Accessibility links

Қаңтар оқиғасындағы "әуежайды басып алу" ісіне байланысты сот процесі басталды


"Әуежайды басып алу" ісі бойынша айыпталған Ермұхамет Шилібаев, Қалас Нұрпейісов және Нұрлан Дәлібаев сот процесі кезінде. Алматы, 14 наурыз, 2023 жыл.
"Әуежайды басып алу" ісі бойынша айыпталған Ермұхамет Шилібаев, Қалас Нұрпейісов және Нұрлан Дәлібаев сот процесі кезінде. Алматы, 14 наурыз, 2023 жыл.

Алматының Наурызбай аудандық сотында былтырғы Қаңтар оқиғасы кезінде "әуежайды басып алу" ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті. Бұл іске қатысты белсенділер Әйгерім Тілеужан мен Қалас Нұрпейісовтен басқа тағы үш адам – Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев, Жан-Айдар Кәрменовтер айыпталып отыр.

Әйгерім Тілеужан үйқамақта, одан өзге төрт айыпталушы былтыр көктемнен бері қамауда отыр. Судья келмей тұрып, олар тағылған айыпты мойындамайтынын айтты.

– Маған тағылған айыптардың ешқайсысына келіспеймін. Бұлардың барлығы жалған. Тіпті куәгерлердің де куәлігі қандай жолмен алынғанын білеміз, – деді айыпталушылардың бірі Қалас Нұрпейісов.

Айыпталушы Нұрлан Дәлібаев болса, іске қатысты куәгерлердің бірде-бірімен кездестірмегенін айтты.

– Біз жүрген жерімізде ештеңені қиратып, я болмаса мемлекеттік нысанға зиян келтірген жоқпыз. [Әуежайға] кіргеніміз рас, білместікпен кірдік. Себебі Қазақстанға Ресей әскері келіп, халықты қырады деген соң бардық, арам ойымыз болған жоқ, – дейді Нұрлан Дәлібаев.

Ал жасы 50-ден асқан Ермұхамет Шилібаев мүгедектігі бар екенін, әуежай ғимаратын басып алмай, керісінше, оны бұзақылардан сақтап қалғанын айтты.

– Ештеңе қиратқан да, алған да жоқпын. Керісінше, бір ғимаратты аман алып қалдым десем де болады. Келе жатқан топты тоқтатып, "мыналарға тиіспеңдер, мынау – ертең бізге қызмет ететін жер, мұны қиратпаңдар" деп, аман алып қалғаным үшін жазықты болып отырмын. Баскесер не ұры-қары болып, біреудің бірдеңесін ұрласам, өкінбейтін едім, – деді Ермұхамет Шилібаев.

Айыпталушы Жан-Айдар Кәрменов те айыбын мойындамайтынын айтты. Белсенді Әйгерім Тілеужан да бұған дейін өзіне тағылған айыпқа келіспейтінін бірнеше рет мәлімдеген.

Бүгінгі сотқа айыпталушылардың 50-ге жуық жақыны мен қолдаушысы келді. Алайда судья Маратбек Кәкімжанов бүгін тек алдын ала тыңдау болатынын, онда алғашқы сот қашан өтетіні, айыпталушылардың бұлтартпау шарасы мен соттың құрамына қатысты мәселелер қаралалатынын айтып, залға тек процеске қатысы бар адамдар мен журналистерді кіргізді.

Ішке кірмей қалған адамдар ғимарат алдында наразылық білдіріп, "Бостандық!", "Ашық сот!" деп ұрандатып, ұзақ тұрды. Оларға адвокаттардың бірі шығып, жағдайды түсіндірмек болды, алайда наразыларды бұл жайт қанағаттандырмады.

Алдын ала тыңдау кезінде судья тараптардың өтінішін тыңдады. Қамауда отырған төрт айыпталушының адвокаттары олардың бұлтартпау шарасын өзгертіп, үйқамаққа жіберуді, қатысушылардың бәрі қазақша сөйлейтіндіктен, процесті қазақ тілінде өткізуді және сотты алқабилердің қатысуымен өткізуді сұрады. Прокурорлар шағымды қанағаттандыруға негіз жоғын айтты.

Судья екі сағат үзіліс жариялап, кейін айыпталушылар мен олардың адвокаттарының өтініші қанағаттандырылмайтынын айтты. Ал негізгі сот отырысын 30 наурызға белгіледі.

Қалас Нұрпейісов – 43 жастағы алматылық мұғалім. Ол 2019 жылы билікке қарсы жаппай наразылық басталғанда, саяси пікір айтып, азаматтық көзқарасын білдірген. Сол оқиғадан соң мектептегі жұмысынан шығып қалған.

Қалас Нұрпейісовке Қаңтар оқиғасынан кейін төрт бап бойынша айып тағылған: оның екеуі ("тонау" және "автокөлікті иеленіп алу") амнистиямен қысқаруға тиіс. Ал "жаппай тәртіпсіздік" және "ғимаратқа басып кіру" баптары амнистияға ілінбейді. Бас прокуратура таратқан мәліметте "Нұрпейісов Алматы әуежайына және "Қазаэронавигация" ғимаратына шабуыл жасады, оны басып алды" делінген. Бас прокуратураның дерегінше, шабуыл салдарынан Алматы әуежайы мен әуекомпанияларға 6,1 миллиард теңге, кәсіпкерлерге 414,1 миллион теңге залал келген.

Биыл 5 қаңтарда өткен парламенттегі жиында бас прокурор Берік Асылов "Діни экстремистік ұйымдардың екі мүшесі Қалас Нұрпейісов пен Әйгерім Тілеужан Алматы әуежайын басып алған" деп мәлімдеді. Адвокат Абзал Айдарханов бас прокурор осы сөзімен Қалас Нұрпейісовтің конституциялық құқығы – кінәсіздік презумпциясын бұзды деп есептейді.

Журналист Әйгерім Тілеужан былтыр, 2022 жылғы қарашада Қаңтар оқиғасына байланысты күдікте ретінде сот шешімімен үйқамаққа алынған. Бірнеше ай бойы оны "Алматы әуежайын басып алмақ болғандар ісі бойынша" қылмыстық іске куәгер ретінде тартып, кейін күдікті санатына ауыстырған.

Әйгерім Тілеужанның адвокаты Айнара Айдарханның сөзінше, оны "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды" деудің қисыны жоқ. "Өйткені ол Алматыда Қаңтар оқиғасы басталар алдында әкімшілік жазамен қамауда отырған.

Әйгерім Тілеужан 19 наурызда өтетін мәжіліс сайлауына үміткер ретінде тіркеліп, кандидаттығынан екі мәрте айырылған. Сайлау комиссиясы алдымен оның сайлау жарнасын төлегеніне күмән келтірсе, екінші рет 11 наурызда "табыс декларациясындағы мәліметтері қате" деген себеппен кандидат куәлігінен айырды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG