Accessibility links

Украина жағына өтіп кеткен "Вагнер" тобының мүшесін зілбалғамен ұрып өлтірген


Сириядағы "Вагнер" жеке әскери тобының жалдамалы солдаттары.
Сириядағы "Вагнер" жеке әскери тобының жалдамалы солдаттары.

"Вагнер" жеке әскери тобына жақын Телеграм-арналары Украина жағына өтіп кеткен топтың бұрынғы мүшесі Евгений Нужинді дарға асқаны жөнінде видео таратты. Видео сипаттамасында "сатқын жазасын алды" деп жазылған.

Ақпаратқа қарағанда, Ресей түрмесінде адам өлтіргені үшін жазасын өтеп жүрген Евгений Нужинді "Вагнер" тобы қамау орнында соғысқа баруға көндіріп, Украинаға әкеткен. Қыркүйек басында ол тұтқынға түскен. Нужин украин журналисі Юрий Бутусовқа сұхбат беріп, Ресей саясаты мен Украинадағы соғысты сынаған.

Нужин сұхбатта тезірек тұтқынға түсіп, Украина жағында соғысу үшін "Вагнер" тобына қосылғанын айтқан. Соғыстан кейін Украинада қалғысы келген. Ол жақта оның әпкесі мен бауырлары тұрады.

Ресейлік телеграм-арналар таратқан видеода Нужин тұтқынға түскеннен кейін Киевте болғанын, сол жақтан 11 қарашада ұрлап әкетілгенін айтады. Есін жертөледе жиған, сол жерде өзін "соттайтынын" білген. Бұдан соң оның басын зілбалғамен ұрып өлтірген.

"Вагнер" жеке әскери тобының жетекшісі Евгений Пригожин видеоны "керемет режиссуралық туынды" деп атап, оны өлтіргені "әділ" болды деген.

Sota басылымының жазуынша, адамды зілбалғамен өлтіру Сириядағы соғысқа қатысқаннан бергі "Вагнер" қолданып жүрген танымал әдістің бірі.

  • "Вагнер" жеке әскери тобы – қағаз жүзінде Ресей әскери ведомствосына қарамайтын, заңды тұлғалар реестрінде жоқ бейресми қарулы топ. Бірақ оның мүшелері Украина және өзге елдердегі соғысқа қатысқан.
  • Владимир Путинге жақын кәсіпкер Евгений Пригожин "Вагнерді" құрушылардың бірі саналады, әскери топты қаржылай қолдайтын да сол.
  • Биыл көктемде Ресей армиясы Украина территориясында бірнеше рет жеңіліске ұшыраған соң "Вагнер" Ресей түрмелеріндегі тұтқындарды соғысқа тартып, Украинаға жібере бастаған.
  • Соғысқа қатысуға келіскендер жарты жыл алдыңғы шепте болу міндеті қойылғанын айтады. Оларға шегінсе немесе тұтқынға берілсе, атып тастайтындықтарын айтқан. Ал жарты жыл соғыста болғандарға рақымшылық жөнінде уәде берген. Түрлі мәлімет бойынша, "Вагнер" 20 мыңға дейін тұтқынды соғысқа тартқан.
XS
SM
MD
LG