Accessibility links

"Вагнер" тобы Соледар қаласын алдық дейді. Украинадағы майданда не болып  жатыр?


Соледар қаласынан шыққан түтін. 5 қаңтар 2023 жыл.
Соледар қаласынан шыққан түтін. 5 қаңтар 2023 жыл.

Украинаның Донецк облысындағы шағын Соледар қаласы үшін кескілескен шайқас жүріп жатыр. Ресейдің жалдамалылардан құралған "Вагнер" әскери тобы қаланы толық бақылауға алдық деп мәлімдесе, Украина мұны жоққа шығарады. Соледардағы шайқастың жай-жапсары.

ПРИГОЖИН МЕН СЕПАРАТИСТЕР НЕ ДЕЙДІ?

"Ресейдің "Вагнер" тобы бірнеше аптаға созылған шайқастан соң Украинаның Донецк облысындағы Соледардың басым бөлігін бақылауға алды" деп мәлімдеді Ұлыбритания қорғаныс министрлігі соғыс жайлы хабарламасында. Соледар – Бахмуттан он шақырымда орналасқан шахталы қала. Ал Ресей әскері бірнеше айдан бері Бахмут қаласын алуға тырысып жатыр.

Соледардың орталығына ресейлік әскерилер кіргенін Ресейдің телеграм каналдары да жазып жатыр. Ал 10 қаңтар кешкісін сепаратистік "ДХР" аймағының Кремль тағайындаған басшысы Денис Пушилин де Соледар орталығы ресейлік әскердің бақылауында екенін айтты.

"Қарсылас тарап солдаттары мен техникаларынан айырылса да, қарсыласуды тоқтатқан жоқ" деді Пушилин.

Ал "Вагнер" тобының иесі, Ресей президенті Путиннің "аспазы" ретінде танылған Евгений Пригожин "қала орталығында шайқас жалғасып жатса да Соледардың барлық аумағын бақылауға алдық" деп мәлімдеді.

УКРАИНА ТАРАБЫ НЕ ДЕЙДІ?

Украина президентінің кеңесшісі Алексей Арестович Ресей Соледар қаласының "жарты бөлігін бақылауға" алғанын айтады. Оның сөзінше, Ресей әскерилері қаланың шығысын, Украина әскерилері батыс пен солтүстігін бақылауда ұстап тұр.

Ал Украина қорғаныс министрлігі Ресей көп әскери шығынға қарамастан қалаға шабуылды жалғастырып жатыр, ал украиналық әскерилер қорғанысты ұстап тұр деп мәлімдеді.

Украина әскері Соледарды бірнеше айдан бері қорғап тұр.
Украина әскері Соледарды бірнеше айдан бері қорғап тұр.

Соледар қаласын қорғап тұрған украиналық 46-аэромобильді бригадасының солдаты америкалық CNN телеарнасына "жағдай қиын", "қаза тапқандар көптігі сонша оларды ешкім санап жатқан жоқ" деген.

Украина президенті Владимир Зеленский 9 қаңтардағы мәлімдемесінде Ресейдің Соледардағы әрекетін "ақылдан адасқандық" деп, қаланы "Ресейдің қатыгез шабуылынан қорғап тұрған" әскерилерге алғыс айтты.

"Бұл – өте ауыр жағдай. Соледарда барлық ғимарат қирады. Біздің әскерилеріміздің Соледардағы ерлігінің арқасында Украина үшін уақыт ұттық, күш жинадық" деді Зеленский.

Америкалық соғысты зерттеу институты (ISW) Ресей әскерилері Соледарды әлі толық бақылауға алған жоқ деп санайды.

"Сарапшыларымыз Соледар орталығында "Вагнер" тобының адамдары жүргенін байқаған. Бірақ қаланың қай бөлігі кімнің бақылауында екенін айту қиын, себебі көшедегі атыс кезінде жағдай бірден өзгеріп кетуі мүмкін. Ресейліктер Соледарды алғанның өзінде бұл Бахмут қаласын тез арада қоршауға алуға мүмкіндік бермейді" дейді ISW.

Соледар көшесіндегі шайқас. 8 қаңтар 2023 жыл.
Соледар көшесіндегі шайқас. 8 қаңтар 2023 жыл.

Донецк облысы әскери әкімшілігінің басшысы Павел Кириленко Соледарда 523 адам қалғанын, көбі 50 жастан асқан егде адамдар екенін айтады.

"Соледарда қалған адамдардың кейбірі қаладан кеткісі келеді, бірақ кескілескен шайқастың кесірінен оларды шығару мүмкін болмай тұр" деді ол.

Бұл қалада соғысқа дейін 10 мыңдай адам тұрған еді. Сарапшылар Украина бұл қаланы жоғалтса Бахмутты қорғауда қиындыққа тап болуы мүмкін деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG