Accessibility links

Қарақалпақ белсендісі Тәжімұратовтың адвокаты Жоғарғы сотқа апелляциялық шағым түсірді


"Ел қызметінде" ("Эл хызметинде") газетінің адвокаты Дәулетмұрат Тәжімұратов.
"Ел қызметінде" ("Эл хызметинде") газетінің адвокаты Дәулетмұрат Тәжімұратов.

Қарақалпақстандағы оқиға бойынша ұзақ жылға сотталған белсенді Дәулетмұрат Тәжімұратовтың інісі әрі адвокаты Ринат Тәжімұратов Жоғарғы сотқа апелляциялық шағым түсірді. Бұл жөнінде Gazeta.uz басылымына сүйенген Азаттықтың Өзбек қызметі хабарлады.

Қорғаушысы Дәулетмұрат Тәжімұратовтың ісінде "Өзбекстанның конституциялық құрылымын бұзу немесе билікті басып алу мақсатында сөз байласу" бабында көрсетілген қылмыс құрамы жоғын айтты. Себебі ағасының әрекеті конституциялық құрылымды төңкеруге бағытталмаған.

"Бұған қоса, өзге айыпталушылар – Азамат Тұрданов, Ахмет Ісметуллаев және Дәулетмұрат Жиемұратов Қылмыстық кодекстің 159-бабының 4-бөлігі бойынша ақталды. Ендеше [Тәжімұратов] кіммен қылмыстық келісімге барған деген сұрақ туындайды" деді ол.

"Ол ешқандай жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырмады, билікті күшпен басып алуға шақырмады" дейді адвокат.

Ринат Тәжімұратов сонымен бірге "ірі көлемде қаржы жымқыру" бабы бойынша да қылмыс белгілері жоғын айтты. Айтуынша, жұмсалған қаражатқа қатысты құжаттарда келісім шарттары орындалған.

Дәулетмұрат Тәжімұратов сот барысында бір-ақ айыбын мойындаған. Ол Қылмыстық кодекстің 244-бабы бойынша "БАҚ-ты пайдаланып, демонстрация материалдарын әзірлеу, тарату". Адвокат бұл баппен кез келген адамды айыптауға болатынын айтады.

Адвокат Жоғарғы соттан белсендінің кәмелетке толмаған үш баласы барын ескеріп, жазаны жеңілдетуді сұрайды. Сонымен бірге 6,55 млрд сом материалдық айыппұлдан да босатуды сұрайды.

"Ел қызметінде" ("Эл хызметинде") газетінің тілшісі Дәулетмұрат Тәжімұратов "Өзбекстанның конституциялық құрылымын бұзу немесе билікті басып алу мақсатында сөз байласу" және "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" баптарымен айыпты деп танылып, 16 жылға сотталған. Сот сонымен бірге оны "жаппай тәртіпсіздік" және "қаржы жымқыру" баптары бойынша да кінәлі деп таныған.

Қарай отырыңыз: "Жоспарым көп еді". 16 жылға сотталған қарақалпақ белсендісі үкімді дауламақ (15 ақпан 2023 жыл).

"Жоспарым көп еді". 16 жылға сотталған қарақалпақ белсендісі үкімді дауламақ
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:39 0:00

2022 жылғы 1-2 шілде күндері Қарақалпақстан автономия республикасының астанасы Нөкіс қаласының тұрғындары Өзбекстан конституциясына енетін кейбір өзгерістерге қарсы наразылыққа шыққан. Жаңа заң жобасында Қарақалпақстанның егемендік мәртебесі мен республика құрамынан өз еркімен шығу құқығы алынып қалған еді. Халық толқуынан соң, Ташкент даулы өзгерістерден бас тартқан.

Өзбекстан күш құрылымдары Нөкістегі наразылықты күшпен басқан. Өзбек билігінің мәліметінше, Нөкістегі наразылық кезінде 21 адам өліп, 243 адам жараланған, 500 адам қамауға алынған. Халықаралық ұйымдар Ташкентті оқиғаны жан-жақты, әділ әрі ашық тергеуге шақырған.

XS
SM
MD
LG