Accessibility links

"Совет әскері мен ауған халқының рухани жарақаты". "Мұсылман ротасында" болған тарихшы


Ауғанстаннан шығарылған совет әскерін Өзбек ССР-і аумағында қарсы алып тұрған жұрт. 15 ақпан, 1989 жыл
Ауғанстаннан шығарылған совет әскерін Өзбек ССР-і аумағында қарсы алып тұрған жұрт. 15 ақпан, 1989 жыл

Азаттық радиосы 10 жылға созылған совет-ауған соғысында адам құқығы тапталғанын жиі хабарлап отырған. Содан туындаған сұрақтарға ауған соғысына қатысқан тарихшы, доктор Болат Сайлан жауап береді.

Ауған соғысындағы советтік "мұсылман ротасы"
please wait

No media source currently available

0:00 0:36:33 0:00

2024 жылғы 15 ақпанда Ауғанстаннан совет әскері шығарылғанына биыл 35 жыл толды. Сәтсіз соғыстан шыққан Совет одағы арада көп өтпей ыдырап тынды. Ауған-совет соғысы 1979 жылы басталып, 1989 жылы аяқталды деп есептеледі. Ал соғыстың санаға салған жарасы әлі біткен жоқ.

ЭРМАКОРАНЫҢ АЛТЫ БАЯНДАМАСЫ

Азаттық радиосы 1987 жылғы 18-19 қараша күндері эфирден таратқан хабарда соғыс жағдайындағы Ауғанстанда адам құқығы өрескел бұзылып жатқаны баяндалады.

Бұл хабардың жазбасы Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханадағы Хасен Оралтайдың жеке қорында сақталған. Хабар авторы – Хасен Оралтайдың өзі. Сарғыш тартқан парақтарға көз жүгіртіп, хабарда не айтылғанын баяндайық.

Азаттық радиосында 1987 жылы Хасен Оралтай әзірлеген Ауғанстан соғысы туралы хабардың жазбасын автордың емлесімен назарларыңызға ұсынамыз.

"Ауғанстан қазаққа жат және Қазақстаннан қашықтағы бір ел емес. Қазақ және ауған қалқының тариқында зерттеліп жетпеген, талай біте қайнап, бірге өскен тұстар баршылық. Қазақ арасында "алты табан ауған деген ел біздің жақтан ауып кеткен екен" дейтін аңыз, жорамалдар да баршылық. Сонымен қатар Ауғанстанда қазақ та жоқ емес. Ауғанстан жетпісінші жылдардың соңғы шеніне дейін тәуелсіз және ешбір әскери блокқа қатысы жоқ бейтарап ел болып өмір сүріп келді. 1979 жылдың аяғында "Ауғанстанға көмек көрсетуге шақырылдық" деген желеумен советтік қосындар басып кірді. Ол сол елде қанды айқастардың басталуына жеткізді. Елінің ұлттық тәуелсіздігін жатжұрттық басқыншыларға таптатпауға тырысқан жергілікті ауған қалқы тапқан қару-жарағын қолына алып күрес бастады. Ауғанстан қалқының сол ұлт-азаттық күресі қазір де ұласуда. Оның салдары жергілікті ауған қалқына өте ауыр тигендігі анық. Бұл жөніндегі факті БҰҰ-ның адам құқығы комиссиясы жағынан міндеттендірілген аустриялық ғалым Эрмакора жағынан дәл алты рет анықталып, дәйекті қабарлама ретінде БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі комиссиясының, сондай-ақ БҰҰ-ның бас ассамблеясының алдына салынды" делінген осы хабарда.

"Эрмакора" деп автор бұл тұста БҰҰ-ның Ауғанстандағы адам құқығы туралы сол кездегі арнайы баяндамашысы Феликс Эрмакораны меңзеп отыр. Ол адам құқығын қорғау саласындағы жетекші маман болған.

ТОҒЫЗ ТАЛАП

Азаттық хабарының совет-ауған соғысы туралы жазбасын одан әрмен парақтайық.

Cовет әскері кірген Ауғанстандағы соғыс туралы Азаттық радиосы эфирінен 1987 жылғы 18-19 қарашада берілген хабардың жазбасы. Хасен Оралтайдың жеке қорынан.
Cовет әскері кірген Ауғанстандағы соғыс туралы Азаттық радиосы эфирінен 1987 жылғы 18-19 қарашада берілген хабардың жазбасы. Хасен Оралтайдың жеке қорынан.

"Мәселен, профессор Эрмакораның Ауғанстандағы ауыр жағдай жөніндегі соңғы, яғни алтыншы қабарламасы өткен қазан айының 23-і күні мәлімделді. БҰҰ-ның бас ассамблеясының жиналысындағы Ауғанстанға арналған сөйлесулердің де арқауы болды. Профессор Эрмакора өзінің биылғы соңғы қабарламасында да қазір Ауғанстанда 115 мың кісі шамасында советтік қосын бар екендігін, елдегі барлық соғыс-қақтығысқа соның негіз болып отырғандығын, Ауғанстан қалқының барлық адам құқықтарының тапталмай, іске асуы үшін Ауғанстандағы сол советтік әскерлердің шығарылып әкетілуі қажет екендігін баса ескерткен. Соған байланысты ол Ауғанстанның бес жарым миллионнан астам жұртшылығының өз елінен босып, көршілес Пәкістан және Иран сияқты мемлекеттері паналап отырғандығын да білдірген. Басына үлкен ауыртпалық түспесе, бір елдің қалқының туған жері мен елін тастап, қашпайтындығы да аян. Жасалған советтік басқыншылықпен байланысты Ауғанстанда пайда болған ауыр жағдай, әлем елдері назарынан тыс қалып отырған жоқ. Әне, сол үшін де, 1979 жылдан бергі жерде, яғни, Ауғанстанға советтік қосындар басып кіргеннен бері БҰҰ-ның бас ассамблеясы дәл тоғыз рет басым көпшілік дауыспен қаулы қабылдап, Ауғанстандағы советтік қосындардың шығып кетуін талап етті. Оның соңғысы, яғни, тоғызыншысы жуырда қабылданды. БҰҰ бас ассамблеясы жиналысына қатысқан елдердің 123-і Ауғанстандағы советтік қосындар әкетілсін деп дауыс берді. Ішінде Совет одағы да бар, 19 ел оған қарсы шықты. 11 мемлекеттің өкілі өз дауысын ұстап қалды".

Яғни, хабар авторы дауыс беруден қалыс қалғандарды айтып отыр.

"ШУРАВИ". АУҒАНСТАН ОРЫСТАНДЫРЫЛА МА?

Азаттық радиосының 1987 жылғы 18-19 қараша күнгі Ауғанстандағы соғыс туралы хабары былай жалғасқан.

"Ауғанстан жөніндегі бұл шындықтар, жалпы алғанда, бүкіл Совет одағы жұртшылығынан, сондай-ақ қазақ қалқынан жалтарылады. Советтік пропаганда шындықты мүлдем бұрмалап, теріс баяндайды. Міне, оның талай ақиқаттарының бірі Алматыда басылатын "Лениншіл жас" газетінің таяудағы бір санында жарияланды. Мәселен, газеттің Қостанай облысындағы Рудный қаласында тұратын тілшісі жағынан білдірілуіне көре, сол Рудный қаласында "Шурави" деген атпен жаңа бір клуб құрылған. Оған бұрын Ауғанстанға жіберілген қосындардың құрамында болған, қазір жай азаматтар ретінде өмір сүретін кісілер ынташы болған. Оның бастығы міндетін, Ауғанстанда соғысқа қатысып, жарақаттанған, соның салдарынан мүгедек болған Жәнібек Құдабаев деген қазақ атқаруда. "Лениншіл жас" газеті аталған "Шурави" деген клубты Ауғанстан демократиялық республикасында азаматтық парызын өтеген интернационалист-жауынгерлер ұйымдастырған әскери-патриоттық клуб" деп түсіндірген. Ал Ауғанстанда өтелгендігі айтылған, "азаматтық парыздың" БҰҰ-ның адам құқығы комиссиясының тапсыруы бойынша әзірленген, әлгінде де ескертілген, Ауғанстандағы ауыр жағдай екені, сол үшін де БҰҰ-ның бас ассамблеясы дәл тоғыз рет, Ауғанстандағы советтік қосындар әкетілсін деген шешімді басым көпшілік дауыспен қабылдағаны, қайталауды қажет етпейтін факті. Біз бұл жерде тек бір ғана жайтты ескертіп өтпекпіз.

Совет армиясы жауынгерлері Ауғанстанға аттанар алдында. Қорғантөбе, Тәжікстан, 1985 жыл. Болат Сайланның жеке архивіндегі сурет.
Совет армиясы жауынгерлері Ауғанстанға аттанар алдында. Қорғантөбе, Тәжікстан, 1985 жыл. Болат Сайланның жеке архивіндегі сурет.

"Шурави" деген сөз – парсыша. Ол кезінде Қазақстанда қолданылған "Кеңестер одағы" дегеннің баламасы. Қазақтар алғаш "Кеңестер одағы" деп атап, кеңшілік болар деп дәмеленген әкімшіліктің кейін еріксіз түрде орысшасы қосылып, "Совет одағы" дедіртілгендігі оның баяғы Ресей отаршылдығынан асып түспесе, кем қалмағандығын қазір өмір дәлелдеп отырған факті. Міне, бұл жайт сонау патшалық Ресей дәуірінен ұласып келе жатқан Мәскеудің Ауғанстанды басып ала отырып, Үнді мұқитына жетуді жобалаған отаршылық саясатын еске түсіреді. Егер осы бойы Ауғанстан советтік отаршылықтың ықпалында қала беретін болса, "Кеңес одағын" "Совет одағына" айналдыруға мәжбүр болып, орыстастыруға тап болған Қазақстан іспетті Ауғанстан да "Шуравиді" тастап, "Совет одағы" дейтін күнге тап болатын шығар деген де ойға оралады. Белгілі болғанындай, кезінде Қазақстанда, сондай-ақ бүкіл Түркістанда Алаш қосындары және басмашылар делініп аталатын жергілікті қалықтың ұлттық қарулы күштері де советтік басқыншы қосындарға қарсы күрескен-ді. Бірақ олар сол кездегі түрлі жағдайға байланысты көздеген мақсатына жете алмаған-ды" деп аяқталады Азаттық радиосының 1987 жылғы Ауғанстан соғысы туралы хабары.

Кабулдан шамамен 10 шақырым жерде тұрған совет әскерінің қасынан өтіп бара жатқан әйел. Ауғанстан, 9 қаңтар, 1980 жыл.
Кабулдан шамамен 10 шақырым жерде тұрған совет әскерінің қасынан өтіп бара жатқан әйел. Ауғанстан, 9 қаңтар, 1980 жыл.

СОҒЫС ШЫҒЫНЫ ЖӘНЕ СИНДРОМ САЛДАРЫ

Азаттық радиосында 1987 жылы Ауғанстандағы соғыс туралы Хасен Оралтай әзірлеген хабарда айтылған жайларға орай сол соғысқа совет әскері құрамында қатысқан, бүгінде тарихшы, доктор, профессор Болат Сайланды сөзге тарттық. Соғыс көрген тарихшы оған қатысқандар мен СССР-дың шығыны туралы айтып берді.

Совет армиясы жауынгері Болат Сайлан. Ауғанстандағы Құндыз уәлаяты. 1985 жыл. Болат Сайланның жеке архивіндегі сурет.
Совет армиясы жауынгері Болат Сайлан. Ауғанстандағы Құндыз уәлаяты. 1985 жыл. Болат Сайланның жеке архивіндегі сурет.

– Ауған соғысына тұтас Кеңес одағынан 620 мың адам қатысты. Соның 520 мыңы – офицерлер мен солдаттар, 90 мыңы – мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) адамдары, 5 мың милиция, 21 мың адам кәсіби жұмысшы ретінде барды. Соғысқа қатысқан 200 мың 153 адам мемлекеттік наградамен марапатталды. Оның 1 мың 300-і – әйелдер. Шығынға келсек, Кеңес одағы Ауғанстанда 15 мың адамынан айырылды. Қазақстаннан 22 мың адам аталмыш соғысқа қатысып, мыңға жуығы сонда қаза тапты, 20 адам із-түзсіз жоғалды. Соғыс аяқталғанына 35 жыл болды. Осы 35 жыл ішінде "Ауған синдромының" кесірінен тағы 6 - 6,5 мың қаруласымыздан айырылып қалдық. Қазір соғысқа қатысқандардан Қазақстанда 15 мың шамасында адам бар. Сондықтан да бұл соғыс аяқталған соң да Кеңес одағынан барған бүкіл әскердің, ауған халқының рухани өміріне үлкен жарақат әкелді. Ал техникалық шығынды айтатын болсақ, Кеңес одағы 100 ұшағынан, 313 тікұшағынан, 147 танкісінен, 1317 беренді техникасынан айырылды, – деді Болат Сайлан.

"КӨЗҚАРАС ӨЗГЕРДІ, ӨЙТКЕНІ ӘЛЕМ ӨЗГЕРДІ"

Ауғанстан соғысы туралы бірнеше кітаптың авторы, тарихшы, ауған соғысына қатысқан доктор Болат Сайлан Азаттыққа берген сұхбатында өзі көрген соғыс хикметтері мен өзіндік топшылауларын ортаға салды. Онымен келісу-келіспеу – әркімнің өз еркінде.

Болат Сайлан Ауғанстаннан совет әскері шығарылған 35 жылдың ішінде бұл соғыс туралы ойы өзгергенін айтады.

– Көзқарасым өзгерді, өйткені әлем өзгерді. Қазірдің өзінде Ауғанстан халқымен Қазақстан қандай қарым-қатынас орнатып жатқанын көріп отырмыз. Кезінде жұрт бұл елге қарумен барса, біз қаламмен, тауармен баратын деңгейге жеттік. Ал бір кезде солақай саясаттың салдарынан соғыс тұтанды. Өйткені 1978 жылғы Сәуір төңкерісі кезінде Мұхаммед Даудтың орнына Нұрмұхаммед Тараки билікке келді. Сол кезден бастап ауған жері көкпар даласына айналды. 10 жылға созылған соғысқа Кеңес Одағы да қатысты. Сол құрамда біз де соғысқа қатыстық. Ал қақтығыс Нұрмұхаммед Таракидің социалистік мемлекет құрамыз деген белсенділігінен басталды. Оны Кеңес одағы қолдады. Тараки бастаған басшылардың сұрауымен Кеңес одағы 1979 жылы, 25 желтоқсанда әскер кіргізді, – дейді Болат Сайлан Азаттыққа.

Ол Ауғанстандағы соғысқа совет әскері қатарында өзі де қатысқан.

– Өзім осы соғыста 1985-1987 жылдары болдым. Әуелі бізді Ауған соғысына дайындайтын арнайы жас жауынгерлер бөліміне жіберді. 30 адамнан тұратын 4 взвод, 1 мұсылман ротасын Тәжікстан астанасы Душанбенің жанындағы Қорғантөбе қаласындағы әскери гарнизонда дайындады. Ауған соғысында негізінен 40-армия соғысты. Бұл армияның құрамында 201-дивизия болды. Сол дивизияның "мұсылман ротасы" құрамында соғысқа қатыстым. Бұл ротада негізінен Орталық Азия ұлттарының өкілдері болды. 40-армияның қолбасшысы Борис Громов "Шектеулі континент" деген кітабында былай жазады: "Мен штаб басқарып жүргенде, яғни 80-жылдардың басында, дивизияның жартысынан астамы мұсылман жігіттер болды. Өйткені олар таулы-тасты жерге бейімді келеді". Сол айтқандай, Ауғанстанның климатына да бейімді келеді деп соғысқа мұсылман жігіттерін көп алған сияқты, – дейді Болат Сайлан.

АУҒАНСТАНДАҒЫ "60 МЫҢ ҚАЗАҚ" ЖӘНЕ "ҚАТЕ ҰҒЫМ"

"Біз мұжахедтермен, Ауғанстан мен Пәкістан шекарасындағы лагерьлерде дайындалған лаңкестер мен бүлікшілерге қарсы соғыстық десек болады. Ауғанстан жерінде жүргенімізде бізді жағалап келген мұсылмандарға барынша көмек көрсететінбіз" деген тарихшы солардың арасында жергілікті қазақтардың да болғанын айтады.

– Мен Ергеш деген қой бағып жүрген қазақты көрдім. Әскери жарғы, әскери тәртіпке қарамай онымен әңгімелесіп, көмектесуге тырыстық. Өзімнің "Ауған соғысының ақиқаты" деген кітабымда 1960-70 жылдары Ауғанстанда 60 мың қазақ тұрғанын жазғанмын. Бірақ олар Сәуір төңкерісінен кейін жан-жаққа бас сауғалап кетті де, азайып қалды. Сол кездің өзінде олардың қауымдастықтары болатын. Мен бұл деректі Президент архивінен ұшыраттым, – дейді ауған соғысына қатысқан тарихшы.

"Бөтен үйге рұқсатсыз кіріп кеттім деп ойламадыңыздар ма? Соғыста екіұдай сезімде қалған кезіңіз болмады ма?" деген сауалға Болат Сайлан мынандай уәж айтты.

– Ондай жай болды деп айта алмаймын. Өйткені ешбір кеңес солдаты, мұсылман солдаты бейбіт тұрғынды өлтірген жоқ. Біз үшін Отан алдында әскери борышты өтеу бірінші міндет болды. Біздің ешбір солдат тәртіпсіздік көрсетіп, бейбіт халықтың мазасын алмады. Кейінгі кезде мынандай көзқарастар туындап жатыр екен. Мұсылмандар барып, мұсылмандарды өлтірді дейді екен. Мұны мен қате ұғым деп санаймын. Себебі біздің әскер тек қана арнайы лагерьлерде дайындалған, есірткіге дағдыланған бүлікшіл топтармен ғана күресті, – дейді Ауғанстандағы соғысқа совет әскері қатарында қатысқан Болат Сайлан.

ӨТЕМІ ЖОҚ АРТЫҚ ҚЫЗМЕТ

Болат Сайлан совет мемлекетінің Ауғанстандағы сарбаздарды кесімді уақытта қайтармай, ұзақ ұстағанын және өздеріндей адамдардың жалғыз-жарым емес екенін де айтты.

Совет әскері қатарында Ауғанстандағы соғысқа қатысқан Болат Сайланның "Біз болған соғыс" кітабының мұқабасы.
Совет әскері қатарында Ауғанстандағы соғысқа қатысқан Болат Сайланның "Біз болған соғыс" кітабының мұқабасы.

– Қазір Кеңес одағы бар болса, мен сол үшін де өтемақы сұрауыма болар еді. Себебі мен екі жылдық әскери қызмет етсем де, келгенімше тағы да бірнеше ай сонда қалып қойдым. Екі жыл төрт ай дегенде келдім. "Бұл қалай?" деген болмады. Өйткені сол кезде одақтың Қылмыстық кодексінде 58-бап деген болды. Ол "Отанын сатқандарды" өлім жазасына кесетін бап еді. Тұтқынға түскендер осы баптан қауіптеніп, елге қайтудан бас тартып жатты. Соғыста әуелде 333 адам хабар-ошарсыз кетті деп есептелген. Кейін олардың саны 264 болды. Соның 20-сы – қазақстандықтар. Тұтқынға түскендердің 30-ы тірі табылды. Оның 22-сі елге оралып, қалғаны келуден бас тартты. Соғыс кезінде қолға түскен жауынгерлерге мұжахедтер "ислам дінін қабылдасаң, тиіспейміз" деген талап қойған. Дін қабылдаған соң сол сарбаздарды өз қатарына қосып, үйлендірген. Солар сол күйі Ауғанстанда қалып қойды, – дейді Болат Сайлан Азаттыққа.

МАРАПАТТАУДАҒЫ АЛАЛАУ ЖӘНЕ ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫ

Тарихшы Болат Сайлан ауған соғысына қатысқандарды марапаттауда да алалау болғанын жасырмайды. Бұл – Қазақстаннан барғандарға қатысты қатты байқалған құбылыс. Оның үстіне оның әскери борышын өтеу мерзімі 1987 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейінгі кезеңге дөп келген.

– Бұл – баяғыдан келе жатқан үрдіс. Кеңес одағы Ұлы Отан соғысы кезінде Мәскеуді қорғаған Бауыржан Момышұлына "Алтын жұлдызын" қимады ғой. Берлинге ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев та уақтылы марапатталмады. Мен ылғи айтып жүремін, қазақ жігіттері ұрыста алдыда жүргенімен, марапатқа келгенде артта қалатыны жасырын емес. Желтоқсан оқиғасы тұсында менің де әскерден қайтатын уақытым келіп қалған. Соның салдарынан болса керек, мен де марапатқа ілінбей қалдым. 1986 жылғы оқиғадан кейін ауған соғысына қатысқан қазақстандықтарды марапаттау тіптен азайып кетті десек болады. Соғыстан өңірі бос қайтқандар көп болды, – дейді ауған соғысын көрген тарихшы.

"ХАЛЫҚ СОҒЫСҚА ҚАРСЫ БОЛДЫ"

Болат Сайлан ауған соғысында қарсы тарап совет сарбаздарын қолға түсірген сайын мынандай қатердің болғанын айтады.

– 1987 жылғы 1 мамырда біздің саптағы түркіменстандық сарбаз Дәулет Гүлгелдиев тұтқынға түсті. Осыдан кейін біздің взводқа қауіп төнді. Себебі ол взводтың орналасқан жері, паролі, құрамы туралы барлық құпия ақпаратты білетін еді. Сонда ұшаққа мініп, әуеге көтеріліп елге қайтқанға дейін үш ай бойы жарытып ұйқы көрмедім. "Жау қай жақтан келіп қалады" деп күнде қауіптенумен болдық, – дейді Болат Сайлан Азаттыққа.

Ауғанстандағы соғысқа совет әскері қатарында қатысқан қазақстандықтардың бір тобы. Ортада тұрған – Болат Сайлан.
Ауғанстандағы соғысқа совет әскері қатарында қатысқан қазақстандықтардың бір тобы. Ортада тұрған – Болат Сайлан.

Ауған соғысының ардагерлері жыл сайын Ауғанстаннан совет әскері шығарылған 15 ақпан қарсаңында мектептерге кездесуге шақырылады. Жергілікті билік те оларды шақырып, марапаттап, құрмет шараларын өткізеді. Азаттық тілшісі кездесулерде көбіне қандай сұрақтар қойылатынын сұрағанда Болат Сайлан мынандай жайды айтты.

– Жас ұрпақ ауған соғысының себебін білмейді. Сосын олар бізді мұсылмандармен күресті деп айыптайды. Жас толқынның бұл туралы көп білмеуі осы соғыс тарихымызда көп айтыла бермейді. Тарих оқулықтарына енді ғана енгізіліп жатыр. Біз үшін бұл соғыстың өтемі болу керек еді. Қазір қарасақ, соғыстың арты іздеусіз қалғандай болды. Ауғанстанға әскер жіберуді бастаған Брежневтің бұл соғысты аяқтауға ғұмыры жетпеді. Кейін Горбачев билікке келгенде соғыстың үлкен шығын әкеліп жатқанын түсінгендей болды. Кеңес одағына қараған халық та осы соғысқа қарсы болды. Наразылық хаттары көптеп жазылып жатты, – дейді ауған соғысына қатысқан тарихшы Болат Сайлан.

Өткен ғасырда әлемде Мәскеу ұйымдастырған майданның бірі Ауғанстан соғысы болды. Совет-ауған соғысы аяқталып, Совет одағы ыдырап кетсе де, Ауғанстан халқы сол соғыстың салдары мен зардабын әлі тартып келеді. Ол кезде Совет одағы құрамында болған Қазақстаннан да көп адам Мәскеу Ауғанстанда бастаған соғысқа қатысып, құрбан болды. Ал совет билігі орнағанда туған жерін тастап, шетке бас сауғалауға мәжбүр болған қазақ диаспорасы басқа елдердегі соғысқа қатысқаны белгілі. Мәселен, Ирандағы қазақтар Иран мен Ирак арасында болған соғысқа қатысқан.

Азаттық радиосына 70 жыл подкасының бұл эпизодында совет-ауған соғысы туралы айтылды. 1979 жылдан 1989 жылға дейін созылған соғыстың салдары мен зардаптары жайлы Азаттық радиосының 1987 жылғы хабарына шолу жасалды. Содан туындаған сұрақтар бойынша ауған соғысына қатысқан тарихшы, доктор Болат Сайланмен сұхбаттастық.

Ауғанстанға әскер енгізген Совет одағы бүгінде жоқ, ыдырап біткен. Алайда ауған елі әлі де оңалмады. Ал соғысқа қатысқан совет сарбазы, қазақ солдатының жан жарасы әлі жазылар емес. Бұл туралы осы мақалада қысқаша мазмұндалған мәселені "Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының бүгінгі эпизодынан толығырақ тыңдай аласыз.

Аудиоподкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға болады.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG