Accessibility links

Jusan bank дауына нүкте қойылды ма? Орталық Азия Батыс пен Қытайдың текетірес алаңына айнала ма?


Jusan банктің Алматыдағы ғимараты.
Jusan банктің Алматыдағы ғимараты.

Батыс басылымдары бұл аптада Қазақстанмен "келісімге келген" шетелдегі Jusan тобы Jusan банкті елге қалай қайтаратынына тоқталды. Басылымдардың жазуынша, бұл келісім "постназарбаев кезеңінде активтер үшін болған ең үлкен сот дауына нүкте қоймақ". Орталық Азия Еуропа мен Қытайдың текетірес алаңына айнала ма? Одан бөлек шетелдік басылым Алматы әуежайын "басып алу" ісі бойынша үкім шықса да, Тоқаев айтқан лаңкестер сол бойы табылмағанын талдады.

"ПОСТНАЗАРБАЕВ КЕЗЕҢІНДЕ АКТИВТЕР ҮШІН БОЛҒАН ЕҢ ҮЛКЕН ДАУ"

Bloomberg ақпарат агенттігі "мәселеден хабары бар" құпия дереккөздерге сүйене отырып, Jusan тобымен келісім бойынша, Jusan банктің миноритар акционері Ғалымжан Есенов банкті толығымен бақылауға алатынын хабарлады. Bloomberg бұл Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы президент қызметінен кеткеннен бергі активтер үшін болған ең үлкен дауға нүкте қоятын келісім" екенін жазды.

Ақпарат агенттігінің жазуына қарағанда, келісімнің шарттары бойынша, Ғалымжан Есенов First Heartland Jusan Bank-тегі үлесін 20 пайыздан 100 пайызға дейін өсірмек. Есеновке акцияларды экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев құрылтайшылық ететін "Назарбаев қорымен" байланысқан Ұлыбританиядағы Jusan Technologies компаниясы сатады.

Bloomberg сауалына жауап берген Jusan bank "конструктивті келісім" жасалғанын растады, бірақ келісімнің бүге-шігесін ашып айтпады.

Қаңтар оқиғасынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Назарбаев отбасының мүшелері мен жақтастарын шетке ысырып, тамыр жайған олигархтармен күресуге уәде етті.

Мақала авторы Нариман Гизитдинов бұл текетірес Тоқаев заңсыз жолмен табылған активтерді қайтару бойынша заңға қол қойып, экономиканы бақылауды күшейтуге талпынып жатқан тұста жүріп жатқанына назар аударады.

Jusan тобымен келісім бес айдан бері жалғасып келе жатқан сот дауына нүкте қоймақ. Ақпанда бас прокуратура Алматы қаласы прокурорының талап арызы бойынша Алматыдағы Бостандық ауданы соты "Назарбаев қорына" тиесілі Pioneer Capital Invest компаниясы мен Jusan Technologies Ltd арасындағы First Heartland Jusan Bank АҚ-ның, сондай-ақ оған қатысы бар ұйымдардың активтерін шетелдік юрисдикцияларға беру туралы мәмілені жарамсыз деп тану туралы азаматтық іс қозғағанын хабарлады. Бас прокуратура бұл мәмілені тексеру туралы арызды"Назарбаев қоры" 3 ақпанда түсіргенін мәлімдеді.

16 ақпанда Jusan Bank-тің ірі акционері First Heartland Securities АҚ-ға иелік ететін Ұлыбританияда орналасқан Jusan Technologies ltd мен оның ірі акционері, АҚШ-тың Невада штатында тіркелген Jysan Holding компаниясы Невада штатының федерациялық округі сотына Қазақстан үкіметі мен бірқатар мемлекеттік органның үстінен шағым түсірген. Jysan Holding пен Jusan Technologies шағымда Қазақстан үкіметін "өзінің және үкіметке қатысы бар тұлғалардың жеке бас пайдасына компанияның 1,5 миллиард доллар активін тартып алу үшін қорқытып-үркіту науқанын жүргізді" деп айыптаған.

Jusan bank пен оған иелік етуші Jusan тобы Назарбаев пен оның отбасына қатысы жоқтығын мәлімдеген.

13 маусымда әділет министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп "Jusan тобын Қазақстан юрисдикциясына қайтарғанын, тиісті құжаттарға қол қойылғанын" хабарлады. Алайда министрлік келісімшарттың құпиялығына сілтеп, Jusan тобы елге қандай жолмен, қандай келісім негізінде қайтарылғанын ашып айтпады.

Bloomberg агенттігінің жазуынша, Есенов бұған дейін Jusan Technologies пен оның еншілес компанияларының үстінен банктегі үлесінің құны мен өзіне тиесілі дивидендтерді төлеуді талап етіп, сотқа шағымданған.

Bloomberg ақпарат көздерінің айтуынша, Jusan тобымен келісім бойынша, тараптар Jusan bank пен АТФ банк (Есенов АТФ банктің иесі болған) біріккен соң Есеновтің үлесін қайта есептеп, өсірмек. Есеновке төленбеген дивидендтер үшін өтемақы мен үлесін қайта есептеуден айырмашылық төленеді.

Дерек көздердің хабарлауынша, шарт бойынша, Jusan Technologies Есеновке банкті ғана емес, "Қазақтелеком" ұлттық компаниясының 9 пайыз акциясы мен Kcell ұялы операторының 15 пайыз акциясын бермек.

Назарбаев университет. Астана, 16 қараша, 2013 жыл
Назарбаев университет. Астана, 16 қараша, 2013 жыл

Келісімге сәйкес, Есенов мәміледен түсетін бүкіл ақшаның есебінен Назарбаев университет пен Назарбаев зияткерлік мектептерін қаржыландыруы керек. Бұл оқу орындарына Jusan Technologies пен Jysan Holding-тің түпкі иесі, АҚШ-тың Невада штатында орналасқан New Generation Foundation қоры қолдау көрсетіп келген.

Қазақстанның ақпарат құралдары Есеновтің "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының бұрынғы төрағасы Ахметжан Есімовтің экс-күйеубаласы екенін жазды.

Jusan Technologies, Jysan Holding пен сотта Қазақстан үкіметін қорғайтын әділет министрлігі Bloomberg сауалдарына жауап бермеген. Ал Ғалымжан Есеновтің баспасөз хатшысы пікір беруден бас тартқан.

ҚЫТАЙ МЕН ЕУРООДАҚТЫҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ "БӘСЕКЕСІ"

АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы Орталық Азия Еуропа мен Қытайдың бәсеке алаңына айнала ма деген сұраққа жауап іздейді.

"Ресейдің Украинаға басып кіруі Еуразия геосаясатын өзгертіп жатыр, Орталық Азия жаңа стратегиялық өзгерістердің сынақ алаңына айналды. Бірқатар сыртқы державалар аймақтағы ықпал үшін таласып жатыр, Еуроодақ − солардың бірі" дейді автор, Грекиядағы халықаралық экономикалық қатынастар институтының Азия бөлімінің жетекшісі Пламен Тончев.

Бұл Қытай мен Еуроодақтың арасын шиеленістіруі мүмкін бе? Зерттеушінің пайымдауынша, Орталық Азиядағы Қытай-Еуроодақ қарым-қатынасын сүзгіден өткізгенде аймақтағы ахуалды есепке алған жөн.

Ресейдің Украинадағы соғыста сәтсіздікке ұшырауы Қытайға Орталық Азиядағы ықпалын арттыруға жол ашты. Бірақ Пекин Мәскеудің орнын басуға талпынып жатқандай болып көрінбеу үшін сақ қимылдайды.

"Бір белдеу – бір жол" бастамасы − Қытайдың аймақтағы негізгі нарративі. Мамыр айында Сианда өткен саммит бұл жобаның әлі де өміршең екенін және Қытайдың ықпалы өсіп жатқанын көрсетті. Былтыр Қытайдың аймақпен сауда-саттық көлемі 70 миллиард долларға жетті. Ал 2022 жылдың аяғында Қытай аймаққа 15 миллиард доллар инвестиция құйды.

"Батыс Еуропа - Батыс Қытай" автобаны. Жамбыл облысы. 20 қазан 2019 жыл.
"Батыс Еуропа - Батыс Қытай" автобаны. Жамбыл облысы. 20 қазан 2019 жыл.

Пекин Орталық Азияның қарулы күштерімен және әскери, барлау қызметтерімен ынтымақтастықты күшейтті. Мәселен, Қытай Қырғызстандағы инвестициялық жобаларын қорғау үшін жеке күзет компанияларын жіберді, Қытайдың әскери полиция бөлімшелері Тәжікстанның Ауғанстанмен шекарасын күзетеді.

Ал Еуроодақ − аймақтың негізгі сауда серіктесі: 2022 жылы Орталық Азия мен Еуроодақ арасындағы сауда көлемі 52 миллиард долларға жетті. 2022 жылы Орталық Азияға құйылған тікелей шетелдік инвестицияның 42 пайызы Еуроодақтан келген, осы кезеңде Қытай құйған инвестиция небәрі 3,7 пайыз болған.

Тончев Орталық Азия үшін Еуроодақтың Қытаймен шиеленіске баруы екіталай деп есептейді. "Еуроодақ Ресеймен араз, бірақ Қытаймен арасы ондай нашар емес. Орталық Азия − Еуроодақ пен Қытайдың геосаяси шайқас алаңына айналмайды, себебі бұл екі ойыншының келіспейтін басқа мәселелері бар. Мәселен, Шыңжаңдағы аз ұлттардың құқығы бұзылған соң Еуроодақ пен Қытай арасындағы инвестициялар туралы келісім тоқтатылды. Алайда мұның Орталық Азиядағы Еуроодақ-Қытай қарым-қатынасына қатысы жоқ" дейді автор.

Дей тұрғанмен Тончев табиғи ресурстар мен технологияларды беру тәрізді салаларда Қытай-Еуроодақ бәсекелес болмақ деп есептейді. Еуроодақ елдері аймаққа өнеркәсіп технологияларын беруге дайын болса, Қытай мұны әлдеқашан белсенді түрде қолға алған.

Еуропа кеңесінің төрағасы Шарль Мишель мен Қытай төрағасы Си Цзиньпин
Еуропа кеңесінің төрағасы Шарль Мишель мен Қытай төрағасы Си Цзиньпин

Еуроодақ − аймақта Қытайдан да ірі донор әрі инвестор. Тончев Еуроодақ Қытайдың аймақтағы нарративтеріне жауап ретінде тиімдірек "стратегиялық коммуникация" ұстануы керек деп санайды. Еуроодақ пен Қытай арасында "нарративтер шайқасы" алдағы жылдары айқын біліне бастайды деп топшылайды автор.

ӘУЕЖАЙДЫ "БАСЫП АЛУ" ІСІ БОЙЫНША ҮКІМ НАРАЗЫЛЫҚ ТУДЫРДЫ

Eurasianet басылымы Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайын "басып алу" ісі бойынша 11 шілдеде бес адамға шыққан үкім сот залына жиналғандардың наразылығын тудырғанын жазды.

Алматыдағы сот 38 жастағы кәсіби аудармашы, журналист әрі белсенді Әйгерім Тілеужанды "әуежайда тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айыппен 4 жылға бас бостандығынан айырды. Мамандығы мұғалім әрі белсенді Қалас Нұрпейісов, Алматының үш тұрғыны – Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев және Жанайдар Кәрменов 8 жылға түрме жазасына кесілді. Сот оларды "тәртіпсіздік ұйымдастырды", "ғимаратқа шабуыл жасады", "тонау", "көлікті айдап әкетті" деп айыптады.

"Үкімнің қаталдығы Қазақстан билігі либерализация саясатын жүргізу жайлы уәдесін орындамайды деген қауіпті күшейте түсетін тәрізді" дейді мақала авторы Алмаз Куменов.

"Әуежайды басып алу ісі" бойынша айыпталған Әйгерім Тілеужан (сол жақта) мен адвокаты Айнара Айдарханова сот үкімін тыңдап тұр. Алматы, 11 шілде 2023 жыл.
"Әуежайды басып алу ісі" бойынша айыпталған Әйгерім Тілеужан (сол жақта) мен адвокаты Айнара Айдарханова сот үкімін тыңдап тұр. Алматы, 11 шілде 2023 жыл.

Әйгерім Тілеужан мен Нұрпейісов бұған дейін Eurasianet-ке берген сұхбатында әуежайға барғанын, бірақ тергеу таққан айыппен келіспейтінін айтқан. Әйгерім Тілеужан әуежайға елге Ресей әскері келеді деген ақпараттың анық-қанығын анықтап, қандай да бір арандатушылық болса, оның алдын алу үшін барғанын жеткізген. Әйгерім Тілеужан сотта да тергеу таққан айыпты жоққа шығарды.

"Алматы әуежайындағы оқиға дау тудыруы мүмкін, бірақ 11 шілдеде сотталған топ Тоқаев Қаңтар кезінде айтқан "20 мың бандит пен террористен" алшақ екені анық" дейді автор.

Тоқаев Алматы әуежайын 5 қаңтарда "террористік операцияға қатысқан шетелдік азаматтарды өткізу үшін бүлікшілер басып алды" деп мәлімдеген.

"Тергеу әуежайды басып алу Орталық Азияның бір қаласынан ұшып келген азаматтарды өткізу үшін ұйымдастырылғанын көрсетіп отыр. Олар − арнайы дайындалған лаңкестер. Олар гастарбайтер кейпінде келген. Бәрін шекара бақылау өткелінен өткізіп, қалаға кірген соң операцияға жетекшілік жасатқан" деген еді Тоқаев.

"Дайындықтан өткен бандиттерлі таба алмаған соң, прокурорлар назарын Әйгерім Тілеужан сияқтыларға аударғандай" дейді автор.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG