция көліктері өртеліп, мемлекеттік ғимараттар бүлінді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елге "20 мың бандит шабуылдады" деп мәлімдеп, күш құрылымдарына "ескертусіз оқ атуға бұйрық" берген. Алайда кейін билік "20 мың бандит" жайлы мәлімдемені жоққа шығарған. Ресми органдар оқиға кезінде барлығы 238 адам мерт болды дейді. Оның алтауы қамауда азаптаудан қаза тапқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG