Accessibility links

Алматылық ғалым Қытаймен арада визасыз режимді алып тастауды талап етіп, петиция тапсырды


Алматылық ғалым Нұртаза Қадырниязов сенаттың қабылдау бөлмесіне Қытаймен визасыз режим енгізуге қарсы петиция тапсырып тұр. Астана, 5 мамыр, 2023 жыл.
Алматылық ғалым Нұртаза Қадырниязов сенаттың қабылдау бөлмесіне Қытаймен визасыз режим енгізуге қарсы петиция тапсырып тұр. Астана, 5 мамыр, 2023 жыл.

5 мамырда Астанада ғалым Нұртаза Қадырниязов Қытаймен арада визасыз режимді алып тастауды талап етіп, президент әкімшілігі мен парламентке петиция тапсырды.

Ол халқы аз, жері үлкен Қазақстан сияқты елге кей деректер болйынша 1,5 млрд халқы бар Қытай сияқты ел азаматтарын визасыз кіргізу қауіпті деп есептейді.

Оның айтуынша, жері кең, халқы аз Австралия сияқты Қазақстан да демографиялық экспансияға ұшырауы мүмкін.

– Қытай әуелі экономикаға кіреді. Бірте-бірте экономикалық тәуелділік саяси тәуелділікке айналуы мүмкін, – деді Нұртаза Қадырниязов Азаттыққа.

Ол елдің шикізат игеру саласында Қытайдың үлесі одан әрі артып барады деп алаңдайды.

Азаттық тілшісі Ақордаға баратын көпірдің маңында алматылық ғалымнан сұхбат алып тұрған кезде арнайы жасақтың бірнеше өкілі келіп, "қайда бара жатсыңдар, не істеп жатсыңдар?" деп сұрады. Бұдан кейін ғалым арнайы жасақтың бір өкілімен Ақорда жаққа қарай беттеді.

Қазақстан мен Қытай былтыр жазда 14 күндік визасыз режим енгізген. Алдағы уақытта Астана мен Пекин осы режимнің мерзімін 30 күнге жеткізуді жоспарлап отыр.

Екі жақ арасында алдағы уақытта қол қойылады деп отырған келісімге сәйкес, қазақстандықтар Қытайда, қытайлықтар Қазақстанда шекараны кесіп өткен сәттен бастап визасыз 30 күн – 180 күнтізбелік күн ішінде, жалпы алғанда, 90 күн визасыз жүре алады.

Визасыз режим тек туристік, жеке және іскерлік мақсатта сапарлайтын азаматтарға қатысты. Бұл режим аясында жұмыс істеуге тыйым салынған.

Осы ақпарат тарағаннан кейін Қазақстанның бірқатар өңірінде тұрғындар Қытаймен арадағы визасыз режимді алып тастауды талап ете бастаған. Наразылар Қазақстандағы жемқорлық кесірінен Қытай азаматтары амалын тауып, елде қалып қоюы мүмкін деп үрейленеді.

Өткен аптада Қазақстан сыртқы істер министрлігі "Қытаймен уақытша визасыз режим енгізілсе, Қытай азаматтары Қазақстанға жаппай тұрақты қоныстана бастайды деуге негіз жоқ" деп мәлімдеген. Министрлік мұндай режимнен "қазақстандықтар ұтатынын", ол елдің инвестициялық ахуалына да жағымды әсер ететінін айтқан.

Видео: Қытаймен арада виза режимі жеңілдемек. Жұрт неден қауіптенеді? (28 сәуір 2023 жыл).

Қытаймен арада виза режимі жеңілдемек. Жұрт неден қауіптенеді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:31 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG