Accessibility links

BBC: Ресейде соғыста өлген "ЧВК Вагнер" қызметкеріне құрмет тақтасы орнатылды. Ол бұрын "адам өлтіргені үшін" сотталған


Былтыр жыл соңында Ресейдің Саратов қаласындағы мектептердің бірінде осы мектеп түлегі Украинадағы соғыста қаза болған "Росгвардияның" бұрынғы қызметкері Денис Ковырзинге мемориал тақта орнатылған. 2016 жылы ол адам өлтіргені үшін айыпталып, 7,5 жылға сотталған, деп жазды Мәскеу қалалық сотының дерегіне сүйенген BBC сайты.

Ковырзин бірнеше рет түрмеден ерте босап шығу туралы өтініш берген, алайда өтініші орындалмаған. Соңғы рет мұндай өтініш 2022 жылы мамырда түсірілген.

Ковырзин Нижний Новгород түбіндегі түрмеде күштік құрылымның бұрынғы өкілдеріне арналған түрмеде жазасын өтеген. Gulagu.net мәліметінше, 2022 жылы жазда осы жерге тұтқындарды Украинадағы соғысқа тарту үшін "ЧВК Вагнер" жеке әскери тобы өкілдері келген. Ақпаратқа қарағанда, Ковырзин "ЧВК Вагнер" тобының өкілі ретінде майданға жіберілген, сол жақта тамызда қаза болған.

Ковырзин Мәскеу түбіндегі Балашиха ауылында жерленген. Бұл жерде ол қамалғанға дейін жұмыс істеген. Тұтқынға рақымшылық жарияланған ба, жоқ па, ол жағы айтылмайды.

Саратовтағы мемориал тақта "ЧВК Вагнер" мүшесінің құрметіне орнатылған алғашқы тақта, деп жазды BBC.

Мектеп әкімшілігі журналистердің сұрақтарына жауап бермеген. Саратов мэрінің өкілі оқиғаны тексеруге уәде берген.

  • "ЧВК Вагнер" ("Вагнер" жекеменшік әскери компаниясы) – Ресейдің бейресми әскери бөлімшесі. Бұл бөлім әскери ведомстволардың балансы мен заңды тұлғалардың реестрінде жоқ. Бірақ оның жауынгерлері Сирия, Африка және Украинадағы соғыс әрекеттеріне қатысып жүр.
  • Аталған топ жалдамалылары көптеген әскери қылмыстарға байланысты күдікке ілінген. Былтыр АҚШ сенаты "Вагнер" жеке әскери тобын шетелдік террористік ұйым деп тану жөнінде заң жобасын енгізген.
  • Былтыр көктемде Ресей армиясы Украина территориясында бірнеше рет жеңіліске ұшыраған соң "Вагнер" Ресей түрмелеріндегі тұтқындарды соғысқа тартып, Украинаға жібере бастаған. Соғысқа тартумен Владимир Путинге жақын кәсіпкер, "Вагнерді" құрушылардың бірі Евгений Пригожиннің өзі айналысқан. Ол елдегі ондаған түрмені аралап, тұтқындарды соғысқа үгіттеген. Пригожин "Вагнерді" құрғанын 2022 жылы қыркүйекте ғана мойындаған.
  • Соғысқа баруға келіскен тұтқындар жарты жыл бойы алдыңғы шепте соғысуы тиіс. Оларға кері шегінуне, тұтқынға берілуге қатаң тыйым салынған. Жарты жылдан кейін аман қалған тұтқындарға рақымшылық уәде етілген. Оның заңдық жағынан қалай рәсімделетіні белгісіз.
XS
SM
MD
LG